«Бақытты отбасы» орталығының филиалы ашылды
Қолдау
Ақтөбе қаласындағы Есет батыр тұрғын алабында «Бақытты отбасы» орталығы ашылды. Бұл — Алтын Орда тұрғын алабында жұмыс істейтін орталықтың филиалы.
Жаңа ғимараттың салтанатты ашылуына Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет, ақсақалдар, көпбалалы аналар, сондай-ақ Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарынан отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру бойынша семинарға келген мамандар қатысты.
Қала әкімі Азамат Бекет жиналғандарды жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады.
— Бүгін сіздермен бірге маңызды оқиға — қаламыздағы отбасын қолдау орталығының екінші ғимаратының ашылу салтанатына жиналып тұрмыз.
Біздің қаламызда екі жыл бұрын Отбасын қолдау орталығының алғашқы ғимараты Алтын Орда шағын ауданында ашылған болатын. Осы екі жылда орталық қаламыздағы көпбалалы отбасыларға, жалпы қоғамға қажет екенін көрсетті. Ол жерде екі жылда әртүрлі проблемаларымен жүгінген 10 мыңға жуық адамға қолдау көрсетілді.
Міне, бүгін осы орталықтың екінші ғимаратын Есет батыр тұрғын алабынан ашып отырмыз. Бұл да қаланың жаңа ауданы, мұнда 70 мыңға жуық адам тұрады. Жаңа орталық аумағы — 670 шаршы метр, барынша заманауи сұраныстарға сәйкес жабдықталған. Орталық осы аймақтың тұрғындарының игілігі үшін табысты қызмет атқарады деп сенеміз. Жаңа орталық отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Себебі бұл жерде әлеуметтік қолдауға мұқтаж, өмірде қиындықтарға тап болғандар үшін жан-жақты көмек көрсетіледі, — деген қала әкімі орталықта мамандығы жоқ жандарға 9 түрлі курс ұйымдастырылатынын жеткізді. Олардың қатарында тігін, қолөнер, массаж, кондитер, шаштараз, т.б. курстар бар. Мұнда бәрі тегін.
Отбасын қолдау орталығының ашылуы — өңірдегі отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға және қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған игілікті іс. Орталық тұрғындардың ең өзекті мәселелері бойынша жедел көмек көрсетіп, мамандармен бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мұнда қала тұрғындарына психологиялық, заңгерлік көмек көрсетіліп, логопед мамандар қызмет ететін болады. Сондай-ақ әйелдер мен балалардың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырауының алдын алу, дағдарыс орталықтарын қолдау сияқты маңызды әлеуметтік жобалар да жүзеге асырылады.
Орталық директоры Бибігүл Қалелдің айтуынша, мұнда әкелер одағы жұмыс істеп, ер адамдарға қолдау көрсетіледі. Ал курс оқитын әйел-аналар жан-жақты көмек ала алады.
Орталықта тәжірибелі мамандар мен психологтар жұмыс істейді.
Айта кету керек, орталық Есет батыр тұрғын алабы №3 шағын аудандағы №10/13 тұрғын үйдің төменгі қабатында орналасқан.
Д.АЙДАР.