Құқық

Әділетті мемлекет құрудың басты қағидасы

Құқықтық тәртіп

Қоғамда тұрақтылық болуы үшін бәріміздің де тәртіп пен заңға құрмет көрсету —міндетіміз. Ата Заңға бағынып, жалпы қоғамның мүддесін қорғауелдің еркіндігін, ертеңгі күнін сақтап қалудың айғағы екені анық. Ол үшін ең алдымен туған елдің қадіріне жете жету қажет һәм тарихы мен құндылықтарын толық біліп, өткені мен ертеңіне жауапкершілік алсақ болғаны.

Қазақ елі өзінің сонау қалыптасуынан бері әділеттілік, теңдік және еркіндік принциптерін жоғары қойған. Бұған дәлел тамырын тереңге жайған тарихымызда жатыр: қоғамда әділеттілікті, тәртіпті және тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған Қасым ханның «Қасқа жолы»; ұлттық бірлік пен ынтымақты күшейту үшін жасалған Есім ханның «Ескі жолы»; қазақ қоғамының құқықтық жүйесінің басты үлгісі болған Тәуке ханның «Жеті жарғысы».Бұл заңдар — ұлттың сан ғасырлық даналығын бойға сіңіріп, ұлы даланың тәртіп пен бірлікке негізделген ғұмырнамасын көрсететін асыл мұрамыз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында әділеттілік тақырыбын алға тартты. Ол өз сөзінде: «Біз — берекелі бірліктің арқасында түрлі сынақтан сүрінбей өткен халықпыз. Алдағы уақытта да солай болмақ. Бәріміз бір ел болып, әділетті және дамыған Қазақстанды бірге құрайық. Сонда әркім өз елінің кірпіші болып қаланып, арман-мұратына жете алады.Ол үшін Үкімет мүшелері, әкімдер, депутаттар және барша қоғам өкілдері әрдайым отаншылдық идеясына адал болуға тиіс. Әр іс елге деген жанашырлық ниетпен жасалуы керек. Біз еліміздің байлығын үнемдеп пайдалансақ, табанды еңбек етсек, салық төлесек, өз өнімдерімізді сатып алатын болсақ, түрлі жобаларға инвестиция салсақ, мемлекетіміздің қуатын арттыра түсеміз. Демек, Отанымызға да, отбасымызға да пайдамыз тиеді деген сөз», — деп, қалың жұртты бірлікке шақыра отырып, әрі қарай алдағы уақытта ел игілігі үшін жасалар жұмыстармен таныстырып, сол жұмыстар жолында қызмет етер тұлғалардың міндеттерін атап өтіп, оларға деген өз сенімін білдірді.

Ауызбіршілік орнату үшін бірізділік, ортақ Заңға риясыз сенім және ұлтжандылық үстемдік ету керек. Құқықтық тәртіптің қамтитын өрісі де осы.

Құқықтық тәртіптің нәтижесінде қоғамда жауапкершілік, әділеттілік және қауіпсіздік сезімі қалыптасады, бұл мемлекеттің дамуының негізін құрайды. Құқықтық нормалардың орындалуы азаматтар арасында теңдік пен әділеттілікті қамтамасыз етеді, ал бұл өз кезегінде бейбіт, тыныш заман әкеледі. Қоғамда құқықтық мәдениет қалыптасуы үшін әр азамат өзінің құқықтары мен міндеттерін білуге тиіс. Бұл ретте заң тек жазалау құралы емес, керісінше, азаматтарды қорғап, олардың бостандығын қамтамасыз ететін тетік ретінде қабылдануы қажет. «Заң бар жерде — тәртіп бар, тәртіп бар жерде — тұрақтылық бар» деген қағида дәл осыны айқындайды.

Құқықтық тәртіптің қамту аймағы кең: ол тек қылмыспен күресті емес, экономикалық тұрақтылықты, әлеуметтік әділеттілікті және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді де көздейді. Мәселен, құқықтық реформалар елдің экономикалық дамуына оң әсер етіп, инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Ал әлеуметтік әділеттіліктің орнауы қоғамдағы теңсіздік мәселелерін шешіп, халықтың мемлекетті қолдауын нығайтады.

Құқықтық тәртіптің сақталуы — мемлекетіміздің тыныштығы мен дамуының кепілі. Әрбір заңды шешім, әрбір әділ қадам біздің болашағымыздың негізін қалауға қызмет етеді.

Әділетті қоғам құру міндетін орындау үшін құқықтық тәртіптің негізін қалау— басты борышымыз. Еліміздің әрбір азаматы құқықтық тәртіпті сақтау арқылы мемлекетке сенім артады. Осы сенім жалпы ұлттық идеяға айналғанда, біз тек Қазақстанның ішіндегі емес, әлемдік аренадағы беделімізді нығайтамыз!

Адамкелді АМАНКЕЛДІ,

М.Бөкенбаев атындағыАқтөбе заң институтының инспекторы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button