Жаңалықтар

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров «AMANAT» партиясының ғимаратында азаматтарды қабылдау өткізді.

Өңір басшысына өз мәселелерін айтып, 15 адам жүгінді. Олар білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыспен қамту және басқа да салаларға қатысты мәселелерді қаузады.

Көпбалалы әке М.Ирзин жұмысқа орналастырып беруді және тұрғын үй алуға көмектесуді сұрады, ақтөбелік Р. Рысмағамбетова тұрғын үйді жекешелендіру мәселесімен жүгінді. 2016 жылы азаматша мемлекеттік қордан бір бөлмелі пәтер алған, енді оны жекешелендіруге қызығушылық танытып отыр. Темір ауданының зейнеткері О.Далмағамбетов әкімге Жамбыл ауылындағы жолдың қанағаттанарлықсыз жай-күйі туралы айтып, оны жөндеп беруді өтінді.

Әкім өтініш білдіргендерді мұқият тыңдады, әр мәселе бойынша нақты жауап берілді. Азаматтардың кез келген өтініші қолданыстағы заңнама аясында шешілетін болады. Ақтөбеліктердің шағымдары мен ұсыныстарын сондай-ақ, басқарма басшылары мен аудан әкімдері тыңдады.

Облыс әкімі былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 174 тұрғынды азаматтарды қабылдау барысында қабылдаған.

Естеріңізге сала кетейік, жеке мәселелер бойынша өңір басшысының қабылдауына жазылу алдын ала, тұрақты негізде жүзеге асырылады. Тұрғындар egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш қалдыру арқылы жазыла алады.

Н.ДАБЫЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button