Ташкенттен жүлдемен оралды
Өнер
Би өнері – орындаушыны да, көрерменді де әдемілікке, нәзіктікке баулитын құдірет. Осы ғажайып дүниені меңгеруге құлшыныс білдірген адамның тума дарыны, икемі болса, әр қимылға жоғары талғаммен қараса тіпті тамаша. Осы ретте мектеп оқушыларын баулуда ерінбей-жалықпай ізденіспен еңбек етіп жүрген Қобда аудандық өнер мектебінің ұстазы, хореограф Алтынгүл Тұрарованың жетістіктері аз емес.
Жаңа басталған жылдың алғашқы аптасында қобдалық кішкентай бүлдіршіндер «Ақтөбе-Дарын» өңірлік қосымша білім беру ғылыми-әдіскерлік орталығының қолдауымен Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында өткізілген «Таланттар әлемі» халықаралық көп жанрлы шығармашылық байқауына қатысып, жүлдемен оралды.
Мукими атындағы өзбек музыкалық драма және комедия театрының ғимаратында өткен сайыста Алтынгүл Тұрарова хореография номинациясында топтық би бойынша өзі дайындаған «Қызғалдақтар» тобын «Өрнектер» биімен, жеке орындауда Толғанай Сәтпағанбетованы «Шұғыла» биімен сахнаға алып шықты.
Зал толы жұртшылық Ақтөбенің Қобдасынан арнайы сапар шеккен жас өнерпаздардың мәнерлі қимыл-қозғалысына қуана қол соғып, қошемет көрсетті. Талғамы жоғары қазылар алқасы топ жетекшісі Алтынгүл Тұрарованы «Үздік ұстаз» номинациясы бойынша жеңімпаз деп бағалады. «Қызғалдақтар» тобының орындауындағы «Өрнектер» биі бірінші жүлдеге лайық деп танылды. Жеке орындаушы Толғанай Сәтпағанбетова сахнада «Шұғыла» биін нақышына келтіре орындап, бірінші орынды жеңіп алды.
Қобдадан барған бишілер тобына алдағы көктем айларының бірінде Әзірбайжан Республикасының астанасы Баку қаласында өткізілетін халықаралық байқауға 20 пайыздық жеңілдігі бар жолдама табыс етілді.
Ақерке ҚАБАҚБАЕВА,
Қобда ауылы.