Әдебиет әлемі: биылғы мерейтойлар
Тіл ұлттың жаны болса, әдебиет — тілдің нәрі. Әдебиет — ұлттық рухтың мәңгілік жаршысы. Ақтөбе топырағынан қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған тұлғалар көп шыққан. Олардың арасынан биыл мерейтойлары атап өтілетін ақындар мен жазушыларға арнайы тоқталдық.
Ақтан КЕРЕЙҰЛЫ
(1850-1912 жж.)
Заманында өзінің өлең-жырларымен, терме-толғауларымен Маңғыстаудан сонау Орынборға дейінгі аралықта кең танылған, Нұрым, Қашаған, Нұрпейістермен бірге ел аралай жүріп, өнер көрсеткен Ақтан Керейұлының туғанына биыл 175 жыл толады.
«Қалағандарың сөз болса,
Мен жырлауға құмармын.
Шұбалаң құйрық шұбармын.
Шапқан аттай саулаймын,
Жанған оттай қаулаймын.
Не қылғамен, дер күнім,
Бұлдыраған таудаймын.
Екі атысқан жау болса,
Арасында панамын.
Мен — ақбауыр кер жорға,
Әдемі басқан аяғын.
Қарасаң көзің жеткісіз,
Жылмиып жатқан даламын.
Жортар атқа жеткісіз,
Ұзын бауыр саламын.
Жоғарыдан аққан Жайықпын,
Теңізге құйған аяғын…» — дейтін Ақтан Керейұлы әдебиет тарихынан әрі ақын, әрі жырау ретінде орын алды.
Ол 1850 жылы қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданының топырағында, Сағыз бойында дүниеге келіп, 1912 жылы осы ауданның аумағындағы Шибұлақ деген жерде көз жұмған.
Соңында қалған мұрасы кеңестік заманда «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Ақберен», «Өсиетнама», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарына енсе, ал тәуелсіздік кезеңінде «Жайық деген жанды су», «Қалағандарың сөз болса» сынды жинақтары жарыққа шықты, сондай-ақ туындылары «Жыр-дария», «Абыл, Нұрым, Ақтаным», т.б. кітаптарға да енді.
Ақтан ақын өз шығармаларына ұлтымыз ең ұлы құндылыққа балаған адамгершілік қасиет пен адалдықты арқау етті. Оның жырлары ауызша тараған. Сонымен бірге ол — Батыс өңірде жыршылық, жыраулық өнерді кеңінен таратқан тұлғалардың бірі. «Қырымның қырық батыры», т.б. батырлық дастандарды жырлаған. Ел ішіндегі жиын-тойларда айтыстарға қатысқан, ескіше хат таныған.
Қазір Ақтөбе қаласында Ақтан ақынның ескерткіші тұр. Оның Байғанин ауданы аумағындағы Абдолла хазірет қорымына жерленгені де анықталған.
Қызыл ТҰРДАЛЫҰЛЫ
(1860-1921 жж.)
Алаштан ән оздырған әнші, ақын Қызыл Тұрдалыұлы бұдан 165 жыл бұрын қазіргі Темір ауданының Бабатай өңірінде дүниеге келген.
«Ауылым Бабатайда, атым Қызыл,
Ән толқып,
Жыр, көмейден сеңдей бұзыл.
Кербез-ау, камзол ки де, шайыңды құй,
Әнге бас, домбыра ал да, салқам Қызыл.
Ән салған бала жастан Қызыл едім,
Ән десе, той-думанның қызығы едім.
Кешегі жастық дәурен маусымында
Айдында қаздай қалқып жүзіп едім.
Жасым бар жер ортада, жылым — тауық,
Қызылдың жүрген жері — күнде сауық.
Бұл Қызыл «Сары ирекке» салған кезде,
Көпшілік аттандырған шапан жауып» — деп ән салып өткен Қызыл Тұрдалыұлы, негізінен, Батыс өңірдегі жәрмеңкелерде өнер көрсетіп, жұртқа танылыпты. Атақты Мұхит Мералыұлымен Көкжар жәрмеңкесінде танысқан.
