Жаңалықтар

Үш аудандағы қоныстой

Баспана

 Байғанин

Жаңа жыл қарсаңында Байғанин ауданында 49 отбасы баспана кілтінеие болды.

Елуге жуық шаңырақты шаттыққа бөлеген елеулі іс-шараға аудан әкімі Айбек Көпенов,аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құрманғали Әлжанов және қоғамдық кеңес төрағасы Бауыржан Тәжімұратов қатысып, пәтер иелерін құттықтады. Аудан әкімі Айбек Көпенов баспана кілтін алғандарға «Қоныстарың жайлы болсын!» деген тілегін жеткізіп, соңғы үш жылда ауданда тұрғын үйлер пайдалануға берілмегенін, алдағы уақытта Мемлекет басшысының азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасын табатынын айтты.

Бұл күніҚарауылкелді ауылындағы 16 пәтерлі екі қабатты 2 тұрғын үй және 17 жеке үй тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді.

Берілген екі қабатты 16 пәтерлі жалдамалы-коммуналдық тұрғын үй —  Қарауылкелді ауылындағы Аэропорт көшесінде орналасқан №83 және №86 үйлер.Еске салсақ, былтыр баспанамен қамту мәселесін шешу үшін аудан басшылығы екі қабатты  үйлер салуды қолға алған. Соның бірі — Қарауылкелді ауылының Аэропорт көшесінде орналасқан №83 және №86 үйлер. 2020 жылы басталған құрылыс жұмыстары материалдардың қымбаттауына байланысты ұзаққа созылған болатын. Былтыр Байғанин ауданына жасаған жұмыс сапары аясында проблемалық нысанға барған Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жобаны қайта қарап, түзетуге берілген ұсыныстардың қабылданатынын жеткізді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жобаға түзету енгізіліп, нысандардың құрылысы қайта жанданды. Мұндағы құрылыс-монтаждау жұмыстарын мердігер мекемелер —  «АймарСтройСервис» ЖШС және «Рустем-ТехСтрой» ЖШС аяқтады.Ал 17 тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалға берілді. Оған бюджеттен 301 923,0 млнтеңге қаражат бөлінді. Барлық 49 баспана үйге мұқтаж, кезекте тұрған байғаниндіктерге бөлініп берілді.

10 пәтердің кілті — жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, 13 пәтер — көпбалалы отбасыларға, 16 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары санатындағы тұрғындарға табысталды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлеріне және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар санатындағы 6 адам баспаналы болды. Жалғыз тұрғын үйі ел заңнамасында белгіленген тәртіппен «апатты жағдайда» деп танылған 4 аудан тұрғыны жаңа үйге қоныс аударды. Аталғандардың ішінде С.Жиенбаев көшесіндегі ескі үйлерде тұрған азаматтар да бар.

— Баспаналы болуды көптен армандап жүргенбіз. Аэропорт көшесіндегі №86 үйдегі пәтер кілтін алып, қатты қуанып тұрмын. Іші жылы, жарық, әдемі екен. Осындай қуанышқа50 шақты отбасы кенеліп жатыр. Бұл — аудан үшін үлкен жаңалық. Ауданымызда осындай игі істер атқарыла берсін, — дейді пәтер кілтін қолына алған Айгүл Байгутдиева.

Рита ХАЛЫҚҚЫЗЫ,

Байғанин ауданы.

Шалқар

Жаңа жыл қарсаңында Шалқар қаласында пәтер кезегінде тұрған  58 отбасы жаңа баспананың кілтін алды.

Шалқар қаласында екі қабатты 8 пәтерлік 3 жалдамалы коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы толығымен аяқталып, 24 отбасына жаңа пәтердің кілті салтанатты түрде табысталды. Аталған тұрғын үйлер Мемлекет басшысының баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес бой көтеріп, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Құрылыс жұмыстарын «Қолғанат Құрылыс» ЖШС жүргізді. Ал  жобаға жергілікті бюджеттен 291 миллион теңге бөлінді.

Сондай-ақ  «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының және мемлекеттік қолдаудың арқасында 34 пәтер сатып алуға Ұлттық қордан 508 миллион теңгеден астам қаржы, ал облыстық бюджеттен 101 миллион теңге бөлінді. Жалпы 609 миллион  теңге қаржы жұмсалды.

Бұл бастама — аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып, олардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алған 58 отбасы үшін бұл ерекше қуанышқа толы сәт болды. Тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Ойыл

Ойыл ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жаңа үйлердің кілттері табысталды.

Салтанатты іс-шараға қатысқан аудан әкімі Асқар Қазыбаев тұрғындарды көптен күткен қуанышты сәтпен құттықтады.

Бүгін— сіздер үшін ерекше күн. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың арқасында жаңа жылда жаңа баспанаға ие болып отырсыздар. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Баршаңызға жаңа үйлеріңіз құтты болсын!—деді аудан әкімі.

Әлеуметтік қолдаудың нәтижесінде 33 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Пәтерлер аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандарға табысталды.

Тұрғындар мемлекет тарапынан жасалған игі іске ризашылықтарын білдірді.

—Жаңа жылда үлкен қуанышқа ие болып отырмыз. Ұлым Бауыржан мен келінім Гүлшара баспаналы болып отыр. Өте жылы, жайлы, жарық. Облыс және аудан басшыларына алғысымызды айтамыз,—деді аудан тұрғыны Роза Дәулетқалиева.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button