Басты жаңалықтар

Ақтөбеге Мемлекет Басшысы келді

Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысымызға жұмыс сапарымен келді. Президент өңірдегі бірқатар өндірістік кәсіпорынды аралап көріп, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.

«Болашақ» шахтасымен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысқа жасаған жұмыс сапары Хромтаудағы «Болашақ» шахтасын аралап көруден басталды. Шахтаның қуаттылығы жылына 7,5 миллион тонна хром рудасын өндіруге жетеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлына жаңа нысанда 1800 жұмыс орны құрылатыны жөнінде мәлімет берілді. Тартылатын инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асады.

Eurasian Resources Group директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов «Болашақ» шахтасы ERG компаниялар тобының ірі инвестициялық жобаларының бірі саналатынын атап өтті.

Кәсіпорын «Миллионное» және «Алмас-Жемчужина» кенорындарын игерумен айналысады. Кен қазу ісіне автоматты режимде бұрғылайтын интеллектуалды бұрғылау қондырғысы, қашықтан жер үстінде басқару жүйесі, сондай-ақ толықтай автоматтандырылған жүк көтеру машиналары сияқты озық технологиялар мен заманауи құрал-жабдықтар қолданылады. Компания басшысының айтуынша, Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасын іске қосу— еліміздің тау-кен өнеркәсібіндегі тарихи оқиға болмақ.

Президент Хромтаудағы колледж жұмысын жоғары бағалады

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжіне барды. Президентке бұл білім ошағы еліміздің батыс өңіріндегі тау-кен саласына мамандар даярлайтын жалғыз кәсіптік оқу орны екені баяндалды. 1979 жылы негізі қаланған колледжде 1157 оқушы кенші, ұңғылаушы, кен байытушы, слесарь, тау-кен электр механигі, электр монтері және басқа да мамандықтар бойынша білім алып жатыр.

Оқу орнының директоры Бағдашжан Молдашева Мемлекет басшысына білім беру үдерісінде қолданылатын озық технологиялар жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, колледжде теориялық білімді тәжірибемен ұштастыратын дуальды оқыту жүйесі енгізілген. Оқушылар колледж аумағындағы оқу-шахта полигонында өндірістік тәжірибеден өтіп, техникамен жұмыс істеудің күрделі әдіс-тәсілдерін меңгереді. Сондай-ақ жаттықтырушы-симуляторлар арқылы шахтадағы жағдайға барынша ұқсас ортада жұмыс дағдыларын үйренеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев колледж жұмысымен танысқаннан соң оқушылармен және түлектермен кездесті.Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында дуальды оқыту жүйесінің аса қажет екенін жеткізіп, аталған колледждегі теория мен өндірісті ұштастыру арқылы жүргізіліп келе жатқан білім беру ісіне жоғары баға берді.

Президент тау-кен саласы ел экономикасының маңызды бөлігі екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланған 2025 жылы отандық өнеркәсіпті қолдауға баса назар аударылады.

Қанатқақты жоба және сыйға тартылған автобус

Содан соң Мемлекет басшысы №1 Хромтау орта мектебін аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев мектептің білім беру ісіндегі ерекшеліктерімен және оқушылардың зертханалық жұмыстарымен танысты. Президентке бұл оқу ордасы «Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологияларды қолдана отырып дамыту» пилоттық жобасына енгізілгені жөнінде ақпарат берілді.Қанатқақты жоба шағын жинақты мектептерде цифрлық технологияларды қолдану арқылы білім берудің сапасы мен оқытудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Жоба аясында мұғалімдер қашықтан тәжірибе алмасады.

Мемлекет басшысы аталған білім ошағындағы және басқа да ауыл мектептеріндегі оқушылардың ашық сабағына онлайн-режимде қатысты.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев шалғай елді мекендерде тұратын балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін мектепке автобус сыйға тартты.

Арнайы экономикалық аймақ: 1,2 триллион теңге инвестиция, 5 мың жұмыс орны

Мемлекет басшысы Ақтөбе қаласындағы болат құбырларын шығаратын зауыттың жұмысымен танысты.Кәсіпорын жылына 20 мың тонна өнім өндіреді. Құны 3,5 миллиард теңге болатын нысан биыл шілде айында пайдалануға берілген.

Зауыт құрылтайшысы Мирғали Бурбаевтың айтуынша, қазір өндіріс орнында құбырларды, металл әзірлемелерін дайындайтын қондырғылар іске қосылған.