Қызылдың әкесі Тұрдалы қара шаруа, момын адам болған, анасы Тоқанай аздап ән шығарған өнерлі жан екен. Қызылдың өзі бала күнінен-ақ әнші ретінде танылып, сондай-ақ ақын әрі жыршы да болған.
Қызыл ақынның «Сары ирек», «Сәулем», «Қыз еркесі», «Жаңғақ», «Қамшыгердің әні», «Ой, көк», «Мешін-тауық», т.б. әндері ел арасында кең тараған.
Қызыл Тұрдалыұлы 1921 жылдың сәуір айында қайтыс болды. Зерттеушілердің айтуынша, ол аштық жылы қасіретті жағдайда өмірден өткен.
Нұрпейіс БАЙҒАНИН
(1860-1945 жж.)
Көне ақындар мектебінің тағы бір өкілі, атақты жыршы, жырау Нұрпейіс Байғанин де 1860 жылы өмірге келген. Биыл оның туғанына — 165 жыл, ал өмірден өткеніне 80 жыл толады.
Нұрпейіс Байғанин Орал губерниясының Темір уезінде, қазіргі Темір ауданының аумағында дүниеге келген. Зерттеушілердің мәліметі бойынша, Нұрпейістің әкесі Байғана да кедей, мал баққан шаруа адамы болған. Ақындық өнер оған анасы Үміттен дарыпты. Үміт ақындығымен қатар, домбырашы, әнші де болған екен. Әкесі мал бағып, далада жүргенде, үнемі ана тәрбиесінде болған Нұрпейіс жастайынан-ақ «бала жыршы» атаныпты.
Оның ұстаздары — жоғарыда аталған Ақтан, сондай-ақ Шернияз, Нұрым, т.б. Жыршы ретіндегі репертуарында «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Құбығұл», «Төрехан», басқа да батырлық жырлар болған. Ал «Ақкенже», «Нарқыз» сынды жырлар — төл туындылары.
1938 жылы Байғанинге әдеби хатшы бекітілген. Әр жылдары Ахмет Ескендіров, Қуандық Шаңғытбаевтар ақынның әдеби хатшысы қызметін атқарып, шығармаларын дер кезінде қағазға түсіріп отырды. Ал оның жырын алғаш рет баспасөзге (облыстық «Социалды жол», қазіргі «Ақтөбе» газеті) жариялатқан — ақын Диқан Әбішев еді. 1940 жылы Нұрпейіс Байғанин «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Осы жылы «Ақын шабыты» атты кітабы да жарыққа шыққан. Бұл кітапқа оның таңдамалы шығармалары енген.
Нұрпейіс Байғаниннің «Ер туралы жыр», «Жиырма бес» сынды поэмалары 1941-1945 жылдардағы соғыс қаһармандары — Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған Нарсұтбай Есболатов пен Төлеген Тоқтаровқа арналған. Соғыс жылдарында ел ішін аралап, майдандағы жауынгерлерге көмек ұйымдастыруға өзінің үлесін қосқан. Нұрпейіс Байғанин өзі аңсай күткен Жеңіс күніне бір ай қалғанда, 1945 жылдың 9 сәуірінде көз жұмды.
Баласы Момынның айтуы бойынша, Нұрпейіс Байғанин ақын, жырау ғана емес, ел ішінде күй өнерін таратқан ғажап домбырашы да болған. Оның ең сүйіп орындайтыны — «Қарасай-Қази» күйі болыпты.
Жиенғали ТІЛЕПБЕРГЕНОВ
(1895-1933 жж.)
ХХ ғасырдың басында қазақ баспасөзінің, соның ішінде аймақтық баспасөздің қалыптасуына зор үлес қосқан қаламгер, талантты публицист, жазушы, қазақтың тұңғыш драматургтерінің бірі Жиенғали Тілепбергеновтің туғанына биыл 130 жыл толады. Ол 1895 жылы 2 қарашада қазіргі Мұғалжар ауданы Жем қалашығының түбінде (сол заманда 47-ауыл) дүниеге келген.
