Заң мен тәртіп

Жаман әдет жарға жығады

Президент тапсырмасына сәйкес «Жастарға кеңес» жобасы аясында құқық қорғау органдарының мамандары Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің оқушыларымен кездесу өткізді. Іс-шараны облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Басқосуда облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция капитаны Алмас Жұмабаев пен Ақтөбе қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Әнуар Алдаберген өңіріміздегі жастар арасындағы құқықбұзушылық жайында сөз қозғап, нашақорлық пен лудоманияның алдын алу, олардың салдары, сондай-ақ жасөспірімдер арасында буллингке қарсы иммунитет қалыптастыру жөнінде өз ойларымен бөлісті.

— Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал азамат – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар ретінде: «Тағы бір маңызды құндылық, бұл — заң және тәртіп. Заң алдында бәрі бірдей. Бұл — баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуі тиіс», — деген болатын. Шынында, заң мен тәртіп — мемлекет пен қоғам өміріндегі әділеттіліктің белгісі. Сондықтан сіздер заңды қатаң сақтап, қоғамдық орындарда, көшеде құқықбұзушылық жасамай, тәртіпті болуларыңыз керек. Жаман әдеттен аулақ болып, еліміздің үлгілі азаматы болуға тиіссіздер, — деді Алмас Жұмабаев.

Кездесу барысында облыстық жастар ресурстық орталығының  басшысы Самғат Артығалин колледж оқушыларына ұлттық құндылықтарымыз бен ер азаматқа тән шынайы мінез жайында әңгіме өрбітті. Облыста жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жайында айтып берді.

Кездесу соңында жастар құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне өз сауалдарын қойып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.

 Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button