Басты жаңалықтар

Елімізде 46 мың асылтұқымды жылқы бар

Президент тапсырмасы

Ақтөбе қаласында Қазақстандағы жылқы шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Бұл — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылқы шаруашылығы институтын құру туралы тапсырмасын орындау аясында ұйымдастырылған іс-шара.

Кездесуде облыс әкімі Асхат Шахаров Мемлекет басшысының жылқының сапасы мен санын арттыру тапсырмасы аясында тәжірибе станциясының негізінде Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының құрылғанын, бұл істі дамытуға жергілікті атқарушы орган тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

— «Тегіміз —түркі, түлігіміз — жылқы» деп, арғымақты айрықша қадірлеген елміз. Тұтас тарихымыз тұлпардың тұяғымен жазылған. Жалпы, қазақтың мінер көлігі де, ішер асы да жылқымен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында: «Қазір жаһандық азық-түлік нарығында бәсеке күшейіп келеді. Оған төтеп беру үшін ғылымды дамытуға баса мән беру керек. Соның ішінде тұқым шаруашылығын жандандыру стратегиялық міндеттің бірі» деп ерекше атап өткен болатын. Президенттің тапсырмасы бойынша арнайы институт өз жұмысын бастады.

Бүгінгі ғылыми конференцияны өткізу арқылы біз асылтұқымды жылқы шаруашылығын дамытуға арналған ұсыныстар мен жаңа шешімдерді талқылауды көздеп отырмыз, — деді Асхат Берлешұлы.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин бүгінгі таңда еліміздегі жылқының жалпы саны 4,1 миллион екенін, соның ішінде 46 мыңы ғана асылтұқымды екенін баян етті. Алдағы басты мақсат — жылқы санын арттыру. Сол үшін Үкімет тарапынан арнайы заң да қабылданыпты.

Жаңадан құрылған жылқы шаруашылығы және жемшөп өндірісі институтының негізгі міндеті — асылтұқымды жылқыларды өсіру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарды жүргізу және отандық тұқымдарды халықаралық нарыққа шығару. Институт алдағы бес жылда асылтұқымды жылқы санын 6-7 пайызға арттыруды міндет етіп отыр. Сондай-ақ еліміздің аграрлық жоғары оқу орындарында жылқы шаруашылығын тереңдетіп оқыту жоспарда бар.

Іс-шара барысында 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында Адай және Қостанай, Жабы, Көшім және Мұғалжар жылқыларының санын көбейтуге бағытталған екі ғылыми-зерттеу бағдарламасы қолға алынғаны айтылды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген.

Қатысушылар кадр тапшылығы мәселесін де талқылады. Өңірлерде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін тұрақты комиссия құру, жоғары оқу орындарында жоғары білікті кадрлар даярлау жұмысын күшейту, жылқы шаруашылығымен айналысатын ғалымдар мен жастар арасындағы сабақтастықты жолға қою сияқты бірқатар ұсыныс айтылды.

Дөңгелек үстелге Мәжіліс депутаттары Қазыбек Әлішев, Ерболат Саурықов,  жылқы шаруашылығына қатысты еліміздің жетекші ғалымдары мен мамандары қатысты.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button