Заң мен тәртіпҚұқық

Құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті

Ақтөбе өңіріндегі жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды.

Отырысқа құқыққорғау органдары, прокуратура органдарының өкілдері, қала және аудан әкімдері, бірқатар басқарма басшылары қатысты.

Күн тәртібінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның атқарған жұмысы және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, Қазақстан Республикасы Үкіметі 2023 жылы бекіткен Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жоспарының орындалуы, Ақтөбе қаласы, Ойыл, Мәртөк және Қарғалы аудандары әкімдерінің құқықбұзушылықтың алдын алудағы қабылдап жатқан шаралары және тағы да басқа мәселелер қаралды.

Аталған жиында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың 25%-ке төмендегенін, алайда, оң динамикаға қарамастан, бұл бағытта шешілмеген мәселелер де бар екендігіне назар аударды.

Құқық бұзған балалардың тең жартысы бұрын-соңды бақылауға алынбаған, бұл білім беру ұйымдары тарапынан девиантты мінез-құлықты ерте анықтау жұмыстарының жеткіліксіздігін көрсетеді. Баяндамашы осыған байланысты  тәуекел топтарымен жұмыс сапасын арттыру қажет екендігін алға тартты.

Ақтөбе облысы ПД бастығының бірінші орынбасары-полиция полковнигі Ардана Саймағамбетов өңірдегі ЖКО статистикасын келтіріп, былтырғы жылы болған апаттар санының артқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, қазіргі уақытта облыста ЖҚЕ бұзушылықтарын анықтайтын 130 автоматтандырылған кешен пайдаланылуда, ал қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін автожолдардың апатты-қауіпті учаскелерінде күшейтілген полиция нарядтары қойылды, 15 – «Автоураган» мобильдік кешені және пилотсыз дрондар пайдаланылуда, олардың көмегімен 50 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаменті басшысының орынбасары Құндыз Сейітбаттал әкімшілік айыппұлдарды өндіру туралы деректерді келтірді.

Қала әкімі Азамат Бекет құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Ол қылмыс деңгейінің төмендегенін, дегенмен алдын алу шараларын одан әрі күшейту, кәмелетке толмағандар мен халықтың осал топтарын әлеуметтік бейімдеу қажеттігін атап өтті.

Баяндамашыларды тыңдаған өңір басшысы жастар арасындағы қылмыстың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.

«Азаматтардың қауіпсіздігін арттыру және құқықбұзушылық деңгейін төмендету үшін жасөспірімдер мен жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша қосымша бағдарламалар әзірлеп, енгізу, сондай-ақ білім беру мекемелерінде құқықтық тәрбиеге арналған қосымша сабақтар ұйымдастыру қажет. Балаларды қылмыстық әрекетке тарту қаупі туралы олардың хабардарлығын арттыру үшін ата-аналармен кездесулер өткізу. Құқыққорғау органдары жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, осы мәселелерде өзара іс-қимыл жасауы тиіс. Сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға, сондай-ақ ішкі істер органдарында немесе әлеуметтік қызметтерде есепте тұрған балалар мен жасөспірімдерге қолдауды күшейту қажет. Біздің әрқайсысымыз қылмыстың алдын алуға және облыстағы әлеуметтік жағдайды жақсартуға өз үлесімізді қосуымыз керек. Тек бірлескен күш-жігермен ғана өңірімізде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз», – деп атап өтті әкім.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button