Тарих

Қарабас әулие

Әйтеке би ауданындағы Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Оразалы Толыбеков ақсақалдың «Ақтөбе» газетінің өткен жылғы бір санында жарияланған «Қарабас әулие. Ол кім?» атты мақаласына орай қолыма қалам алдым. Қарабас ата нағашым болғандықтан ол кісі жайлы бір адамдай білемін десем, артық болмас. Менің өмірімнің көп кезеңі бала күннен бастап Ырғыз ауданының «Нұра» кеңшарында өтті. Арғы жағы Торғай елі Ақшығанақ ауылымен іргелес, қоныстас болдық. Әкем Әбдірахман он екі ата Байұлының Алтын аталығынан, ал анам Шәрипа Арғын қызы болатын. Анам — Қарабас бабаның жетінші ұрпағы. Баба жайлы өз әке-шешемнен де, келген қонақтардан да көп жайтты естідім. Көрші отырғандықтан болар, елге Торғай елінен адамдар көп келетін. Анам қанша адам келсе де, төркіндерім келді деп жайлап жататын. Сонда естігенім, Қарабас атамыз Кіші жүз жерінде Басқұдық, Сарыбұлақ деген жерде жерленген дейтін-ді.

Қарабастың шығу тегі руы Арғын, сәл беріден таратар болсақ, Аманжолдан Шақшақ, Бәйімбет, Әлімбет — үш бала туады, Шақшақтан Бақай, Көшей, Дүзей, Ақназар, Есназар, Томай — алты бала. Көшейден Қарабас, Аю, Қошқар, Қалқаман, Қожамбет, Тінет — алты бала тарайды. Біз Қостанай өңіріне белгілі молда, қажы, қари Әлмағамбет Оспанұлының айтуына сүйенсек Қарабас ата Кіші жүздің Сарыбұлақ, Басқұдық деген жерлерінің батыс жағында тастақ төбеге жерленген. Айналасы құм, қабірі биік етіп қара таспен қоршалған. Басында құлыптасы бар, Көшейұлы Қарабас деп жазылған деген болатын. Торғайдың Шилі жерінде өмір сүрген Сабыр молда 1983 жылы кездескенімізде «Кешегі ашаршылық кезінде Қарабас атамыздың көп себі тиді. Әрі өткен, бері өткен жолаушы әулиеге тәу етіп, орамал, ақша, тіпті кейде азық-түлік тастап кететін. Біз  соны алып талғажу еттік. Басында құлыптасы бар» деген-ді. Міне осы дәлелдер Қарабас атаның қай рудан екенін толық айғақтай түседі.

Басында айтып кеткеніміздей, Шақшақтың алты баласының бірі Көшей — ірі денелі, момын, шаруа адам болыпты. Інісі Дүзей ел қорғаған батыр болған. Бірде Дүзейдің жоқ кезінде, Көшейдің ауылын қалмақтар шауып, малын және әйелін алып кетеді. Артынан келген Дүзей қалмақтың ізімен қуып, ұрланып барып, жеңгесін елге алып қайтпақшы болады. Сонда жеңгесі «мені апарғанда кегің қайтпайды, ханның үш қызы бар, соның біреуін ағаңа апарып бер, сонда ғана есеңді аласың» дейді. Ебін тауып ханның кіші қызы Нұрбикені қолға түсіріп, жеңгесіне қоса, ағасы Көшейге әкеліп береді. Сол Нұрбике бірінші баласына аяғы ауыр кезінде қарабас бураның етіне жерік болады. Ұл туып, атын Қарабас қояды. Екінші баласын көтергенде, аюдың жүрегіне жерік болып, баланы туған соң, атын Аю деп қояды. Әр балаға жүкті болған кезінде өзінің туған еліне кетпекші болып, қашады екен. Үшінші баласын көтергенде, қошқардың етіне жерік болып, туарман шағына жеткенде, тағы да еліне қашады. Артынан қуып жеткен қайнысы Дүзей: «Сен-ақ, еліңе қашуыңды қоймадың ғой, қазір тұрған жеріңде жарып тастайын ба?» деп қылышын ала жүгіргенде, «жарсаң жарып өлтір, бірақ ішімде батыр бар, соны еліме барып туып, қазақтарға жау етіп тәрбиелейін деп едім» дейді. Дүзей ойланып, жеңгесін өлтірмей ауылға қайтып әкеледі. Айтқанындай ұл туып, атын Қошқар деп қояды. Ол өскенде батыр болады. Ал Қошқардан туған ұл Жәнібектің де батыр болғанын тарихтан білеміз. Шақшақ Жәнібек, Қошқарұлы Жәнібек, тархан Жәнібек дейтініміз осы Жәнібек. Жәнібектің әкесі Қошқар мен Қарабас бірге туған. Екеуі де батыр болған. Қарабас қалмақ қызы Нұрбикенің тұңғышы. Көшейдің бес баласы, яғни, Қарабас, Аю, Қошқар, Қалқаман, Қожамбет қалмақ қызы Нұрбикеден туған. Тінет қана бәйбішенің баласы деседі. Қарабастың өзі сүйіп алған әйелі Кіші жүздегі он екі ата Байұлының Жаппас аталығынан шыққан Сарымырза байдың қызы Қиялсұлу. Одан Құдайберген, Қожамқұл атты екі ұл, Қарсақ есімді бір қыз бала көрген. Бір ұлы Қойбағар қалмақ әйелінен. Ал төртінші ұлы Есберлі Қалқаман өліп, әмеңгерлікке алған әйелінен. Сонымен, Құдайберген, Қожамқұл, Қойбағар, Есберлі — төрт ұлдан тараған тұқым Қарабас аталығымыз дейді.

