Мереке

Адал еңбек пен татулық — тәуелсіздік тұғыры

Алтай ТАЙЖАНОВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор:

— Тәуелсіздік күні – қазақ халқы үшін, барша қазақстандықтар үшін ерекше мереке. Тәуелсіздік — мемлекеттің өз саясатын өз еркімен жүргізуге қабілеттілігі. Тәуелсіздікке қол жеткізу — зор бақыт. Алайда қазіргі жаһандану заманында оны сақтау — өте күрделі, қиын іс. Ол үшін ең алдымен халқымыздың берекелі бірлігін сақтау маңызды.
Тәуелсіз азат елде ғана тәуелсіз сана, отаншылдық, патриоттық сезім қалыптасады. Қазіргі алмағайып заманда біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейтуіміз керек.
Тәуелсіз елдің азаматы мемлекет тәуелсіздігін нығайтып, егемен ел ретінде әлемге үлгі боламыз десе, ең бастысы, адал адам болып, адал еңбек етуіміз керек, адал табыс тауымыз қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтты. Президент сол алқалы жиында бізге алдағы уақытта тәуелсіз елдің басты ұстанымдарын, бағыттарын атап берген-ді. Ол — тәуелсіздік пен отаншылдықты түсіне білу, бірлік пен ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.
Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес — күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен ұдайы жалғаса береді. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет.
Осы орайда мен облыс халқын, Қазақстан жұртшылығын Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Тәуелсіздік тұғыры берік болсын!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button