Жыр жампозы Нұрпейіс

Биыл халық ақыны, жырау, жыршы Нұрпейіс Байғаниннің туғанына 165 жыл толады.
Нұрпейіс ақынның туған жылына байланысты сәйкеспейтін дерек те бар. Мысалы, ақынның 1945 жылы жарыққа шыққан таңдамалы жинағына жазған алғысөзінде Сәбит Мұқанов оның туған жылын «1858 жыл» деп көрсетеді. Дегенмен кейінгі зерттеулердің барлығында дерлік 1860 жыл көрсетілген.
Ақынның мектебі
Нұрпейіс Байғанин Темір ауданындағы Ақсай ауылына жақын Сүлікті деген жерде дүниеге келген.Ақынның әкесі Байғана қарапайым шаруа адамы екен де, ал анасы Үміт ел есінде әнші, күйші, ақындық та дарыны бар, өнерлі адам ретінде қалған.
Кеңес заманында танымал тұлғалардың қай-қайсысының өмірбаяны да «жалшылықта жүріпті, жоқшылық тауқыметін тартыпты» деген сарында жазылғаны белгілі. Нұрпейістің де балалық шағында анасынан ерте айырылғаны, мүгедек болып қалған әкесін асырап, өз күнкөрісін табу үшін еңбекке ерте араласқаны, бір байдың қозысын баққаны, қозыны қасқыр жеп, сөйтіп, байдың баланы қаңғыртып жібергені айтылады. Одан әрі ел аралай жүріп, ән-жыр айтып күн көрген деседі. Бір жарым ғасыр уақыттан кейін бұл жайттардың ақ-қарасын ажырату қиын, алайда өнер жолына ерте түскені, жасынан-ақ «бала жыршы», «Шүрен бала» атанып, жұртын жырмен сусындатқаны анық.
Ақынның мектебіне келсек, Сәбит Мұқанов: «Кіші жүзге қараған он екі ата Байұлын, алты ата Әлім ұлын, жеті ата Жетіруды аралап жыр айтқан Нұрекең, сол кездегі қазақтың атақты ақындары Марабайға, Нұрымға, Мұратқа, Әбубәкір Кердеріге, тағы басқаларға кездесіп, олардың тамаша ақындық мектебінен сабақ алады», — деп жазыпты.
Аты аталған ақын, жыраулардың ішінде Әбубәкір Кердерінің жасы Нұрпейістің өзімен шамалас. Алайда 1942-1944 жылдар аралығында Нұрпейістің әдеби хатшысы болған Қуандық Шаңғытбаевтың естелігінде айтылғандай, ақын оны ұстаз тұтқан: «Өлеңнің кілтін мен Әбубәкір Кердеріден үйрендім, — дейтін Нұрекең. — Ол оқыған адам еді ғой. Ал мен қысқа жіп күрмеуге келмей, оқусыз қалдым. Әттең, қолыңа қалам алып, ойыңды ақ қағазға емін-еркін теріп отырғанға не жетсін?».
Кеңестік заманға дейін…
Филология ғылымдарының докторы, профессор, фольклортанушы Оразгүл Нұрмағанбетова «Нұрпейіс Байғанин» атты мақаласында ақынның көзін көрген замандасы Қожаш Елешовтің: «…елдің ойын-тойы, шілдеханасы Нұрпейіссіз болған емес. Үлкен ас-тойларда, ақындардың айтысы бар жерлерде Нұрекеңді арнайы шақырып алушы еді, ол топты сүйетін еді», — деген сөзін келтіреді.
Ал кеңес өкіметі орнаған тұста ақынның жасы 60-қа жақындаған болатын. Осы орайда ойымызға белгілі журналист, жазушы Уәлихан Қалижанұлының «жыр алыбы» атанған Жамбыл Жабаев туралы: «Жамбылды тану үшін жаңа көзқарас, жаңа таным керек. Мәселен, Жамбылдың революцияға дейінгі өмірі әлі толық зерттелмей келеді. Жамбыл жай ғана ақын емес, ол —күрескер ақын. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде 61 жасына қарамай, көтерілісшілерді қолдап, жыр арнады», — деген пікірі еске түседі. Нұрпейіс Байғанин өмірінің де Қазан төңкерісіне дейінгі бөлігі бүгінгі ұрпаққа, жыр сүйер қауымға көп насихатталмайды. Ол да — 1916 жылы халықты қолдаған күрескер ақын. Тарих ғылымдарының кандидаты Беркін Құрманбеков бұл жайында: «Патша жарлығы жарияланып, ел іші ала топан болған кезде Нұрпейіс көтерілісті ашық қолдайды. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде мына бір деректі келтіруді жөн көрдік. Қазақстан Республикасы мемлекеттік орталық архивінде Троицк партия ұйымының мүшесі С.Ужгиннің естелігі сақталған. Сол құжатта жыр алыбы Нұрпейіс Байғаниннің 56 жасында ел аралап, жастарды Ресей патшасына қарсы көтеріліске шақырып, өзінің жалынды жырларымен халықты жігерлендіре түскені баяндалады», — деп жазыпты.
Қазақтың жыраулық, жыршылық мектебінің ең соңғы асыл тұяқтарының бірі болған Нұрпейіс Байғанин «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қырымның қырық батыры», басқа да көптеген жыр-дастанды жырлаған. Алайда белгілі ғалым, әдебиет зерттеушісі Есмағамбет Ысмайылов айтқандай, «Нұрпейіс білетін батырлар жыры толық жазылып үлгерілмеді».