Ақшығанақтан 22 шақырым жерде Қарсақбасы шыңы бар, сол шыңның бойындағы Алакөл, Алабұғалы деп аталатын екі көлдің жағасы Қарабастың ата қонысы. Бірде қалмақтар қазақтың жеріне кіріп кетіп, үлкен дау туады. Екі жақ айтысып, айтысып ақыры мынадай шешімге келеді: екі жақтан екі әйелді күреске шығарайық, қай жақ жеңсе, сол елге жер қалатын болсын дейді. Күрес шыңның басында болады. Күреске Қарабастың қызы Қарсақ шығып, жеңіске жетеді. Жеңіп қоймай, қалмақ жағынан шыққан адамның жасанды шашын сыпырып алып, «әйел болып келіп едің, еркек қылып жіберейін» деп ұятқа қалдырады. Сөйтсе, қалмақтар ер адамды әйелше киіндіріп шығарған екен. Ұялғандарынан жерді босатып, жөндеріне кетеді. Сол жер Қарсақ қызының атымен Қарсақбасы шыңы аталады. Қарабас шыңның басына шығып, қарауыл қарайды екен. Қарабастың зираты мен Қарсақбасы шыңының арақашықтығы 120 шақырымдай. Қарабас тоқсанға келіп қайтыпты. Ол кісінің бұ дүниеден озғаны да аңызға бергісіз. «Екінің бірі үйде отырып өледі, ал менің Қарабас атағым бар, қайткенде жаудың қолынан өлуім керек» деп, жау шапты дегенде атқа мініп, жауға қарсы шапқан екен дейлі. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұ дүниеден озған  уақыты қозы күзем кезі деп отыратын.

Бұл аталықтан батыр да, бай да, ақын да, жазушы да, ғұлама молда да, сонау қиыншылық кездің өзінде Меккеге барған қажы да шыққан. Жалпы Қарабастың әкесі Көшейге әкесі Шақшақ мейіріммен батасын берген екен. Көшейден тараған ұрпақта атақ-даңқы бар адамдар жетерлік. Мысалға Ахмет Байтұрсынов Қарабастың інісі Қалқаманның ұрпағы. Ақын Сырбай Мәуленов Қарабастың інісі Аюдың ұрпағы. Кешегі төл теңгемізге қол қойған, Ұлттық банктің төрағасы Ғалым Байназаров Қарабастың өз ұрпағы.

Өткен жазда өз нағашым, көп жыл облыстық банктің төрағасы болған Кеңесбек Мәулетов, белгілі жазушы Сабыржан Шүкіров, ақын Серік Тұрғынбеков, атақты Ақмолда қажының ұрпағы Сармахан әдейі іздеп, ата басына зиярат етуге келіп кетті. Мен Нұрадан күтіп алып, жол бастап алып бардым. Ақын Серік Тұрғынбеков 1965 жылы Торғай аудандық «Жаңа өмір» газетінде жарияланған «Қарабас күйі» балладасында:

Тұншығып шығара алмай дала демін,

Жарқабақ жатқан бейне жалақ ерін.

Қарсақ шың аза тұтып ауыр мұңды,

Таса алмай жатты еркіндеп Қара көлім,—

деп аңызға айналған атасын бала көңіл іңкәрлікпен жырласа, енді міне салиқалы ел ағасы жасына келген азаматтардың бабалары жатқан жерді өз көздерімен көріп, құран бағыштап, иықтарынан бір жүк түскендей риза көңілмен аттанғандарының куәсі болдым.

Бабаның жиені ретінде сәл де болса қызмет көрсеткеніме менің де көңілім марқайды. Міне, баба туралы нақты дерек осындай. Қарабас аталығы Әлім руында да, Шөмекей руында да бар екенін білемін.

Ақсақалдың мақаласындағы Орта жүздің адамы біздің жерге қайдан келген деген  сауалға байланысты өзім білетін осы жайларды көпшілікке ұсынғанды жөн көрдім.

Қасымбек ӘБДІРАХМАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Руым Карабас, Атам Абдирахман елде атамды Капан деп атаган. Атам Торгай сапхозында койшы болган.
    Сиздин жазган макаланызга мында мын рахмет!Балашаганыздын кызыгын кориниз, Алла разы болсын.
    Озимнин ата-тегимди улкен кисилерден еститин тугынмын.Канша китап окысакиа озимиздин ру туралы бундай малиметти окымаппын. Еки улыма отырып тусиндирсемде тусиндиреалмайтын тугынмын.Сиздин макаланызды окып еки улым Альмади мен Альтаир кай тектен шыккандарын толыгымен тусинди.
    Осылай тусиндирип жазганынызга коп рахмет! Улкен алгысымызбен балаларым Альмади мен Альтаир жане озим Мурат.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button