«Үнемі тоқ жүреміз…»

Аспаз Гүлжанат Досмағамбетовадан мамандығының артықшылығы туралы сұрағанымызда, бізге осылай деп жауап берді. Осы салада он жылға жуық қызмет ететін кейіпкеріміз екі күн демалыста жұмысын сағынатынын айтады.
— Аспаздық өнерді арнайы оқымадым. Аталған салаға 42 жасымда өз қалауыммен келдім. Өйткені тамақ өнеркәсібіне қай кезде де сұраныс мол. Жұмыссыз қалмайсың. Әрі басқа жұмыстан басты артықшылығы — үнемі тоқ жүресің. Меніңше, мамандық ауыстыруға, жаңа саланы игеруге ешқашан кеш емес, — дейді Гүлжанат.
Ұзақ жылдар бойы мейрамханада әкімші ретінде жұмыс істеген ол аспаздық саланың алғышартын 1,5 айда үйренгенін айтты. Қазір Гүлжанаттың қолынан келмейтіні жоқ: кешенді түскі ас, бәліш, кез келген тағамды әзірлейді.
«Әр істің өзіне тән қиындығы болатыны белгілі. Ас дайындау аса ауыр шаруа емес, шындап кіріссең үйренесің. Оны өзгелерге ұнайтындай етіп әзірлеу — басты мәселе. Әйтпесе келушілердің көңілінен шығу қиын. Сын айтатындар көптеп кездеседі. Жалпы, адамдармен жұмыс істеу үлкен жауапкершілік пен шыдамды қажет етеді», — дейді әңгімелесушіміз.
Сөйте тұра, өз кәсібін жақсы көретінін, тіпті сенбі, жексенбі күндері үйіне сыймай, жұмысын сағынатынын айтқан Гүлжанаттың ұлы Азамат та аспаз екен. Үйде де ас әзірлеуден қашпайтынын айтқан ол адам сүйікті ісімен айналысқанда ештеңеден жалықпайтынын қосты.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.