Мәдениет жанашырына құрмет
Мерейтой
Мәдениет қайраткері, «Құрмет»орденінің иегері Еркін Құрманбеков мерейлі 80 жасқа толды. Мерейтой облыстық тарихи-өлкетану музейінде аталып өтті.
«Талғам мен таным иесі» тақырыбында өткен іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер, мәдениет қызметкерлері мен өнерпаздар, БАҚ өкілдері қатысты. Төрге мерейтой иесі Еркін Құрманбеков пен оның жұбайы Зоя Өтешқызы жайғасты.
Еркін Құрманбеков Әйтекеби мен Молдабайдың өмірі мен шығармашылығын көп жыл зерттеген. Оның бастамасымен мәдениет және өнер мекемелері тәжірибесіне біраз жақсы жаңалықтар енгізілді. «Балдәурен», Жас дәурен» байқаулары ұйымдастырылып, «Әлия гүлі» ансамблі қайта өмірге келді. Әйтеке би қорын басқарды.
Әуелі облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов мерейтой иесіне зор денсаулық тілеп: «Зоя апамызбен бірге немере-шөбере қызығын көре беріңіз!» — деп, жылы лебізін айтып, облыс әкімі Асхат Шахаровтың құттықтау хатын оқып берді.
Ал Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекеттің құттықтау хатын қалалық мәслихаттың төрағасы Анар Даржанова тапсырып,жүрекжарды тілегін айтты.
Одан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов пен «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ботағарин бұрын қызметте қатар жүргендерін атап өтіп, Еркін Жолмырзаұлының тың бастамалары мен еңбегі туралы әңгімеледі.
Еркін Құрманбеков 30 жылға жуық атақты композитор, өнер зерттеушісі, Еңбек Ері Ілия Жақановпен достық қарым-қатынаста болып, «Әнім саған — Ақтөбе» атты үлкен шығармашылық кешін өткізген. Осы ретте «Атамекен-Асылым» ансамблі Ілия Жақановтың «Еділ-Жайық» әнін баянның сүйемелдеуімен орындады. Ансамбльдің жетекшісі Қарагөз Сағынқызы кеш иесіне шапан кигізді.
Еркін Құрманбеков өзінің Жем бойында туғанын, әкесі ерте қайтыс болып, анасы Ақмоншақтың тәрбиесінде өскенін әңгімеледі.
— Қызмет еткен жылдары мәдениет қызметкері, лектор, баяндамашы болдым.Абайдың «Толық адам»ілімін зерттеп, насихаттадым. Тарихи тұлғаларды дәріптедім. Еңбегім нәтиже берді.
Осы тарихи-өлкетану музейінде директор болдым. Сондықтан туған күнімді осы жерде атап өтіп жатқан жайым бар. Бұл — туған күн кеші емес, еңбегімнің есебі деп білемін.
Қазақта «Сау дене, азат ақыл, адал көңіл —Үшеуімен бақытты болады өмір» деген тамаша сөз бар. Мен де бәріңе осы үшеуін тіледім, — деді Еркін Құрманбеков кешті түйіндеп.
Кеш барысында облыстық драма театрдың актер-актрисалары «Айман-Шолпан» қойылымынан үзінді қойып, тағы бір өнерпаз Молдабайдың әнін шырқады.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.