Әдебиет

Абайға жүгіну — ізгілік жолы

Руханият

Біз Абай әлеміне дендеп еніп, оның ұлы тұлғасын санамызда әбден қалыптастырып, артына қалдырған шығармаларымен сусындап келе жатқалы қашан…

Сонау мектепте оқып жүргенімізде «Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай…» деп ақын өлеңдерін жаттап алып, сәл есейе келе Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына бет бұрдық. Әуелі мектеп бағдарламасындағы үзінділерді оқып, шәкірт Абайдың оқудан қайтып келе жатқан сәті суреттелген тұстан бастап жадымызда түйіндеп алдық. Шамалы кейінірек түйсігіміз жетіп, тісіміз батқанынша үлкен кітапты тұтас оқып шығуға және талпындық.

Әйтеуір, бүгінде өмір бойы Абаймен бірге ғұмыр кешіп келе жатқандай сезімді бастан өткереміз. Ал енді бір тұста мынау тынымсыз тірліктен қажығандай сәтте оның қарасөздерінен қуат аламыз.

Қанатбай Елеусізұлының таяуда баспадан шыққан «Абайға жүгінелік» деп аталатын деректі хикаятын қолға алып, оқып шыққанымызда ең алдымен осындай ойлар көкейімізге оралды.

Осы арада айта кететін бір жайт, Қанатбай Елеусізұлының бұған дейін жарияланған «Сағыныш» атты еңбегі де осы әңгіменің, бүгінгі тақырыптың бастауы іспетті болатын. Алыста, Қытай жерінде оқып жатқан студент бала Нұрханға жазған хаттары арқылы автор перзентіне алғы мақсатын «Әуелі ұлтыңа қызмет қыл, қызмет қыла алмасаң, оған зияныңды тигізбеуге тырыс» деген сөзбен белгілеп береді. Сол арқылы кез келген әке өз баласына айтуға тиісті ақылды бұрынғы өткен даналар мен бабалар тағылымына сүйене отырып, әсерлі, әдемі жеткізеді. Жас буын жүрегіне отаншылдық сана, туған жерге тартылыс, патриоттық сезім ұшқындарын таратады.

Жалпы, мұндай эпистолярлық жанрға ірі қоғам қайраткерлерінің өзара жазысқан, тарихи мәні бар, әдеби мұраға айналған хаттары жатады. Тарихқа тереңірек үңілсек, Цицеронның, Горацийдің, Сенеканың хаттары эпистолярлық публицистиканың негізін қалағаны айтылады. Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсариннің орыс достарымен жазысқан хаттары да осы бағыттағы өзгеше бір үлгі.

Тіпті Абайдың өз туыстарына жазған хаттары да тағылымы молдығымен ерекшеленеді. Бір атап өтерлігі, осы біз атап өтіп отырған хаттардың қай-қайсысы да екі адамның немесе жекелеген жандардың мүдделерін көздемейді, өзара әңгіменің өзі көптің жайын қозғайды, жалпы жұртшылықтың жанын ауыртатын мәселелерді қозғайды.

Қазақ журналистикасында осы жанрды белгілі көсемсөз шеберлері Шерхан Мұртаза мен Камал Смайылов кеңінен дамытты. Олар баспасөз арқылы ұлтымыздың жоғын жоқтады, қазағымыздың кемелді келешегіне кедергі келтіріп отырған жайларды сын тезіне алды, ел тізгінін ұстап отырған азаматтарымыздың намысын қайрады.

Жақсы жол қашанда жалғасын табады. Ұзақ жыл мемлекеттік қызметте болғанымен, сөз өнерінен өзін алшақ ұстап көрмеген Қанатбай Елеусізұлының «Абайға жүгінелік» атты еңбегі алдыңғылардың ізін ілгерілету, бүгінгі уақыт ағымына сай сол дәстүрді өзінше жаңғырту сияқты болып көрінеді.