Ауыл мектебін бітіргеннен кейін Орынбордағы «Құсайния» медресесінде, одан соң Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып, білім алған. 1915-1918 жылдары Уфада оқыған қазақ жастары шығарып тұрған «Садақ» қолжазба журналының белсенді авторы, кейіннен редакторы болған. Айта кетейік, «Садақтың» Жиенғалиға дейінгі редакторы Бейімбет Майлин еді.
1918-1920 жылдарда елде мұғалім болып еңбек етті. Одан соң Темір аудандық оқу бөлімінде жұмыс істеді. 1925 жылдан бастап баспасөз саласына ауысты. Алдымен Ақтөбе губерниялық «Кедей» газеті (қазіргі «Ақтөбе») редакторының орынбасары, сосын Қызылжарда шыққан «Бостандық туы» газетінің редакторы қызметтерін атқарды. Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінде де басшылық қызметте болды. 1931 жылы Қазақ мемлекеттік баспасының редакторы болып Алматыға жұмысқа ауысты. Алайда жас кезінен жабысқан дертінің асқынуына байланысты 1932 жылы туған өңіріне оралып, Темір аудандық «Социалды майдан» газетінің редакторы болып орналасты. Бұл оның соңғы қызметі еді. Жиенғали аштық пен дерт меңдеп, 38 жасында өмірден өтті.
«Айқап», «Қазақ», «Еңбекші қазақ» басылымдары, одан соң өзі еңбек еткен аймақтық газеттердегі мұрасынан бөлек, ауыл өмірін суреттеген «Таңбалылар» повесі 1930 жылы жарыққа шыққан. Көзі тірісінде «Перизат-Рамазан», «Тілші» пьесалары сахналанған.
1969 жылы «Ізбасар» атты кітабы жарыққа шықты.
1995 жылы Ақтөбе жұртшылығы Жиенғали Тәлепбергеновтің 100 жылдық мерейтойын атап өтті. 1995-2011 жылдар аралығында бірнеше кітабы жарыққа шыққан.
Темір қаласының түбіндегі көне қорымда жерленген.
Қуандық ШАҢҒЫТБАЕВ
(1925-2001 жж.)
Биыл көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаевтың туғанына — 100 жыл. Ол 1925 жылы 21 наурызда Қарабұтақта дүниеге келді. Атасы бай, қажы адам болған, ауқатты әулеттен шыққан. Әкесі Төлеген 1937 жылы ұсталып, 10 жылға сотталған. 1941 жылы Рыбинск түбіндегі ГУЛАГ лагерінде қайтыс болған. Оның өлімін Қуандық екі жылдан кейін ғана білген…
Әкесі ұсталып, мектеп қабырғасында-ақ «тап жауының» ұрпағы ретінде қудалау көрсе де, зерек, үздік оқыған Қуандық 15 жасында Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Ол 1-курста оқып жүріп, ұстазы Мәулен Балақаевпен бірге 3-4 кластарға арналған қазақ тілі оқулығын жазды. Университетте оқи жүріп, Қазақтың мемлекеттік біріккен баспасына жұмысқа орналасқан. Ал тапқан табысын жасырын жолмен әкесіне жіберіп тұруға тырысады.
1941-1942 жылдары жас ақын Бейсенбай Кенжебаевпен бірге «Абай» романының бірінші кітабына редакторлық еткен. Роман 1942 жылы жарыққа шығып, оның соңы үлкен дауға ұласқан. Бейсенбай Кенжебаев баспаның бас редакторы қызметінен алынған, ал Қуандық Шаңғытбаев Ақтөбеге қуылған. Мұнда ол Нұрпейіс Байғаниннің әдеби хатшысы, педагогикалық институттың кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Шаңғытбаев Алматыға 1945 жылы оралды.
