КӨПТЕН КҮТКЕН БАСПАНАҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІМ
Сейтжан ӘМРЕШЕВ,
қала тұрғыны,
— Бүгінде өңір тұрғындарының баспана мәселесін шешуге бағытталған ауқымды бағдарламалар жүзеге асып келеді. Мемлекет басшысының қолжетімді тұрғын үй жобасына сәйкес үй кезегінде тұрып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алушыларға жеңілдіктер де қарастырылып жатыр. Мәселен, менің тұрғын үй кезегінде тұрғаныма 15 жыл болды. Алғаш рет баспана кезегіне тіркелгенде 17 жаста едім. Сол кезде асыраушымнан айырылған бала болсам, бүгінде отбасылы болып, әке атандым. Жылдар бойы жалдамалы пәтерде тұрып, тұрмыстық өмірге әбден шындалдық. Әрлі-берлі көшуден және ай сайынғы төлемнен шаршасақ та, өсіп келе жатқан баламыз үшін қиындықтан жеңілмеуге тырыстық. Алғашында әскери салада, кейіннен ішкі істер қызметінде еңбек еттім.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында арнайы санат бойынша үй кезегінде тұрғандарға қала әкімі Азамат Бекет Матросов көшесіндегі жаңадан бой көтерген, көп қабатты тұрғын үйден 34 пәтердің кілтін табыстап кетті. Сөйтіп, екі бөлмелі пәтердің кілті бұйырды. Пәтер жылы, едені төселіп, есігі салынған дайын күйінде берілді. Барлық қолдау көрсеткендерге алғысымды айтамын. Үй кезегінде тұрған әр қазағыма осындай жайлы баспана бұйырсын.