Колледждерде жаңа мамандықтар оқытылады
Жұмысшы мамандықтары жылы
Биыл елімізде Жұмысшы мамандықтары жылы екені белгілі. Осыған орай облыста әлеуметтік серіктестер, колледждер мен жастар арасында50-ге жуық іс-шара өткізілмек.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде осы жөнінде брифинг өткізген облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушыНұргүлБертілеуова Ақтөбеде 40 колледж барын, оның 13-і жұмысшы мамандарды даярлайтынын атап өтті.
— Биылғы оқу жылына мемлекеттік тапсырыс негізінде 7654 орын бөлінді. Бұрынғыдай емес, техникалық мамандықтар, білім, медицина, ІТ, ауылшаруашылығы салаларына бөлінген орын саны артты. Жұмысшы мамандықтарының саны — 2135. Өткен жылмен салыстырғанда,жұмысшы мамандықтарды таңдаушылар даөсті.
Облыстағы 40 колледждің28-інде дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Бұл бойынша мамандарды даярлау көлік, тау-кен, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету, энергетика және байланыс салаларында жүргізіледі. 2024-2025 оқу жылында 948 кәсіпорын, 5718 студент және колледж арасында үшжақты келісімшарт жасалды.
Жалпы Жұмысшы мамандықтары жылында кәсіптік-техникалық білім беруді жаңа бағытта дамыту жоспарланып отыр. Атап айтсам, колледждердің халықаралық салалық аккредиттеуден өтуі, жұмыс берушілердің нақты тапсырысы бойынша мақсатты білім беру тапсырысын ұлғайту, 5 жаңа мамандық ашу, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы іс-шаралар қаралған. Осы орайда өңірдің экономикасын, нарық сұранысының ерекшеліктерін ескере отырып, Жұмысшы мамандықтары жылы келесі бағыттарда жүзеге асырылатын болады. Бірінші бағыт — колледждерді профилизациялау, яғни бейіндеу. Облыс колледждерін салаға бейіндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бүгінгі таңда 2 (политехникалық және құрылыс-техникалық колледждері) колледждің мамандықтары бейінделді. Осы жылы 2 мамандық саласына сәйкес бейінделеді (сервис және ауыл шаруашылығы (технолог), жоғары политехникалық және сервис колледждері (есеп және аудит). Сонымен қатар бір ауданда орналасқан 2 колледжді біріктіру жоспарланып отыр.Екінші бағыт техникалық және кәсіптік білім көшбасшыларын дайындау. Өңірде Хромтау тау-кен жоғары колледжі «Электромонтаж» мамандығы бойынша халықаралық салалық акрредиттеудеуден өтті. Нәтижесінде 5 педагог пен 6 оқушы сертификаталды. Жыл соңына дейін Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжі де ІТ саласы бойынша халықаралық аккредиттеуден өтетін болады. Бұл өз кезегінде әлемдік стандарттар бойынша мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Олар өңірдегі басқа колледждер үшін ресурстық тірек орталыққа айналмақ. Үшінші бағыт — педагогтердің әлеуетінарттыру. Мұғалімдерді республикадағы және алыс-жақын шетелдердегі үздік колледждерде тағылымдамадан өткізу жоспарланып отыр. Өткен жылы 7 педагог Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясында халықаралық тағылымдамадан өтсе, биыл Казан автокөлік (автожол колледжі), Казан политехникалық колледждерімен (өнеркәсіптік технологиялар колледжі) халықаралық ынтымақтастық орнату жоспарда бар. Төртінші бағыт — бизнеспен ынтымақтастық. Инфрақұрылымды дамыту және түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішін арттыру мақсатында 24 мемлекеттік колледждің23-ін 25 кәсіпорын шефтік қамқорлыққа алып, бірлесіп жұмыс жүргізбек. Бесінші бағыт — колледждердің қаржылық моделін жаңарту. Колледждерді қаржыландыру әр тараптан жүргізіледі: мемлекеттік білім беру тапсырысы, кадрларды даярлауға мақсатты тапсырыс, колледждердің өз өнімдері есебінен түсетін табыс, — деді ол.
Биылғы оқу жылындағы тағы бір жаңалық — жұмысшы мамандықтарды дәріптеу мақсатында облыс мектептерінде кәсіптік бағдар беру кабинеті ашылмақ. Сонымен қатар Хромтау тау-кен колледжі жанынан автотехнопарк, Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжі жанынан ІТ-хаб салынады деп күтілуде.
— Колледждерде еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтар ашылады.Мәселен, саябақ шаруашылығы, лифт шаруашылығы, қонақ үй бизнесі, қоғамдық тамақтандыру салалары бойынша мамандар даярланбақ, — дедіНұргүлБертілеуова.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.