Педагогикалық идеялар панорамасы
Конкурс
Ақтөбеде «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығының ұйымдастырумен «Педагогикалық идеялар панорамасы — 2024» республикалық конкурсының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.
Аталған конкурс Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен 2018 жылдан бері өткізіліп келеді.
— Конкурс қатысушылары екі кезең бойынша іріктелді. Бірінші — өңірлік кезеңге 420 педагогтің бейнесабақтары мен бейнедәрістері қабылданды. Ұстаздардың жұмыстары тәжірибелік, зертханалық жұмыс, семинар, мастер-класс, цифрлық білім беру ресурсы немесе бейнеподкаст түрінде қабылданды. Конкурстық жұмыстарды сарапшылардан құралған қазылар алқасы бағалады. Өңірлік кезеңнің қорытындысы бойынша 1-ші, 2-ші және 3-ші дәрежелі дипломмен 94 және сертификаттармен 326 педагог марапатталды. Жеңімпаздар республикалық кезеңге өтті. Республикалық байқаудың қорытындысы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Youtube арнасында жарияланады. Бұл конкурстың барлық құжаттары біліктілік санатын беру және аттестациялау кезінде ескеріледі, — деді «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығының облыстық филиалының әдіскері Гүлзада Ғазизқызы.
Ақтөбе қаласындағы №51 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Асылай Қошаманова мектеп ұстаздарының педагогикалық бағыттағы байқауларға жиі қатысатындығын айтады.
— «Педагогикалық идеялар панорамасы-2024» республикалық конкурсы оқытушының мәртебесін нығайтуға және оның имиджін арттыруға көмектеседі. Олар ақпараттық-коммуникациялық және технологиялық құзыреттіліктерін арттырып, тәжірибе жинақтайды. Өңірлік кезеңде мәдениетаралық сауаттылық бағытында жасаған жұмысымды ұсындым. Еңбегім бағаланып, республикалық кезеңге жолдама алдым. Осындай ауқымды жобалар ұстаздардың кәсіби шыңдалуына мүмкіндік береді, — дейді ол.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.