Бұл кітапта автор үлкен ұлы Мәдимен хат жазысу арқылы хакім Абай тағылымдарын кеңінен таратады. Ол мақсатын алғы сөзде: «Бізге даналықтың, ұлағаттылықтың түп тамырын әлемге әйгілі бабаларымыз бен даналарымыздың өмірлерінен іздеу ләзім. Шығыс пен батыстың ойшылдарының еңбектерінен сусындаған Абайда бізге және келер ұрпаққа азық болар рухани сабақтар мен тәлім-тәрбиелік үлгілер, сондай-ақ ой қозғар ақыл-кеңестер жеткілікті» деп анықтайды.

…Бұл туындының өмірге келуінің түп-тамыры баланы мазасыздандырған сауалдардан бастау алады. Қазақта қай кезде де бала үшін әке жолы үлгі. Сондықтан да қандай перзент болмасын, тұйыққа тірелгенде немесе ілгеріге қадам басқанда әке бағдарына зәру.

Сол ретпен бала Мәди әкеге өзін толғандырған жеті сауалын қояды.

Байқап қарасақ, сол жеті сауалдың арқалаған жүгі едәуір салмақты-ақ. Сондықтан жауабы да жеңіл болмас деп ойлап, кітапты байыптап оқуға кірістік.

Өз ұрпағына жастайынан Абай өнегесін өрістету арқылы тәрбие берген әкеден баланың күтері де сол ауқымда екені белгілі болып тұрды. Өйткені алғашқы сауалдағы: «Мен ес білгелі әңгімеңіздің барысында Абайды көп айтасыз. Сіздің жол көрсетуіңізбен Абайды қаншалықты қайталап оқысам да, оның тағылымы жүрегіме жетті, толық игердім, мазмұнына толық бойладым деп айта алмаймын. Өзі де ойшыл ғұлама Шәкәрім айтқандай, «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық, Жалыналық Абайға, жүр баралық!». Сіз бізге, оның ішінде өзімнен бастап, немерелеріңіз Көркемай, Мағжан, Кәдірбек, Мәку және Нұрсәт, Нұртөре, Арсен, Әлихан сияқты жиендеріңіздің рухани қуаттануына себепкер болып, Абайдың ататегі, анасы жағын тереңдете таратып, ұғындырсаңыз деймін» деген жолдар үлкен әңгімеге жол ашады.

Былай қарағанда Абайдың ататегі, өскен ортасы, айналасы, жан-жағы жалпы жұртқа жеткілікті деңгейде белгілі сияқты көрінеді. Оның Құнанбайдың баласы екенін мектеп оқушыларының өзі жатқа біледі. Дегенмен оқырман үшін сауалдың өзі қызғылықты. Қызғылықты болатыны — әкенің қалай жауап қайтаратыны!

Автор бұл тақырыпты кеңірек қозғау үшін ең алдымен халқымыздың қалам ұстаған қайраткер перзенттері Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов бір кездері негізін қалаған «Абай» журналының 1992 жылдан қайта шыға бастаған сандарында жарияланған мақалаларға үңілгенін, сонымен бірге Абай өлеңдерінің жоқтаушысы Мүрсейіт Бікеұлының архивте сақталған қолжазбасынан, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сынды даналардың мұраларынан, абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы және басқа да танымал ғалым-зерттеушілердің еңбектерінен алынған деректерге сүйенгенін айтады. Осындай ізденістер нәтижесінде Тобықтыдан бері қарай жол сала отырып, арғы жағын айтпағанда, бергі тұсымен шектелсек, Айдос – Ырғызбай – Өскенбай – Құнанбай – Абай, одан – Ақылбай, Хакімбай, Әбдірахман, Мағауия, Тұрағұл, Мекайыл, Зікайыл таралымын түгендеп береді. Онымен де тоқталмай, есімі елге ардақты болған ұлы бабалар тұлғасы ашып айтылады. Мәселен, Абайдың арғы аталарының бірі Олжай Әйтекұлының немересі Ырғызбай Ақтабан шұбырынды кезінде елдің атамекенді тастап, ауа көшуі салдарынан Ырғыз өзенінің бойында дүниеге келген.

Ырғызбай өз заманында найзагер, ел қорғаған батыр болған. Қалмақтың Қоңыраулы деген жауырыны жерге тимеген балуанын жығып, абыройы асқақтаған. Ол ел дауын шешкен білікті би де болған.

