Жаңа салық кодексі кәсіпкерлер үшін тиімді ме?
Жоба
«Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы алаңында Салық кодексінің жобасын талқылау мақсатында Мәжіліс депутаттары Дания Еспаева мен Жұлдыз Сүлейменовалар бизнес өкілдерімен кездесті.
Кездесуде кәсіпкерлер мен салалық кеңестер өкілдерінің тарапынан көптеген сауалдар мен ұсыныстар тудырған салық заңнамасының жаңа нормалары талқыланды.
Басқосуда облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева мен аймақтағы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов өңірдің әрі қарай дамуы үшін мұндай іс-шаралар өткізудің маңыздылығын ерекше атады.
Денсаулық сақтау салалық кеңесінің төрағасы Жеңіс Алкин әлеуметтік салада жұмыс істейтін ұйымдарға барлық салықтық жеңілдіктердің алынып тасталуы және 10 пайыз мөлшерінде корпоративтік табыс салығының енгізілуіне алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ ол медициналық қызметтерге, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың айналымы мен импортына қосылғанқұн салығын енгізу медициналық қызметтердің қымбаттайтынын және бұл халыққа кері әсер ететінін атап өтті.
Ал сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің мүшесі Виктория Исарова қосылған құн салығы бойынша тіркеуге қатысты бірқатар мәселені көтерді. Ол жаңа жоба тіркеу мерзімін бес жұмыс күніне дейін қысқартуды көздейтінін атап өтті. Бұл шағын бизнеске айтарлықтай қиындықтудыруы мүмкін. Кәсіпкер көптеген мәмілелердің жүзеге аспай қалуы және кешіктірілген тіркеу үшін айыппұлдар салынуы мүмкін екенін алға тартты.
Сондай-ақ жиында тақырыпқа байланысты көлік және логистика саласы бойынша туындайтын мәселелер де айтылды.
Кездесуде модераторлық еткен өңірлік кеңестөрағасы Асхат Айтжанов барлық сауалдар мен ұсыныстартіркеліп, Мәжіліс депутаттарына жолданатынын атап өтті.
— Салық саясаты — бизнестің жұмыс істеу негізі ғана емес, сонымен қатар инвестициялар, өсу және өңірлік экономиканың дамуы үшін маңызды фактор. Жаңа Салық кодексіне қатысты мәселелер облыс кәсіпкерлері үшін ерекше маңызға ие. Бұған дейін палатаның салалық кеңестері аясында осы тақырыпта талқылаулар өтіп, салық заңнамасы бойынша нақты ұсыныстар әзірленді, — деді Асхат Айтжанов.
Депутаттар барлық сауалға жауап беруге тырысты.
Арайлым НҰРБАЕВА.