Оның тұңғыш жинағы 1943 жылы баспаға әзірленген болатын, алайда Ер Едіге туралы поэмасына байланысты кітап басуға жіберілмеген. «Ар» атты тұңғыш жинағы 1945 жылы жарыққа шықты. Алайда бұл кітап та партия тарапынан сынға ұшырады. Кітапта Сталин туралы ештеңе айтылмағаны, ақын жырларының «ұлтшылдық сарыны», «Отан ұғымын даламен ғана шектейтіні» сыналып, бүкіл таралымы жойылды. Бұдан соң Қуандық ақын қайтадан Ақтөбеге келіп, 1945-1955 жылдар аралығында облыстық газеттерде («Социалистік жол», соңынан «Актюбинская правда» газетінде) еңбек етті. Алматыға Сталин өлгеннен кейін ғана оралып, «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болып қызмет атқарды. Кейіннен «Қазақфильм» киностудиясында, Қазақ радиосында еңбек етті.
«Ар», «Аққу әні», «Армысың, республикам!», «Жыл құсы», «Сарша тамыз», «Махаббат пен ғадауат», т.б. кітаптары жарыққа шыққан. Омар Хайям, Пушкин, Гете, Гейне, т.б. Батыс, Шығыс ақындарын аударған, сондай-ақ драматургиялық шығармалары да бар.
2001 жылы 19 ақпанда өмірден өтті.
Үмбетбай УАЙДИН
(1935-2018 жж.)
Жазушы, қазақ сатирасының саңлағы, публицист Үмбетбай Уайдин бұдан 90 жыл бұрын Ырғыз ауданының Темірастау (қазіргі Жаныс би) ауылында дүниеге келген.
Мектепте жүрген кезінен бастап аудандық «Колхозшы» газетіне және оқушылардың республикалық «Қазақстан пионері» газетіне өлең, мақалалар жазып тұрған. 1954-1958 жылдар аралығында Донбастағы Хрустальный (Красный Луч) қаласында шахтада құрылысшы болып еңбек етті. Елге келген соң алдымен Шалқар аудандық баспаханасына әріп теруші болып жұмысқа тұрады.
1965 жылы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. Әр жылдары Қазақ радиосы, «Ара» журналы, «Өнер» баспасы, Қазақстан кітапқұмарлар қоғамы мен Жазушылар одағында еңбек етті. Сондай-ақ Алматыдағы республикалық дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатта және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарды.
Сейіт Қожахметовтің «Үмбетбай Уайдин — сатираның майын қанып ішкен адам. Қазақ сатирасының негізін қалаушылардың бірі. Ол тілі уытты көптеген шығармаларды дүниеге әкелді» деп атап көрсеткеніндей, өндіре жазған жазушы соңына қазақ сатирасының алтын қорына айналған туындылар қалдырды. Ол — «Қара көзілдірік», «Құрдым сиыр», «Ендігісін айтпаймын», «Ішің білсін», «Контейнермен келген кемпір», «Нанайын ба, нанбайын ба?», «Быды-быды», «Мәселе қайда жатыр?», «Пәлен-пәштуан» және басқа, жалпы саны 30-дан астам кітаптың авторы. Шығармалары қырғыз, қарақалпақ, тыва, орыс, украин тілдеріне аударылған.
Публицистік еңбектерінде адамгершілік, әдеп, тәрбие мәселелерін кеңінен қозғады.
Үмбетбай Уайдин 2018 жылы өмірден өтті.
Табыл ҚҰЛИЯС
(1935-2022 жж.)
Биыл Ақтөбе топырағынан шыққан тағы бір сатирик жазушы Табыл Құлиястың да 90 жылдық мерейтойы атап өтіледі.
Табыл Құлияс 1935 жылы 15 желтоқсанда Ойыл ауданының Жетікөл ауылында дүниеге келген. Бала күнінен-ақ республикалық «Қазақстан пионері», «Пионер», «Лениншіл жас» басылымдарында мақала, өлеңдері жарық көрді. Ойыл аудандық газетінде, облыстық «Көкшетау правдасы», «Еңбек туы» газеттерінде қызмет етті. 1970 жылдан бастап алдымен республикалық телерадионың Торғай, Ақмола облыстарындағы меншікті тілшісі, кейіннен қазақ телевидениесінің насихат редакциясында редактор қызметін атқарды.
