Ақтөбеде онкологиялық диагностика орталығын ашу жоспарлануда
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Orhun Medical компаниясымен денсаулық сақтаудың сегіз ауқымды жобасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойды. Олардың қатарында бірқатар өңірде онкологиялық ауруларды диагностикалау сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы позитрон-эмиссиялық томография орталықтарын құру да бар.
Атап айтқанда, Ақтөбеде осындай орталықтардың бірін ашу жоспарлануда, бұл облыстың медициналық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болмақ.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Orhun Medical бас директоры Гоненч Н. Дирикпен кездесіп, өңірде орталық ашу жөніндегі жобаны іске асыру мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында Гоненч Н. Дирик Ақтөбе облысы компания үшін маңызды өңір болып саналатынын және онкодиагностика орталығын құру тұрғындарға өңір аумағынан шықпай-ақ, озық диагностикалық зерттеулерден өтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол орталықтың іске қосылуы онкологиялық аурулармен күрес саласындағы ауқымды жобаларды дамытудың бірінші кезеңі болатынын жеткізді.
«Көптеген жыл бойы өңірдің ем алушылары онкологиялық ауруларды диагностикалаудың мамандандырылған орталықтарына жүгініп келеді. Жақында Ақтөбеде онкологиялық диагностиканың жаңа орталығы ашылады, ол барлық қажетті тексерулерді тікелей сол жерде жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл пациенттер үшін диагностикаға қол жеткізуді айтарлықтай жеңілдетеді, оларды Астанаға немесе Алматыға бару қажеттілігінен босатады. Орталықтың ашылуы – үлкен жобаның бірінші кезеңі ғана. Алдағы уақытта онкологиялық ауруларды емдеуге бағытталған жаңа бастамаларды іске асыру жоспарлануда»,
деді Гоненч Н. Дирик.
Облыс әкімі Асхат Шахаров компанияның бастамасына қолдау білдіріп, медициналық қызметтердің сапасы мен диагностиканың қолжетімділігін жақсарту үшін жобаның маңыздылығын алға тартты.
Ақтөбедегі позитрон-эмиссиялық томография орталығын келер жылы іске қосу жоспарлануда.