Президентке зауытты дамытудың ұзақмерзімді жоспары баяндалды. Кәсіпорын алдағы уақытта шығарылатын өнім түрлерін көбейтіп, цехтардың қуаттылығын арттыруды көздеп отыр.

Облысқа жасаған сапары аясында Мемлекет басшысы Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Президентке облыс әкімі Асхат Шахаров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Облыс басшысының айтуынша, биылғы 11 айда аймақ экономикасының өсімі 6 пайызды құраған. Ал өнеркәсіп өндірісі 4 пайызға артып, осы жылдың алты айында шетелден тартылған тікелей инвестиция көлемі 175 миллион долларға жеткен.

Президентке Ақтөбе қаласының әуежайын мультимодальды хаб ретінде дамыту үшін мұнда арнайы экономикалық аймақ құрылатыны жөнінде мәлімет берілді. Бұл жобаға 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция тартып, 5 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Облыс әкімі Мемлекет басшысына өңірде жүзеге асырылып жатқан және 2025-2027 жылдарға жоспарланған инвестициялық жобалар туралы да айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақтөбе қаласында салынатын жаңа құрылыс нысандарының макеті таныстырылды. Президент тапсырмасына сай, шаһарда 700 орындық драма театры және 35 мың көрерменге арналған көпфункционалды стадион бой көтермек.

Облысқа жасаған сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе қалалық полиция департаментінің жедел басқару орталығының ғимаратын аралап көрді.Нысан өңірдегі 15 мыңға жуық бейнекамера арқылы жергілікті жердегі ахуалды нақты уақыт режимінде тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді.

Орталықтыңжеделзалында 32 инспектор мен 102 шұғылжелісінің 3 операторы жұмысістейді.

Қасым-ЖомартТоқаевқа Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов полиция қызметінде қолданылып жатқан цифрлық жобалар туралы баяндады.

Қазір облыста 5 жедел басқару орталығы жұмыс істеп тұр. Осы орталықтар арқылы өңірде 1,8 мың қылмыстық құқықбұзушылық ашылып, 187 мың жол жүру ережесін бұзу дерегі анықталған.

Сонымен қатар Президентке ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологиясы қолданыла бастағаны туралы мәлімет берілді.

Аталған технология бақылау камераларындағы бейнеге талдау жүргізіп, жоғалып кеткен азаматтарды табуға көмектеседі. Сонымен қатар арнайы платформаға жүктелген фотосуреттер арқылы күдіктілердің бет-бейнесін танып, қажетті мәліметтерді де ұсынады. Бұдан бөлек жол жүру ережесін бұзу деректерін тіркеп, көлік қозғалысын қадағалауға жәрдемдеседі.

Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет екенін айтып, қоғамда заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етудің маңызына назар аударды.

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Президент облыстық перинаталды орталықтың қызметімен де танысты. Медициналық нысанда жылына 8200 нәресте дүниеге келіп, 13 мыңнан астам адам ем алады. Сонымен қатар «Аңсаған сәби» жобасы аясында жылына 130 экстракорпоральды ұрықтандыру жасалады. Ал ерте араласу орталығында 200 бала оңалту шараларымен қамтылады.

Президентке орталықта туа біткен сырқаты бар нәрестелерге 50 кардиохирургиялық және офтальмологиялық ота жасалғаны туралы мәлімет берілді.  Орталық ашылғанға дейін мұндай диагнозы бар сәбилер Астана қаласында емделген.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа мекемеде жыл басынан бері жүзеге асырылып жатқан «Бір күндік клиника» жобасы таныстырылды. Аталған бастама қанмен берілетін ауруларды ерте бастан анықтауға көмектеседі. Осы жоба аясында бүгінге дейін 6 мың әйел медициналық тексеруден өткен.

Мемлекет басшысы мекеме қызметкерлерімен әңгімелесіп, олардың жұмысына табыс тіледі.

Бұдан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе қаласындағы «Химик» стадионының базасында ашылған балалар футбол академиясына барды.Заманауи үлгіде жабдықталған нысанда жыл бойы спортпен айналысуға жағдай жасалған. Қазір академияда 780 бала үздік халықаралық тәжірибе бойынша жаттығады. Онда спортзалдары, әкімшілік, оңалту, ем-дом және басқа да қызмет көрсету кабинеттері орналасқан.

Мемлекет басшысы академияны аралап көріп, жасөспірімдермен және жаттықтырушылармен әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды зиянды әрекеттерден сақтау үшін оларды спортқа көптеп тартудың маңызы зор екенін айтты.

Аkorda.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button