«Кесілген бұрым» атты алғашқы сатиралық кітабы 1977 жылы жарық көрген. Сондай-ақ ол — «Сауда сақал сипағанша», «Жалмауыз», «Құйын», екі томдық «Ақмылтық», «Жегі», «Жыланның тілі», т.б. сатиралық кітаптардың, «Шемен шер», «Дүние-дәурен», «Ізет» очерктер жинақтарының авторы.
Табыл Құлияс — туған жер тарихына, Ақтөбе өңірінің тұлғаларына қатысты үлкен ізденістер жүргізген қаламгер. Жиенғали Тілепбергенов туралы «Аңыздың ізімен» атты роман жазды. Белгілі жырау әрі ержүрек батыр Жиембет Бартоғашұлы жайлы «Жиембет батыр» атты роман-эссесі 2013 жылы жарыққа шықты.
Сондай-ақ жазушы еліміздің және Ресейдің архивтерінен өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы аштық, сталиндік репрессияға қатысты материалдар жинақтап, көптеген еңбектер жазды.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Табыл Құлияс 2022 жылы, 87 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ
(1940-2011 жж.)
Белгілі ақын, журналист Есенбай Дүйсенбайұлы көзі тірі болғанда 85 жасқа толар еді. Ол 1940 жылы 15 мамырда Байғанин ауданының Қалдайбек ауылында дүниеге келген.
1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Алдымен Жарқамыста мұғалім болып еңбек етіп, кейіннен Темір, Байғанин аудандық газеттері мен облыстық «Коммунизм жолы» газетінде қызмет атқарды.
1978 жылдан бастап еңбек жолын сол кездегі республика астанасы Алматыда жалғастырды. Ол «Жазушы», «Жалын», «Ана тілі», «Өлке», «Білім», «Раритет» баспаларында аға редактор, бас редактор болып еңбек етті. «Саясат» журналында редактор, директор-редактор қызметін атқарған.
Туған жерін тынбай жырлаумен өткен ақынның ең алғашқы кітабының аты да — «Бозала таң мен бозторғай» (1971) — далаға тән ұғымдардан құралды. Бұдан кейін ол өз оқырманын «Ақ пейіл», «Ұлан-ғайыр», «Ашық аспан», «Ақ желкенді ағыстар», «Таң торғайы», «Біздің толқын», «Үшбұлақ», «Пешене», т.б. кітаптарымен қуантты. Есенбай Дүйсенбайұлының балаларға арналған кітаптары да бар. Сондай-ақ ол М.Горькийдің «Әдебиет туралы» еңбегін, палестиналық ақын әл-Хамисидің, қырғыз ақыны Б.Абакировтың жырларын, т.б. тәржімалап, Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің қазақша көркем аудармасын жасады.
Ақын 2011 жылы көз жұмды.
Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ
Көрнекті ақын, публицист, аудармашы Мейірхан Ақдәулетұлы, бұйырса, биыл мамыр айында 75 жасқа толады.
Мейірхан Ақдәулетұлы 1950 жылы 10 мамырда Ырғыз ауданының Темірастау (қазіргі Жаныс би) ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын кеңшарда жұмысшы болып бастап, кейін мұғалім, аудандық газеттің тілшісі қызметтерін атқарған.
Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. Республикалық «Пионер», «Арай-Заря» журналдарында, «Дәуір-Время», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде еңбек етті.
2000-2005 жылдары — Ақтөбеде шыққан республикалық «Алтын Орда» газетінің бас редакторы; одан соң облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінің басын біріктірген «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның директоры; «Адырна» журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.
«Бастау», «Шырақ-ғұмыр», «Жалғыз досым — жүрегім», «Дәруішнама», «Бейуақтағы мінәжат», т.б. жыр жинақтарының, «Жел өтіндегі тағдыр» атты публицистикалық кітаптың авторы. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыспен 5 томдық таңдамалы жинағы жарыққа шыға бастады.
Мейірхан Ақдәулетұлы — ҚР Президентінің БАҚ саласындағы грантының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Ж.Нәжімеденов атындағы сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері.
Әзірлеген Айна САРЫБАЙ.