Өкінішке қарай, Нұрпейістің өз эпикалық шығармаларының да бізге тек кеңестік саясаттың ықпалымен өзгеріске ұшыраған нұсқалары жетті. Бұл ретте профессор Оразгүл Нұрмағамбетованың пікіріне жүгінсек: «Әрине, біздің қолымызда «Ақкенже», «Нарқыз» поэмаларының революцияға дейінгі айтылған варианты жоқ. Дегенмен советтік дәуірде ақын бұл поэмалардың оқиға желісіне тың детальдар қосып, сол арқылы таптық күресті айқындай түскені байқалады. Өйткені қазақ қызының ашықтан-ашық ханға қарсы күресуі ол кезде мүмкін емес еді, бұл — соңынан қосылған жаңалықтар».
80 жылдық мерейтой
Халықтың өз ішінен шыққан ол — топты, топ оны сүйетін ақындарды кеңес билігі партияның беделін арттыру жолында барынша пайдалануға тырысты. Мұның, әрине, екі жағы болды. Халық ақындарына әдеби хатшылар тағайындалып, олардың жыры баспа бетіне шықты. Айталық, Нұрпейістің «Біздің көл» аталатын өлеңі 1938 жылы 18 наурызда облыстық «Социалистік жол» (қазіргі «Ақтөбе») газетінің 63-санында жарық көрді.
Ақынның үш әдеби хатшысы белгілі: Мәселе Жаңабайұлы, Ахмет Ескендіров және Қуандық Шаңғытбаев.
1938 жылы Нұрпейіс ақын республика астанасы Алматыға — Жамбыл шығармашылығының 75 жылдық тойына шақырылды. Тойға шашу ретінде ол «Ақын шабыты», «Жамбылға», «Ғасырдың қарт бұлбұлы», «Көрімдік», т.б. өлеңдер шығарып ала барыпты. Қазақ КСР Жоғарғы Советі оған осы жылы «Искусствоға еңбегі сіңген қайраткер»атағын берген.
Келесі жылы Қазақ совет жазушыларының ІІ съезіне делегат болып Алматыға тағы да барды. Съезден кейін ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған.
1940 жылы ақын «Құрмет белгісі» орденімен наградталды. Осы жылы оның 80 жылдық мерейтойы облыста кеңінен атап өтілді. Облыстық газеттердің 20 шілде күнгі нөмірлері ақын мерейтойына арналып, республика басшыларынан бастап жан-жақтан жауған құттықтау жеделхаттар көптеп басылыпты.
Жұртының жанашыры
Өмірінің соңғы жылдарында ақынның әдеби хатшысы болған Қуандық Шаңғытбаевөз естелігінде Нұрпейіс Байғаниннің соңғы сәт, ақтық деміне дейін өз жұртының, туған тілінің жанашыры болып өткенінәсерлібаяндайды.
«Ақтөбе облысының еңбекшілері оны Еңбекшілер депутаттарының облыстық Советіне депутат етіп сайлап, зор құрмет көрсетті. Көптеген сайлаушы өз депутатымен жиі кездесіп, үнемі ақылдасып тұратын.
Бір күні Нұрекеңнің үйіне жасөспірім бір жігіт келіп, ФЗО мектебіне оқуға түскісі келетінін, бірақ оның басшылары оқу басталып кеткендіктен, мектепке қабылдамай отырғанын айтты.
— Олай десе, дұрыс болар. Өтірік айтып неғылсын? Балам, заңға біз де қарсы болмайық. Өзің ертең келіп, жолықшы. Мүмкін бір ретін табармыз, — деді Нұрекең.
Ертеңіне әлгі баланы облыстық атқару комитетіне ертіп апарып, барған шаруасын тындырып қайтты. Сонысына өзі балаша қуанып, мәз болып оралды.
— Өзі отты бала екен. Адам болайын деп тұр. Түбінде жақсы жұмысшы болады, — деп сүйсінді.
Арада бір жылдай уақыт өтті. Бір күні жаңа келген поштаны оқып отырып, әлгі жігіттің хатына кездестік. Ол өзінің ФЗО мектебін жақсы бітіргенін, қазір Чкалов облысының бір заводында жұмыс жасап жүргенін жазыпты. Хаттың ұзын-ырғасы: «Мен қазір маман болдым, ата! Осы жұмысым өзіме ұнайды. Соғыс жылының ауыртпалығына қарамай, өз дегеніме жетіп, дербес өмір жолына түскенім — сіздің көмегіңіздің арқасы. Мен сіздің қарыздар балаңызбын!».
Хат ақынды қатты қуантты. Мұндай қуаныш оның күнделікті тұрмысында жиі болып тұратын жағдай еді», — деп еске алады Қуандық ақын.
Осы естелікте Нұрпейістің үйіне келген бір қонақтың «есікті ашыңыз» деудің орнына «откройте двор» деп айтамын деп, ақыннан ескерту алғаны туралы да жазылыпты.
Алдымен әлгі қонақты:
«Алғадан келген шұбар-ай,
«Откройте двор-ай».
Әліпті таяқ деп білмей,
Орысшаға құмар-ай», — деп түйреп өткен ақын соңынан жаймашуақ түрде: «Орыстың дверін «двор» етіп бұзбай-ақ қояйық. Қазақтың тілін дұрыс білсек те, жарамай ма?» — деп, ақылын айтыпты.
Нұрпейіс ақынның кейінгі ұрпаққа тағы бір өсиеті, осылайшаҚуандық Шаңғытбаевтың естелігі арқылы жетіп отыр.
Қазақтың сан ғасырлық тарихы бар жыраулық мектебінің ең соңғы өкілдерінің бірі, ақын Нұрпейіс Байғанин осыдан тура 80 жыл бұрын, 1945 жылдың 9 сәуірінде дүниеден өтті.
Айна САРЫБАЙ.