Білімді ұрпақ — жарқын болашақ кепілі
«High school Aktobe» жеке мектебінің мақсаты— білім мен тәрбиені үйлестіре отырып, жеке тұлғаның жан-жақты дамуын қалыптастыру, білімді, тәрбиелі шәкірт тәрбиелеу. Бұл мақсатты іске асыру үшін оқушыларымызға тек сапалы білім беріп қанақоймай, олардың рухани байлығы мен адамгершілік қасиеттерін дамытуға да ерекше көңіл бөлеміз.
Үш қабатты мектебімізде 16 оқу кабинеті бар. Ғимарат ауласында арнайы жабдықталған спорт алаңы бар. Онда оқушылар физикалық тұрғыда шынығып, спорттық іс-шараларға қатысады. Әрбір кабинеттің дизайны оқушылардыңсол пәнге деген қызығушылығын тудыратындай етіп жабдықталған.
Мектептің ішкі дизайны өткен ғасыр мен жаңа ғасырдың байланысын көрсетеді. Қазақы дәстүрлер мен заманауи элементтердің үйлесімі мектебімізге ерекше атмосфера сыйлайды.
Бүгінде мектептегі ең үлкен жетістік — білімді әрі кәсіби мамандардан құралған педагогтар құрамы. Олар оқушылардың жеке қажеттіліктеріне қарай оқыту әдістерін қолдана отырып, әр баланың дамуына үлкен көңіл бөледі. Осылайша әр оқушының мүмкіндігі толық ашылып, олар жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр.
Мектебімізде оқушылардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасалған. Әр қабатта тегін және жылдам Wi-Fi желісі бар, бұл оқушылардың білім алуын жеңілдетеді. Мектептің бірінші қабатында асханасы мен коворкинг кабинеті бар. Коворкингте оқушылар кітап оқып, шахмат, тоғызқұмалақ, теннис ойнап, үй тапсырмаларын орындап, бос уақыттарын тиімді өткізе алады. Заманауи дизайнда жасалған асхана100 орынға арналған.
Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге негізделген білім ордасының ғимаратында ұлы тұлғаларымыздың бейнелері мен қанатты сөздері безендірілген. Бұл — білім алушылардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру бағытында жасалған іс-шаралардың бірі.
Бүгінде мектепте 5-11 сынып оқушыларына мемлекеттік стандарттарға сәйкес білім беріледі.
2023-2024 оқу жылында мектебіміздің жетістіктері зор болды. Білім ордасын 130 түлек тәмамдап, олардың 110-ы мемлекеттік грант иегері атанды. Сонымен қатар 10 оқушы шетелдегі беделді оқу орындарына қабылданды. Ақтөбе қаласы бойынша ұлттық бірыңғай тест емтиханында ең үздік көрсеткішке жеткен түлегіміз Әбунәсір Талмұрзин 137 балл жинады. Бұл — мектептің сапалы білім беретінінің бір дәлелі.
Биылғы оқу жылында да мектебіміз көптеген жетістіктерге жетті. Республикалық пәндік олимпиаданың қалалық кезеңінде 9 оқушымыз жүлделі орын алып, облыстық кезеңге жолдама алды. Облыстық кезеңде 5 оқушы жүлделі орынға ие болды. Соның ішінде 11- сынып оқушысы Бейбарыс Нұрболатов география пәні бойынша 1-орынға ие болды. Бұл оқушылардың жоғары дайындық деңгейін көрсетеді.
Мектебімізде түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Робототехника және ағылшын тілін шетелдік азаматтар жүргізетін сабақтар балаларға жаңа дағдыларды үйретіп, олардың қызығушылығын арттырады.
Лилия МҰҚАШЕВА,
«High school Aktobe» жеке мектебі
директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары.