Басты жаңалықтарЖұмысшы мамандықтары жылы

Темірлік оқушылардың танымдық сапары

Көктемгі каникул кезін танымдық саяхатқа арнап жүрген оқушылар да бар екен. Темір ауданынан келген бір топ жоғары сынып оқушылары өз болашағын бағдарлау мақсатында облыстық газет редакциясына және баспаханаға арнайы ат басын бұрыпты. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ұйымдастырылған игі іс оқушылардың журналистика және баспа ісі саласымен жақын танысуына жол ашты.

Журналистика тарихына саяхат

«Ақтөбе Медиа»ЖШС Баспасөз клубында бас қосқан оқушылар журналистиканың даму тарихымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Музейде журналистиканың ғасырлық жолын көрсететін құнды жәдігерлермен танысып, баспасөздің бай тарихын тереңірек түсінді.
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин жас оқырмандардың баспасөзге деген қызығушылығын жоғары бағалап, жастар арасында медиасауаттылықты дамыту үшін осындай іс-шаралардың маңызды екенін атап өтті. Ал «Ақтөбе» газетінің қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Мұратбек Ержақыпов оқушыларға облыстық басылымның қалыптасуы мен даму жолы туралы баяндады.
Музей сөрелерінде тұрған ескі жазу машиналары, алғашқы газеттің сарғайған беттері, пленкалы фотоаппараттар, диктафон мен көне факс — барлығы оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Әрбір жәдігер — өз заманының куәсі, уақыт бедерін сақтаған құнды мұра.
Қазақ баспасөзінің қара шаңырағының бірі — «Ақтөбе» газеті былтыр 100 жылдығын атап өтті. Бұл —  бір ғана басылымның емес, бүкіл қазақ журналистикасының мерейтойы. Газет — тек жаңалық жеткізуші ғана емес, елдің шежіресі, халықтың айнасы. Осы ғасырлық тарихтың әр кезеңінде журналистер елдің үнін жеткізіп, қоғамның маңызды мәселелерін көтеріп отырды.
Бұл сапар сіздер үшін үлкен тәжірибе болары сөзсіз.  Газетті оқу, оны түсіну — қоғамның дамуын түсіну деген сөз. Сондықтан  сіздерге осы басылымның тарихымен, оны дайындау, басып шығару үдерісімен танысу үлкен сабақ болады деген сенімдемін
, — деді Мұратбек Ержақыпов.
Оқушылар газеттің ең алғашқы нөмірлерін, түрлі марапаттар мен басылым қызметкерлерінің тарихи суреттерін қызыға тамашалады. Газет журналистерінің жетістіктері де шығармашылық бұрышта жинақталған. Журналистикаға қызығушылығы бар оқушылар үшін бұл нағыз шабыт сыйлайтын, мамандықтың маңызын тереңірек ұғынуға мүмкіндік беретін ерекше сәт болды.
Бүгінгі экскурсия маған ерекше әсер етті. Журналистика тек мақала жазу ғана емес, оның артында терең ізденіс пен қажырлы еңбек, үлкен жауапкершілікбарын түсіндім. Музейге қойылған ескі жазу машинасына қарап тұрып баспасөздің қалай дамығанын көз алдыма елестеттім.Бұл мамандыққа деген құрметім одан сайын арта түсті. Болашақта осы салада еңбек еткім келеді,— деді Қызылжар орта мектебінің 9- сынып оқушысы Арайлым Мақсұт.
Ескі басылымдарда жарық көрген мақалаларды оқыған оқушылар сол дәуірдің ақпарат тарату ерекшеліктерімен де танысты. Әсіресе ел тарихына әсер еткен оқиғалар жайлы жазылған ақпараттар жасөспірімдердің қызығушылығын оятты.
Газет — тарихтың тірі куәгері. Газеттің сарғайған беттерінде өткен дәуірдің қиындықтары мен жетістіктері бар. Бұндай жәдігерлер жас ұрпаққа өткеннен сабақ алып, келешекке сеніммен қарауға көмектеседі,— деген Мұратпен Ержақыпов газет тілшілерінің мақала жазу тәртібін, тақырып таңдаудың маңыздылығын, ақпарат жинау мен оны өңдеу жолдарын жан-жақты түсіндірді.

Газет қалай жарыққа шығады?