Оның баласы Өскенбай жастайынан ойлы, зерек, есті азамат болып көзге түседі. Ел билігіне ертерек араласады, старшын шеніне көтеріледі. Заманында «Ісің әділ болсын десең, Өскенбайға бар!» деген сөз ел аузында айтылған деседі.

Ал Құнанбайды автор: «Ол өзінің ұзақ ғұмырында пенде атаулыға тән барлық күйініш-сүйінішті, қызық-думанды, қайғырып-қамығуды, шамырқанып-шамдануды, барымта мен қарымтаны да басынан кешірген.

Балаларын шығыс біліміне қанықтырып барып, Еуропа ғылымына сусындатқан. Діні қатты, сөзі зілді, алдын орағанды шайнап тастайтын долы, сонымен қатар кісі көңілін қалдырмайтын жұмсақтығы да болған.

Исі қазақтың қосы тігілсе, сол тұстан табылған» — деп сипаттайды. Бұл пайымдаулардың бәрі құр сырттан суреттеу емес, нақты деректерден, зерделі зерттеулерден алынғаны белгілі болып тұр.

Енді осындай белгілі адамдардың жалғасы Абай қандай болмақ? Бұған екінші сауалдың жауабы арқылы көз жеткіземіз. Мұнда әуелі Мағжан Жұмабаевтың «Абай деген сөз — қазақ деген сөз» делінген теңеуі келтіріледі.

Сосын Абайдың дүниеге Ибраһим пайғамбар есімімен келгендігі айтылады. Алғашқы мысқыл өлеңі шамамен он екі жасында дүниеге келгені еске алынады.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра ескермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім…

Қатарының алды болып, небір классиктер мен философтардың шығармаларын оқып үлгерген, білім мен ғылымды біраз игергенінің өзінде қанағат тұтпай, өкініш білдіруі — бір орында тұнған су сықылды тұрып қалмай, алға ұмтылуы. Осы тұрғысынан оның бұл өлеңі бүгінгі өскелең буынға, өсемін-өркендеймін деген ойлы  жасқа да жігер беретіндігі ақиқат.

Осы жауапта Абай ақиқаттары мүмкіндігінше жан-жақты ашылады. Сөз түйінінде «Айтпағым, Адам болам десеңдер, Абайды оқыңдар, Абайдан сусындаңдар!» деген тілекті білдіреді автор Мәдиге жазған хаты арқылы ұрпақтарына.

Тағы бір тоқтала кететін жайт, бұл кітапта әулеттің шаңырағына шуақ кіргізіп, ұрпаққа нәр беріп отырған асыл аналар туралы да біраз әңгіме қозғалады.

Үшінші хаттың үлгі ұстанар тұсы — Абайдың діни дүниетанымын тануға ұмтылыс жасауы. Бала Абай «Ахмет Риза» медресесінде дәріс алып, хат таныған. Негізінде Абай иманға елге жақсы көріну ниетімен келуді немесе басқалай мақсат ұстануды дұрыс көрмейді. Ол адам өмірінің мәні сеніммен тікелей байланысты екеніне көңіл бөледі.

Автор Абайдың отыз сегізінші сөзіндегі «Растың бір аты — хақ, хақтың бір аты — Алла. Бұған қарсы қаруласқанша, мұны ұғып, ғадаләтпен тәптештеуге керек» деген тұжырымын келтіріп, ақынның «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деген өлең жолдары арқылы оның дінге көзқарасын аша түседі.

Төртінші хаттың көтеретін тақырыбы — кім-кімнің де жүрегін қозғайтын, ылғи да ойландыратын  мәселелер. Ол — бес асыл іс пен бес дұшпан жайы.

Абай айтқан бес асыл іс — талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, негізінде өнегелі өмір өлшемдері. Өкінішке қарай, соның бәрін жүрегімізге терең сіңіре алмаймыз. Олай болатын себебі, адам баласында тіршіліктің жеңіл жағына қарай бүйрегі бұрып тұратын жаман әдет және бар. Абай «Адам болам десеңіз…» деп осы қауіптен құтылу жайын қадап тұрып айтқан. Сондай-ақ ол сынаған «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» та әлі күнге дейін жағамыздан жармасып, қалмай келеді.

