Басты жаңалықтар

Ақтөбе — жылқы шаруашылығының отаны

Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан дерекке сүйенсек, Қазақстанда түрлі бағыттағы 13 жылқы тұқымы өсіріледі. Соның ішінде етті-сүтті бағытындағы Қостанай, көшім, мұғалжар тұқымдары ерекше сұранысқа ие. Кез келген ауа райына төзімді, өнімділік қасиеті жағынан да әлемдік стандартқа сай келетін жеті қазынаның бірі — сәйгүліктердің саны ел бойынша 4 миллионнан сәл асады. Ал асылтұқымдысы — 46 мың. Бұл мал баққан, төрт түлік өсіруге ден қойған ел үшін соншалықты көп те емес.

15 қараша күні Астана қаласында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырғаны, іле-шала бұның Ақтөбеден ашылатыны белгілі болды. Бұның сыры неде және жаңа орталық нақты немен айналысады? Осы және өзге сұрақтарға жауапты біз құзырлы орган өкілдері, сала мамандарынан білген едік.

 Қолдау бар. Ал қайтарым ше?

 Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, жылқы шаруашылығын дамыту үшін ең бірінші кезекте жайылымдық жер көлемін ұлғайтып, ата-баба тәжірибесі мен ғылыми негіздерді басшылыққа алу керек. Соңғысы өз деңгейінде тек арнайы мамандар жиналған институтта ғана іске асады.

Ел Президенті атап өткендей, қазір асылтұқымды жылқыларды іріктеуге және өсіруге ерекше назар аударып, сол арқылы мал санын арттыру қажет.Ол үшін мемлекет тарапынан жылқы шаруашылығын дамытуға бағытталған қолдау шаралары жүргізіліп жатыр. Атап айтсам, саланы субсидиялауға соңғы бес жылда 4,9 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар биыл депутаттық корпус жылқытанушы ғалымдар жүргізген үлкен жұмыстың арқасында мініс және мініс-жегін бағыттарындағы жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және молайту жөніндегі арнайы заң қабылданды. Сол бойынша қолданыстағы мемлекеттік қолдау ережелеріне қостанайлық жылқы тұқымының популяциясын жандандыруға және қалпына келтіруге мүмкіндік беретін жаңа бағыттар енгізілді. Алдағы 5 жылда осы мақсаттарға 3 негізгі бағыт бойынша 700 миллион теңгеден астам қаражат бөлуді жоспарлап отырмыз.Осылайша өндірушілердің асыл тұқымды айғырларды сатып алу шығындары өтеліп, қаражаттың едәуір бөлігі асылтұқымды мал басын ұстауға бағытталатын болады.Бұл шараларды іске асыру қостанайлық жылқы тұқымының санын 3-4 есеге арттыруға мүмкіндік береді.

Жылқы шаруашылығындағы ғылыми қолдаудың  да маңызын атап өткен жөн.2022 жылдың қараша айында Мемлекет басшысы адай жылқысын тәуелсіз тұқым ретінде ғылыми тану бойынша шаралар қабылдауды тапсырғаны белгілі. Осы тапсырманы орындау үшінминистрлік Маңғыстау облысының әкімдігімен Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, тиісті жұмыс жүргізді, нәтижесінде 2023 жылғы желтоқсанда адайжылқы тұқымы ресми түрде танылып, елдің селекциялық жетістіктерінің тізіміне енгізілді.

Тұқымдардың селекциялық қасиеттерін жақсарту мақсатында ғылыми демеу бойынша жұмыстар жалғасуда, 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында адай және Қостанай жылқыларын жетілдіруге, сондай-ақ өнімді жылқы шаруашылығын дамытуға (жабы, көшім, мұғалжар) бағытталған 2 ғылыми-зерттеу бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыстар басталды. Осы бағытта мемлекеттік бюджеттен шамамен 1,5 миллиард теңге бөлінді.

Жылқы шаруашылығы мен жемшөп өндірісінің ғылыми-зерттеу институтының құрылғаны да — осы қолдаудың бір көрінісі. Біздің ортақ күш-жігеріміздің арқасында елімізде жылқы шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңі басталды деп айтуға болады.

Ендігі кезекте институттың алдына қойылған негізгі міндеттер — барлық мүдделі ұйыммен, соның ішінде оқу және ғылыми мекемелермен ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру, еліміздің жылқы өсіруші ғалымдарының кадрлық базасын құру және даярлау, отандық жылқы тұқымдарын шетелдік нарыққа шығару, ұлттық деликатес — ет-сүт өнімдерінің қазақстандық брендтерін ғылыми негіздеу және құру, жылқы шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, — дейді Аманғали Бердалин.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Панабек Бимұратовтан білгеніміздей, Ақтөбеде жылқы шаруашылығымен 2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы айналысады. Ал өңірдегі Қамбар ата тұқымының жалпы саны 320 мыңнан асады.