Редакциядағы танымдық кездесуден соң оқушылар баспаханаға бет бұрды. Бұл — газеттің жарыққа шығатын жері. Мұнда олар баспа процесінің әр қадамымен егжей-тегжей танысты. Баспахана қызметкерлері оқушыларға қағаз таңдау, бояу жағу, мәтін мен суретті беттеу, дайын өнімді басып шығару сияқты маңызды кезеңдерді түсіндірді.
Газетті шығару —  үлкен технологиялық процесс. Біз мұнда макеттің баспаға дайындалуынан бастап, оны қағазға түсіргенге дейінгі әрбір қадамды мұқият қадағалаймыз. Әрбір бет оқырман қолына жетпес бұрын бірнеше тексерістен өтеді, — деп түсіндірді өндіріс бөлімінің басшысы, тәжірибелі баспагер Бижамал Қарамұрзина.
Баспахана қызметкерінің айтуынша, тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін өндірісте сағатына кемінде 25-30 мың дана газет басылып шығады. Сонымен қатар журналдар, әдістемелік құралдар мен кітаптар да осы баспахананың өнімі. Ал баспаханаға қажетті материалдар Алматы қаласынан сондай-ақ көрші Ресей мемлекетінен алынады. Еліміз бойынша үздік бестікке кіретін баспахана 2010 жылы ашылған.
Осыдан 15 жыл бұрын ашылған баспахана қазіргі таңда заманауи құрылғылармен жабдықталып, толық жаңғыртылды. Құрылғылар — Үндістан, Жапония, Германия елінің озық технологиялары. Дегенмен орталықта баспа ісін меңгерген мамандар тапшы. Осыған байланысты өңірдегі жоғары оқу орындарымен бірлесіп, кәсіби мамандар даярлау мәселесін қолға алып жатырмыз, — деген Б.Қарамұрзина кадр жетіспеушілігін тілге тиек етті.
Газет шығарудың жолын теория тұрғысынан түсіндірген маман оқушыларды газет-журнал, кітап басылатын цехқа кіргізді. Алып құрылғылар, машинкалардың дүрсілдеген дауысы, бояу мен майдың иісіне өндіріс мамандары әбден үйренген.
Баспа білгірі бұл салада 42 жыл еңбек етіп келеді. Қызығы мол мамандықтың қыр-сырын білуге асыққан оқушылар бөлім басшысына сұрақ қойып, әңгімесін тыңдады.
Жұмысқа алғаш келген кезім есімде. Бастапқыда қағаздың, баспаға қолданатын қара майдың, жанармайдың иісімен қоса, неше түрлі моторлы машиналардың құлақ бітердей дауы­сына үйренісе алмадым.
Жұмысқа кіргеніме жарты жыл өткен соң Алматы қаласына барып арнайы мамандану курсын оқып келдім. Оқуға баспахана директоры Казим Ильясұлы жіберген еді.Өйткені сол кезде офсеттік басылымның өндіріске жаңа еніп жатқан кезеңі болатын.
Жалпы, баспаханадағы еңбек жолым қызыққа толы. 42 жылдық тәжірибемде әр кезең өзінің ерекшелігімен есте қалды. Сан түрлі технологияның тілін меңгердік. Бастапқыда газет шығару өте қиын болды. Бояу ауыстыратын м
ашиналардың валиктері өте ауыр еді. Оларды әлсін-әлсін бояудан тазалап сүртетінбіз. Зілдей қорғасын наборлардан тұратын гранкалар көлемі А4 форматындағы бетпен бірдей болатын. Ал қорғасын әріптермен жасалған газет макетінің гранкідегі салмағы 20 келіден асатын. Күліп-ойнап жүріп, талай ауыр да қиын жұмыстарды жа­садық. Қандай да бір бланк, кітап, газет бассақ та қағаздың әр данасын санап тұрамыз. Ол бізге үйреншікті әдетке айналып кетті. Кей кездері ұсақ, көлемі жіңішке болып келетін әріптер мен тыныс белгілеріқағаз бетіне түспей қалады. Кейін оны жоғалып кетпес үшін қалтамызға салып аламыз. Келесі ауысымға келетіндер «үтірім қайда?» деп қалтамыздағы әріптерді іздеп жүреді (күліп).
Бұл баспа цехынан облыс бойынша барлық мекемелер пай­даланатын бухгалтерлік есеп қа­ғаздарының түр-түрі, кітаптар, шағын кітапшалар, журналдар, құттықтау қағаздары, тіпті арнайы сандары көрсетілген театр, спектакль билеттері де басылады
, — деген баспа білгірінің естелік әңгімесін тыңдаған оқушылар газеттің дайын өнімге айналуына қаншама адамның еңбегі қажет екенін түсінді.
Біз мерзімді басылымды тек дайын күйінде оқып үйренгенбіз. Ал оны шығаруға осыншама еңбек, уақыт, шеберлік қажет екенін енді түсіндік. Әсіресе әрбір беттің дизайны мен суреттердің қалай басылатыны ерекше қызықтырды. Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Дегенмен бұл сала сақтық пен жауапкершілікті қажет етеді екен, — деді №4 Шұбарқұдық орта мектебінің 9-сынып оқушысы Бақдәулет Бердімұрат.
Аудан оқушыларының танымдық сапарын ұйымдастырған Темір аудандық білім бөлімінің мамандары оқушылардың осындайдемалысын облыстағы мәдени, тарихи орындарда өткізуді әдетке айналдырған.

Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button