Осы тағылымдарды өз өміріндегі нақты мысалдармен тиянақтай отырып, бұл тарауды автор Абайдың «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста!» деген пәрменді сөзімен аяқтайды.Бәріміз болып бес асыл істі алаулатып, бес дұшпанды қыспаққа алайық деп ортақ іс-қимылға шақырады.

Әке мен бала қозғаған ендігі бір мәселе — ел басқару жайы. Бір атап өтерлігі, осы уақытқа дейін автор Қанатбай Елеусізұлы да, баласы Мәди Қанатбайұлы да осы сатылардан елеулі дәрежеде өтіп, тәжірибе жинақтаған, елге абыройлы қызмет жасаған адамдар. Сондықтан да бұл тақырыптағы әңгіменің ішкі үйлесіммен сабақтасатыны заңдылық қой деп ойлаймыз.

Тарихшылардың зерттеуінше, Абайдың өзі саналы ғұмырының он сегіз жылын ел басқару ісіне арнап, оның он екі жылында болыс, алты жылында би болған.

Абайдың жүрек тазалығының мысалы ретінде оның замандасы Көкбай Жаңатайұлы аузынан айтылатын: «Билікке келгенде Абайдай әділ, таза, дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрын-соңды заманның қайсысынан болса да көрген жоқ. Ол өтірік айтпай, шынын айтатын болса, мал ұрлайтын ұры болса да сүюші еді…» сөздің алға тартылуы оқырманды жылы ойларға жетелейтіні ақиқат.

Абай ел басқаратын адамның қандай болуы және қандай биіктен көрінуі жөнінде жан-жақты өз ойын білдіреді. «Сыпайы жүр де, шаруа ойла. Даңғойланып, қақтықпа!» деп екі ауыз сөзбен көп жайды ұғындырғаны кітапта талдап айтылады.

Абайдың ақындық жолы мен шығармашылығын қозғайтын алтыншы хаттың да өзіндік орны бар.

Ол «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы» деп бұл өнердің өресін биіктетіп көрсетеді. Онымен тоқтамай, «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» — адам баласы бүкіл ғұмыр желісін де өзгеше әуенмен өрнектейді. Осы жайларды айта келіп, автор бұл бағыттағы ойларын «Абай қазақ халқының ғасырлар бойғы рухани мәдениеті мен әлем әдебиетінің алтын қорының арасын жалғастырушы бейне бір көпір іспетті. Бұл — Абай ұлылығының, Абай даналығының өшпес биік нысанасы» деп тұжырымдайды.

Жетінші хат дос пен достық тақырыбына арналған. Абай «Пайда, мақтан — бәрі тұл, доссыз ауыз тұшымас» деген ғой. Автор дос, достық туралы ақын ойларын алға сала отырып, өз ұрпағына арнап «Дос басына іс түссе, жаныңды да аяма. Өзің дос бола білмесең, басқадан да жанқиярлық, қайырымдылық, қалтқысыздық күтпе. Жолыңнан жаңылма — сонда жауың амалсыздан мойындайды, сыйлайды. Абай тағылымы бізді осыған жетелейді, сөзге берік болуды талап етеді» деп тілегін білдіреді.

Кітап түйінінде айтылғандай: «Абайдай мұхитқа қолыма қалам алып, тәуекелге баруым, жүрегімнің Абай деп соғатынын дәлелдесе керек-ті. Жеткізбей жазған болсам, Абай аруағының алдында қайта-қайта кешірім сұраймын. Менікі – немерелерім мен жиендерімнің алдындағы аталық парызымды орындау. Жазғандарым өрендеріме бағыт-бағдар бергей!» деп келетін ақ тілектің негізінде бір атаның перзенттеріне ғана емес, сөз ұғынуға талпынған жалпы қазақ баласына арналғанын ұғыну қиын емес.

Сондықтан да бұл еңбекті біз нақ бүгінгі ұлттық тәлім-тәрбиемізге сусаңқырап отырған қоғамымызға аса қажет дүние деп қабылдауымыз дұрыс шығар.

Сіз де оқып көріңіз, жақсылыққа жаны жақын, ұрпағынан үлкен үміт күтіп, ізгілікті әлемге жетелеген ағайын.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button