Заң мен тәртіп

Студенттермен кездесті

Жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында полиция қызметкерлері C.Бәйішев университетінің студенттерімен кездесіп, профилактикалық әңгіме өткізді.
Құқық қорғау органдарының өкілдері қоғамдағы нашақорлық, қаржылық алаяқтық, құмар ойындар, экстремизм секілді өзекті мәселелерді көтеріп, жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға шақырды. Студенттерге құқықтары мен міндеттері, Әкімшілік және қылмыстық кодекстерінің талаптары түсіндірілді.
Аталған университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Шыныбек Бұхарбаевтың айтуынша, студенттерге спиртті ішімдіктерге, құмар ойындар мен синтетикалық есірткіге тәуелділіктің зияны мен салдары туралы профилактикалық әңгімелесулер өткізіліп тұрады.
Кәмелетке толмағандар жөніндегі аға инспектор Алмас Жұмабаев жастармен әңгімелесу барысында нақты өмірде кездесетін мысалдарды келтірді.
— Жастар арасында қымызға деген сұраныс жоғары. Әрине, сапалы, қоспасы жоқ, табиғи таза қымыздың адам денсаулығына пайдасы зор екені белгілі. Бірақ қазір құрамында спирт мөлшері шектен тыс көп қымыз сусындары баршылық. Ол адамды масайтады. Қымыз ішіп, көлік тізгіндеген жүргізушілердің қанынан алкоголь табылатын деректердің тіркелуі — соның айғағы. Сондықтан қымыз ішкенде де шектен шығуға болмайды, — деп атап өтті инспектор.
Сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілі жастардың өзін-өзі қорғау үшін пышақтар мен кастеттер алып жүретінін атап өтті.
— Қоғамда әртүрлі жағдай болуы мүмкін, кейде жастар әлденеге келіспей, төбелесіп, бір-біріне қарсы күш қолданатындай жағдайлар да кездеседі. Шама келсе, дау-жанжалды шиеленістірмей, бейбіт жолмен шешкен дұрыс. Ашу — дұшпан деген, төбелестің соңы адам өлімімен аяқталуы мүмкін. Адам қанша жерден өзін қорғау үшін күш қолданғанын айтып, ақталса да, заң алдында жауапкершіліктен құтыла алмайды, мұндай жағдайда күдікті 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, — деп ескертті инспектор.
Сондай-ақ Алмас Жұмабаев қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын, бірақ кәмелетке толмағандардың әрекеттері үшін олардың ата-аналары әрқашан жауапты екенін түсіндірді.
Өз кезегінде полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Мақсат Мәндібай жыл сайын есірткіге қатысты қылмыстар санының өсіп отырғандығын, қаңтардан бері 300-ден астам осындай қылмыс тіркелгенін айтты. Ол жастарға есірткі таратқаны үшін қатаң жаза — он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салды.
Кездесу барысында сөз сөйлеген полиция қызметкерлері жастарды тәртіпті болуға шақырды. Студенттерге бопсалауға, кепілгерлердің қызметіне және оларды ұстауға байланысты түрлі жағдайларды көрсететін бейнероликтер көрсетілді.

А.БАЛЖАНАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button