Жаңалықтар

Жас спортшылар ұзақ күткен кешен пайдалануға берілді

Қуаныш

Қарғалы ауданы Бадамша ауылындаденешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Аталған кешеннің құрылысы 2018 жылы басталған-ды. Бірінші мердігер жосықсыз деп танылып, онымен арадағы келісімшарт бұзылды.

Қарғалы ауданына алғашқы жұмыс сапарында облыс әкімі Асхат Шахаров аталған нысанға бас сұғып, жаңа мердігерді анықтауды, құрылысты сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырыс берушіге міндеттеген еді.

2023 жылдың соңында жаңа мердігер ретінде «Baspana Build» ЖШС анықталды. Кешен құрылысын аяқтауға уәде берген компания спорт нысанының қалған құрылысына 126 млнтеңге жұмсады.

Спорт кешенінің ресми ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Нұрлан Өнербаев спорттың өскелең ұрпақтың денсаулығы мен тұлғалық дамуына тигізер маңызын ерекше атап өтіп, жаңа спорт кешенінің аудан жастарының жетістіктеріне жол ашатындығына сенім білдірді.

Салтанатты іс-шара аясында 2024 жылды қорытындылауға арналған шағын футболдан жастар арасында аудандық ашық турнир ұйымдастырылды. Турнирге ауданның ең үздік командалары қатысып, жоғары деңгейде ойын  көрсетті. Сондай-ақспорттық жарыстар мен турнирлер барысында ауданның жас спортшылары өз шеберліктерін көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Спорт кешені заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған.  Мұнда бокс, волейбол, футбол, дзюдо, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, еркін күрес, президенттік көпсайыс, жеңіл атлетика сынды 9 секция жұмыс істейді.

Қазіргі таңда Бадамша ауылында 6 жарым мың халық тұрады.

А.САЙЛАУҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button