Әуежайды аралап, құтқарушылармен кездесті
Кездесу
Өңірімізге келген Мәжіліс депутаттары,Amanat фракциясының мүшелері Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Қазыбек Әлішев Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайдың ұшу-қону алаңын қарап, атқарылған жұмыстармен танысты, қызметкерлермен тілдесті.
Бүгінде әуежайдан жолаушылар ұшағы 11 бағытта ұшады. Оның алтауы ішкі рейс болса, бесеуі —халықаралық рейс. Былтыр Шарм-Эль-Шейх және Астана, Алматы қалаларына рейстер саны артса, биыл Антальяға ұшу жиіледі. Ақтөбе әуежайы базасында «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-мен бірлесіп, отын инфрақұрылымын дамыту және түрік компаниясымен көпфункционалды логистикалық хаб салу көзделген.
Әуежай қызметкерлерімен кездесуде Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов бүгінде жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.
— Аймақтағы өндірістік, әлеуметтік орындарда болып, тұрғындардың ұсыныс-өтініштерін тыңдауға, Парламентте қабылданып жатқан заңдар жөнінде хабардар етуге келдік. Бүгінде көптеген шетелдермен тікелей байланыс жасап, халыққа қызмет жасап жүрген үлкен әуежайлардың бірі — Ақтөбе әуежайы. Ұшу-қону алаңын қарап шықтық, жалпы жасалып жатқан жұмыстармен таныстық, — деді ол.
Кездесуде әуежай қызметкерлері қоғамдық көлік мәселесін көтерді: әуежайға қатынайтын автобустардың аз екенін айтты. Мәжіліс депутаттары бұл мәселені тиісті органдарға жеткізетінін атап өтті.
Бұдан кейін депутаттар облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өрт сөндіру, жедел-құтқару отряды мамандарымен кездесті. Кездесуде еліміздегі су инфрақұрылымын жаңғырту, бөгеттер мен су қоймаларын салу, төтенше жағдайға дайындық жұмыстары сөз болды.
Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов еліміздегі су тасқынының алдын алуға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
— Кеңестік дәуірде жасалған кейбір инфрақұрылымдар бүгінде әбден ескірген. Осыған байланысты Президенттің тапсырмасымен елімізде жаңа су қоймалары салынып, 17 су қоймасы қайта жаңартылатын болады. Төтенше жағдайларға байланысты қиыншылықтар болса, бізге айтыңыздар, — деді ол.
Басқосуда аталған департамент бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов биыл облыстың бірқатар ауданында өрт сөндіру бекеттері ашылғанын,өңірге жалпы құны 3 млрд 800 млн теңгеге 68 техника сатып алынғанын, қазіргі таңда мекеме мамандары көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындалып жатқанын жеткізді.
Алдепартаменттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Бегендік Айтқұлов былтырғы су тасқыны кезінде құтқарушылар көп еңбек сіңіргенін, ұйымшылдықтың арқасында табиғи апат салдарын жою жұмыстары қарқынды жүргізілгенін жеткізіп, кездесуге келген депутаттарға өз ризашылығын айтты.
Депутаттар су тасқыны кезіндегі сала мамандарының ерен еңбегін жоғары бағалап, оларға алғыстарын жеткізді.
— Өткен жылдың қиындығын бәріміз көрдік. Өзіміз де су тасқыны болған 6 ауданға бардық. Сол жерде жанқиярлық еңбек көрсеттіңіздер. Жұмыстарыңыз өте маңызды әрі қиын. Сол үшін сіздерге алғысымызды білдіреміз. Су тасқынына байланысты қиындықтар артта қалып, келген жылымыз табысты, берекелі болсын деп тілеймін, — деді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.
Д.АЙДАР.