Ардагерлер үлгісі
Жастар тәрбиесі
Сәрсенбі күні Жастар сарайының «Мәңгілік ел» залында облыстық ардагерлер кеңесінің «Жастар тәрбиесі – болашақ ұрпақ нәтижесі» атты кеңейтілген отырысы өтті.
Іс-шарағаоблыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева,облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, Мәжіліс депутаттары — Қазыбек Әлішев, Жұлдыз Сүлейменова, төралқа мүшелері, қалалық және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, салалық ардагерлер ұйымының төрағалары, сондай-ақ облыстық әжелер алқасының мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Басқосуда алдымен сөз алғаноблыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовжастарға тәлім мен тәрбие беруде ардагерлер ұйымдарының маңызы зор екенін, биыл бұл бағытта облыста жүйелі жұмыстар жүргізілгенін атап өтті.
— Бүгінде облыстағы барлық деңгейдегі ардагерлер кеңесі жастарға отансүйгіштік, адамгершілік және ізгілікті тәрбие беру жұмыстарын белсенді түрде ұйымдастырып келеді. Ардагерлеріміз жастармен кездесіп, қоғамның тұтастығын, ұлттық құндылықтарды түсіндіріп, түрлі іс-шаралар өткізеді.
Қазіргі таңда елімізде жастар арасында нашақорлық, лудомания, діни фанатизм, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты жағымсыз әдеттер таралуда. Осы орайда облыстық ардагерлер кеңесі әжелер алқасы, аналар және әкелер кеңесімен қоян-қолтық жұмыс істеп, жастарды адамгершілікке тәрбиелеуде тиімді іс-шаралар ұйымдастыруы қажет. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек,— деді ол.
Бұдан кейін отырыстаоблыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов баяндама жасап, биыл өңірде атқарылған жұмыстар мен жастарды елжандылыққа, ізгілікке үндеу бағытында қолға алынған жобалар, сондай-ақ оларды баспанамен қамту, тұрақты жұмысқа орналастыру мәселелеріне тоқталды.
— Облыстық ардагерлер кеңесі мен аудандардағы барлық ардагерлер ұйымдары жастармен жұмыс жүргізуге ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл орайда ардагерлер ұйымдары айтарлықтай іс-шаралар ұйымдастырды.Мәселен,өткен жылы су тасқыны салдарын жою шаралары кезінде Ақтөбе қаласы Алматы ауданы ардагерлер кеңесі жастармен жүйелі жұмыс жүргізді.Су тасқыны кезінде тұрғындарға ардагерлер мен жастар бірлесе отырып, жұмыла көмек көрсетті. Сондай-ақ Хромтау, Қобда, Әйтеке би аудандық ардагерлер ұйымдары жастармен бірлесіп,«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты. Ал Мұғалжар, Ойыл, Мәртөк, Байғанин, Шалқар,Ырғыз, Темір аудандарындааға буын өкілдері жастармен өзара ынтымақтастықта бірлесіп іс-шаралар ұйымдастыруда. Мысалы, Байғанин ауданының ардагерлер кеңесінің мүшелері жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, үш мәрте «Даңқ» орденінің иегері Қожабай Жазықовты еске алуға арналған спорттық турнир өткізді. Бұдан бөлек өңірімізде «Дәнекер» жобасы да жүзеге асырылуда. Бұл бағытта Мұғалжар ауданында билер алқасы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Ал Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» орталығының және қалалық №3 соттың медиаторы, тәжірибелі педагог Бибігүл Әбілдаеваның қосқан зор үлесінің арқасындажас отбасыларды ажырасудан сақтандыру жұмыстары тиімді жүргізілуде, — деген Серік Шаңғұтов ардагерлер ұйымдары биыл да жастармен түрлі іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Жиында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовжас ұрпақты ана тіліміз бен салт-дәстүрлерімізді құрметтеуге, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға үндеуде алдымен аға буын өкілдері үлгі көрсетуге тиіс екенін жеткізді.
— Біздің ұлттық идеология тілден басталады. Сондықтан жастар ана тілімізге құрметпен қарауы керек. Біз, аға буын өкілдері, мемлекеттік тілге деген құрметтіалдымен өзіміз көрсетуіміз керек. Сондай-ақ жастарға үлгі-өнеге көрсетіп қана қоймай, оларға тағылымды әңгіме айтуымыз керек. Мәселен, бүгінде Парламентте Мәжіліс отырыстары қазақ тілінде өтеді. Өзге ұлт өкілдері баяндамаларын қазақ тілінде жасайды. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кешегі өзінің сұхбатында жастарға тәрбие беру, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселесіне ерекше тоқталды.
Сондай-ақ былтыр елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Бұл іс-шара да жастарымызды тазалыққа, жауапкершілікке үндеуге бағытталған. Тазалыққа баулу да — тәрбие. Сондықтан алдағы уақытта ақтөбелік жастар осындай іс-шараларға белсене атсалысып, еліміздің дамуына өз үлесін қосуы керек. Сіздер осы бағытта жастармен бірлесе жұмыс істеулеріңіз керек, — деді бірлестік төрағасы.
Отырыста Мәжіліс депутаттары мен аудандардан келген ардагерлер ұйымдарының өкілдері жастар тәрбиесіне қатысты өз ойларын ортаға салды.
Данагүл ҚАЗИХАН.