Денсаулық

АИТВ-ның алдын ал!

Биыл облыста АИТВ жұқпасы бойынша 57 дерек тіркелді. Бұл туралы  «АИТВ жұқпасының алдын алу» тақырыбында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Облыстық ЖИТС орталығының бас дәрігері Айгүл Дүйсенбаеваның айтуынша, ЖИТС адамның жас ерекшелігіне, ұлтына немесе әлеуметтік жағдайына қарамайды.

Аталған жұқпа кез келген адамға жұғуы мүмкін. Бірақ елімізде тұрғындардың жүре пайда болған иммунитет тапшылығы синдромына деген көзқарасы әлі өзгерген жоқ. Оларда «бұл ауруға мұхиттың арғы жағындағы ел немесе нашақорлар ғана шалдығады» деген түсінік қалыптасқан. Рас, алғашқы жылдары елімізде нашақорлар арасында осы дертті жұқтырғандар көп болды. Ал қазір бұл аурудың «қармағына» қарапайым адамдар жиі ілігеді.  Облыста жұқпаның алдын алу мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен кешенді іс-шаралар жүргізіліп келеді. Жыл сайын 1 желтоқсан — Дүниежүзілік жүре пайда болған иммунитет тапшылығы синдромымен күрес күні «Дұрыс жолды — адам құқығы жолын таңдаңыз» ұранымен іс-шаралар өткізіледі. Биыл 10 айдағы қорытынды бойынша 4500-ден астам адамға профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Профилактикалық іс-шаралар арқылы вирус жұқтырған жандарға үрке қарамау керектігін ескертіп, сақтану жолдарын түсіндіреміз, — дейді Айгүл Дүйсенбаева.

Брифинг барысында негізгі топтар арасында жұқпанының алудын алу мақсатында қызмет ететін «Біздің өміріміз», «Сенім тірегі», «Болашақ мұра» қоғамдық бірлестіктері және «Медицина қызметкерлерінің, тәуелсіз сарапшылар мен денсаулық сақтау ардагерлерінің қауымдастығы», «Шарапат», Қызыл Ай, «Пана 04» секілді үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы туралы да айтылды.

— Биыл үкіметтік емес ұйымдар үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 5 461  500 теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бүгінде облыс бойынша адам иммун тапшылығы вирусына шалдыққан  47 ер, 10 әйел адам диспансерлік тіркеуде тұр. Олардың барлығы әртүрлі жағдайда ауру жұқтырған. Бұл вирус ағзаға түскеннен кейін бірден ақ қан түйіршіктерін зақымдауға кіріседі. Вирус бір мезетте миллиондап көбейіп, ақ қан түйіршіктерін біртіндеп жоя бастайды. Ақ қан түйіршіктері азайған сайын адамның қорғаныс қабілеті төмендейді, иммундық жүйесі зақымдалады. Сөйтіп, иммунитеті жоғалған адам кез келген ауру түрінен өліп кетуі ғажап емес. Жұқпаны жұқтырған адам ешқандай ем-дом қабылдамаған жағдайда 5-6 жылдың, әрі кеткенде 10 жылдың ішінде өмірімен қоштасуы әбден мүмкін. Бірақ әлем медицинасы ойлап тапқан препараттарды дәрігердің кеңесімен уақытында қабылдап отырған жағдайда дәрі-дәрмектер ағзадағы ақ қан түйіршіктерін көбейтіп, вирустың белсенділігін төмендетіп, науқастың ұзақ өмір сүруіне кепілдік береді, — дейді ЖИТС орталығының бас дәрігері Айгүл Дүйсенбаева.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button