Дина күйшінің мұрасы
Тұсаукесер
2022 жылы Астанада Күйшілер аллеясы ашылып, халқымыздың күй өнерінің саңлақтары — есімі ең танымал 101 күйшінің аты қашалып жазылған белгітас орнатылған болатын.
Ал бұл идеяның авторы — ғалым, «Күй анасы» республикалық қоғамдық қорының төрағасы, жерлесіміз Төлеген Қуанышев.
Жуырда Ақтөбедегі Бәйішев университетінде Төлеген Қуанышевтің «Ғасыр саңлағы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға университет оқытушылары мен студенттер, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, сондай-ақ журналистер қатысты.
«Ғасыр саңлағы» — «Күй анасы» атанған Дина Нұрпейісова туралы кітап. Ал Төлеген Қуанышев — күйшінің ұрпағы, нақтыласақ, Дина оның нағашы әжесі болып келеді…
— Менің анам Ақжан — Динаның ұлы Жұрынбайдың қызы. Ол кісі педагогикалық білім алған. Осы Ақтөбеде тұрды, көзінің тірісінде мәдени іс-шараларға белсене араласты. 1980 жылы анама белгілі күйші Қаршыға Ахмедияров арнайы келіп жолықты. Дина әжеміз туралы деректер жинап жүр екен. Мен ол кезде Мәскеуде аспирантурада оқитынмын, үйге демалысқа келген кезім еді. Анаммен әңгімелесіп, қажетті деректер сұрап, суреттер алған соң, сөзін маған бұрды: «Ғылым жолына түскен екенсің. Болашақта Дина әжеңді насихаттауға, оның мұрасын жинауға үлес қосасың деп сенемін» — деді. Жас кезімде бұл сөзге мән бермеген едім. Өйткені мен өнертанушы емеспін, басқа саланың адамымын, ал Дина күйшінің мұрасын зерттеу, дәріптеу — өнертанушылар мен күйшілердің ісі, яғни онымен кәсіби мамандар айналысуы тиіс деген ойда болдым. Дегенмен қазір Динаның тәрбиесінде болған немерелері — анамның, нағашы апаларым Балжан мен Гүлжанның көзі тірісінде деректер жинауға кірісіп кетпегеніме өкінемін. Көп құнды дерек, көп сыр солармен бірге кетті. Анам: «Біз Жұбановтарға қарыздармыз» — дейтін еді. Жаңа заман басталған тұста қазақтың күй өнерін дәріптеп, алдыңғы қатарға шығаруға, ең бір алыста жүрген күйшілерді, соның ішінде Дина әжемізді де Алматыға алдыруға олардың көп еңбегі сіңгенін ұмытпасын деп айтса керек. «Ештен кеш жақсы» дегендей, Дина мұрасын түгендеп, оның есімін ұлықтау мақсатындағы істерді қолға алдық. Бүгінгі кітаптан да бөлек көп еңбек, зерттеулер, деректер жиналды. Оның бәрін энциклопедия қылып шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыс белгілі журналист Уәлихан Қалижанның жетекшілігімен жасалып жатыр, — деді Төлеген Қуанышев.
«Ғасыр саңлағы» кітабының бір ерекшелігі — мұнда QR-код арқылы күйшінің 24 күйі, оның ішінде өзі орындаған («Алтын қордан» алынған) күйлері де енгізілген, яғни оқырманның кітапты ақтара отырып күй тыңдауға да мүмкіндігі бар. Автор «Ғасыр саңлағын» ақтөбелік оқырмандарға таныстыруға мүмкіндік ұсынған Бәйішев университетінің басшылығына алғысын айтып, оқу орнының кітапханасына екі кітапты сыйға тартты.
Жиынға қатысушылар күй өнерінің болашағы, балаларды домбыраға баулу, ұлттық аспапты жасайтын шеберханалар ашу, т.б. мәселелер төңірегінде өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.