Жаңадан құрылған жылқы шаруашылығы және жемшөп өндірісі институтының негізгі міндеті – асылтұқымды жылқыларды өсіру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және отандық тұқымдарды халықаралық нарыққа шығару. Институт алдағы 5 жылда асылтұқымды жылқы санын 6-7 пайызға арттыруды міндет етіп отыр. Сондай-ақ еліміздің аграрлық жоғары оқу орындарында жылқы шаруашылығын тереңдетіп оқыту жоспарда бар.

Ембідегі зауыттың ізімен…

Осы салада бірнеше жыл бойы еңбек етіп келе жатқан ғалымдар Ақтөбені жылқы шаруашылығының отаны деп атап, жуырда өңірде Қамбар ата төлін дамыту жайын республикалық деңгейде ұйымдастырылған дөңгелек үстел басында талқылады. Расында, Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты неліктен Ақтөбеде құрылды? Осы сұрақты жоғарыда аталған жаңа орталықтың басқарма төрағасы Әлібек Базарғалиевке қойған едік.

— Біріншіден, Ақтөбеде жылқы шаруашылығының ет-сүт бағытындағы республикалық әмбебап палатасы  бар. Екіншіден, Қазақстанның түкпір-түкпірінен осы өңірден жылына 300-ден астам айғыр сатып алынады. Яғни жылқы жануарының аталығына сұраныс зор.  Оны былай қойғанда, кезінде Мұғалжар ауданының Ембі қаласында жылқы зауытының болғанынан көпшілігі хабардар. Әрі Ақтөбедемұғалжар мен көшім тұқымдары  шығарылды. Бұның барлығын негізге алып, ғалымдармен ақылдаса келеосы Ақтөбедегітәжірибе станциясының базасында жылқы институтын құру туралы шешімге тоқтадық.

Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде қостанай жылқысы жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұр. Соны сақтап қалу, әрі жаңа тұқымдарды шығару — институт алға қойған мақсаттың бірі. Ұзақ қашықтыққа шабатын адай жылқысын да спорт бағытында одан әрі дамытып, бұл іске ғылыми тұрғыда қолдау білдіруді көздейміз. Сол үшін орталыққа білікті кадрларды, жылқытанушыларды жинауды мақсат етіп отырмыз. Бірақ мұндай мамандардың да саны өте аз. Көбінің жасы егде тартқан. Сондықтан жастарды көбірек баулысақ, қажет болса оларды шетелде оқытсақ деген ой-тілегіміз бар, — дейді ол.

Жаңа тұқым һәм ғылыми көзқарас

Ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығымен айналысатын «Асылтұқымды адай жылқысы» қауымдастығының төрағасы Жаңбырбай Дәрменов жылқы институты кез келген «ер қанатын» ғылыми тұрғыда зерттеп, оны жаңа деңгейге шығару үшін қажет екенін алға тартады. Сол арқылы әлемдік нарықта төл жылқыларымыздың бет-бейнесін қалыптастырып, одан бренд жасау — басты мұрат.

Былтыр адай жылқысы асылтұқымды статусын алды. Бұл үшін ғылыми ізденістер, генетикалық сараптама жүргізілді. Швейцариядан келген маман аттың мініс кезіндегі көрсеткіштеріне дейін тексерді. Сөйтіп, дүниежүзі бойынша тағы бір асылтұқымды жылқы пайда болды. Бұл қылқұйрықтының аталған тұқымын спорт бағытында, яғни үлкен бәйгелерге қосу үшін жасалған жұмыс еді.  

Қазір әлемде ұзақ қашықтыққа шабатын жылқылар Араб елдерінде, Еуропада кеңінен насихатталып келе жатыр. Биыл Астанада өткен «Ұлы дала ойындары» дүбірлі додасындағы қатысушылардың санынан-ақ бұған қызығушылықтың қандай екенін байқадық. Ендеше, неліктен елдегі басқа да жылқы тұқымдарын соған бейімдемеске?! Бір ғана тұқыммен шектелу аздық етеді.

Адай тұқымының 1300 төлі бар. Барлығына генетикалық сараптама жасалды, құжаты банкте сақтаулы. Ендігі мақсат — мініс, жүріс-шабыс бағытттарындағы жылқылардың санын арттыру. Бұл істе жаңадан құрылған институт қолғабыс көрсетсе, жалпы жылқы шаруашылығын жандандырса, біздің басқа қалауымыз жоқ. Осы жағынан келгенде Ақтөбеде іске асырылып жатқан бастаманың берері мол. Үкіметтік деңгейде бұған ерекше мән беріліп отырғандықтан, сала мамандары үлкен үміт артып отыр, — дейді.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button