Облыс баспасөзінің тарихымен танысты
Ынтымақтастық
Ақтөбедегі Қытай Халық Республикасының Бас консулдығының өкілдері «Ақтөбе медиа» ЖШС қызметкерлерімен кездесті.
Бас консулдықтың бірінші басшысы Го Юи мен консулдықтың атташесі Цзоу Сяолянь алдымен редакция музейін аралады. Медиахолдинг директоры Раукен Отыншин облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Ақтөбе» мен «Актюбинский вестник» газеттерінің әр жылдардағы тігіндісін көрсетіп, басылымдардың тарихымен таныстырды. Сондай-ақ серіктестік басшысы биыл ашылған консулдық Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға серпін беретінін, өңірлер арасындағы экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жыл өткен сайын кеңейіп келе жатқанын айтты.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей екі ел арасындағы өзара келісім ынтымақ пен достыққа, жан-жақты стратегиялық серіктестік құруға бағытталған.
Биылғы жыл — біздің басылым үшін мерейлі жыл. Өйткені «Ақтөбе» газетіне 100 жыл толып отыр. Президентіміз 100 жыл толуына орай құттықтау хат жіберді, Алғыс хат жолдады. Облыс әкімі Асхат Шахаров редакцияға арнайы келіп, марапаттарды табыстап, ұжымды құттықтады, — деді серіктестік директоры.
Ал серіктестік директорының орынбасары Айгүл Нұркеева қос басылымның өңір журналистикасындағы орны туралы айтып берді.
— Облыс баспасөзінің қарашаңырағына келгеніме, қызметкерлерімен кездескеніме қуаныштымын. «Ақтөбе» мен «Актюбинский вестник» газеттерінің тарихы, олардың облыс журналистикасындағы орны туралы біліп, танысып жатырмыз. Биыл «Ақтөбе» газетіне 100 жыл толған екен. Барлық қызметкерлерді құттықтаймын! Жалпы консулдықты ашудағы мақсат — екі ел арасындағы ынтымақтастық, достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту. Тек экономикалық емес, туризм және ғылыми-мәдени тәжірибе алмасу жағынан да екі ел арасындағы байланыс кеңейе түспек, — деді Го Юи.
Сондай-ақ бас кеңесші бұндай кездесулер жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, қызметкерлерге сәттілік тіледі.
К.ҚОПАЕВА.