Тоғыз айдың түйіні
Брифинг
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Райхан Қойшанова 9 айда атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндады.
Басқарма басшысының айтуынша, облыс аумағында жұқпалы ауруларға мониторинг жүргізіледі.
— Жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді тәсілі — вакцинация. Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша балаларды және жасөспірімдерді профилактикалық екпелермен қамту көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға өсті. Бұл — тұрғындардың екпенің пайдалы екенін түсіне бастағанының көрсеткіші. Сонымен қатар Ұлттық күнтізбеге сай адам папилломасы вирусына қарсы жасөспірім қыздарға екпе салынып жатыр. Облыс бойынша барлығы 2936 қыз бала АПВ-ға қарсы екпемен қамтылды, — деді Райхан Қойшанова.
Ақтөбе облысы аумағында оба, тырысқақ, күйдіргі, құтырма сияқты аса қауіпті инфекциялар тіркелмеген. Су тасқыны кезінде санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы қарқынды жұмыстар жүргізіліпті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы аумақтық ветеринарлық инспекциясымен бірігіп, су тасқынынан кейін жұқпалы ауруларға қарсы іс-шаралар жүргізген. Сондай-ақ басқарма басшысы тасқыннан кейін жаппай улану, жұқпалы ішек аурулары тіркелмегенін айтты.
— Су басқан аудандардағы және қаладағы сумен жабдықтау жүйелерінде ауыз суға жүргізілетін санитариялық – эпидемиологиялық мониторинг күшейтілді. Барлық сумен жабдықтау объектілеріне профилактикалық жуу, дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. Облыс бойынша су тасқыны кезінде және тасқыннан кейін зардап шеккен тұрғындар, эвакуацияланғандар арасында жаппай тамақтан улану, жіті ішек инфекциялардың және паразиттік аурулардың өршуі сияқты деректер тіркелген жоқ, — деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ол 1075 білім беру нысандарында жоспардан тыс тексерулер жүргізілгенін айтты. Жиынның соңында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.