Заң мен тәртіп

«Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы басталды

25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында облыс аумағында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы өткізіледі.
Акция отбасылық құндылықтарды насихаттауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жәбірленушілерге көмек көрсетуге бағытталған. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Маржан Қорғанбаева, облыстық білім басқармасының бас маманы Әмина Нұрманова және облыстық полиция департаментінің өкілі, полиция майоры Азамат Кукебаев өңірдегі отбасылық құқықбұзушылықтың алдын алу мен акция аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар жөнінде баяндады.
Спикерлердің айтуынша, акцияға мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, облыс тұрғындары тартылатын болады.
Акция аясында көшпелі іс-шаралар, флэшмобтар, тренингтер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимыл алгоритмдері түсіндіріледі. Халық көп жиналатын орындарда сенім телефондарының (111) байланыс деректері көрсетілген ақпараттық материалдар таратылып, билбордтар орнатылады.
Мобильді топтар қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетіп, жайсыз отбасыларды тексереді. Сонымен қатар агрессорлармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында сенім телефондары жұмыс істейді. Мұндай іс-шаралар қоғамдағы отбасының рөлін нығайтып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеуге бағытталған.
Полиция департаментінің өкілі тұрмыстық зорлық-зомбылық куәгерлері мен құрбандары 102, 111 және 150 телефондары арқылы тәулік бойы көмек сұрай алатынын айтты.

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button