Мәдениет

Құрмет пен ізет

Мерейтой

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында мәдениет қайраткері, «Құрмет»орденінің иегері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Еркін Құрманбековтің сексен жасқа толуына байланысты «Мақсатпен өрілген еңбек» атты жұртшылықпен кездесу кеші өтті. 

Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин: «Мен жалпы Құрманбековтер әулетін бұрыннан жақсы білемін. Жолмырза Құрманбеков атамыз соғыстан оралғаннан кейін Байғанин өңірінде колхоз басқарған, елдің танымал азаматы болған. Оның балалары Сергей, Еркін, Беркін ағаларымызды, бауырлары Мәнсия, Мәдина апаларымызды біз үлгі тұттық. Өйткені олардың барлығы да білімге, өнер-өркениетке құштар болатын. Біз соларға еліктеп өстік.

Еркін Жолмырзаұлы облыстың мәдениет саласын басқарып, көптеген өнегелі-өркенді шаралардың ұйытқысы болғанын жақсы білесіздер. Ол — көп жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Біздің газеттеріміздің белсенді авторы, тұрақты оқырманы», — дей келе, той иесінің кеудесіне «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісін қадап, Қазақстан Журналистер одағы басқармасының Құрмет грамотасын тапсырды.

Тікелей байланыста қазақтың белгілі композиторы, өнер зерттеушісі Ілия Жақанов той иесін құттықтады.

«Мен Еркін Құрманбековті көп жылдан бері білемін. Елге қадірі бар, ерекше ардақтауға тұратын азамат. Оны өнер мен мәдениеттің шынайы жанашыры деп бағалаймын. Ақтөбе жерінде еліміз тәуелсіздік алғалы бері қаншама танымдық-тағылымдық шаралар өтті, соның бәрінің басы-қасында Еркін Жолмырзаұлы жүргенін көреміз. Анабір жылдары мен Мәртөк өңірінен шыққан ерекше өнер иесі Молдабай туралы зерттеу жүргізгенімде, Еркін інім көп көмегін тигізді. Ел қарияларынан естелік жинауға көмектесті, басқа да қолдауын жасады.

Мен Еркін Құрманбековті сексен жасқа толуымен шын жүректен құттықтаймын және ел үшін жасаған еңбегіне шынайы ризашылығымды білдіремін», — деді ол.

Белгілі лирик ақын Сағи Жиенбаевтың зайыбы Уәзипа апайдың тілегі де жұртшылықты бейжай қалдырған жоқ.

«Мен Еркін Құрманбековті бір жағынан әдебиет жанашыры деп білемін. Ол қай жерде де Сағидың жырларын насихаттап жүреді, өлеңдерін жатқа оқиды. Меніңше, поэзияны сүйген адамның жаны нәзік, жүрегі жылы, мейірімі мол болады. Ерекең де нақ сондай жан. Оның жас таланттарға жасаған қамқорлығы туралы естіп-біліп жүремін. Сондықтан да оның ел ішінде қадірі мол», — деді ол.

«Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Астанадағы Өнер университетінің ұстазы, Қазақконцерт бірлестігінің әнші-солисі, дәстүрлі жыршы Айгүл Елшібаева болса, «Менің өнердегі жолымды ашқан, таланттар байқауына жіберіп, қолдау көрсеткен Еркін Жолмырзаұлына алғысым әманда шексіз» деп жылы лебізін алыстан жеткізді.

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлнәр Сейталина, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының жетекшісі Роман Рахиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжанов, Ақтөбе планетарийінің директоры Қорлан Бөлеков, мемлекеттік қызмет ардагерлері Шайзада Ахметова, Зәпен Жақсыбаева, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақтыгүл Әбиева және басқалары той иесін құттықтап, оның руханият-мәдениет саласындағы ерен еңбегін атап көрсетті.

Облыстық халық шығармашылығы орталығы «Әдеп» халықтық тобының әншілері, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегерлері Қуанышгүл Серікбаева мен Құралай Әленова мерекелік шашу ретінде домбырада сүйемелдеумен әсем әндерге кезек берді.

Бүгінде танымал өнер иесі атанған Қуанышгүл Қалымқызы Ақтөбе музыкалық колледжін тәмамдаған соң облыстық халық шығармашылығы үйіне қызметке алынып, содан бері жемісті еңбек етіп келе жатқанын Еркін ағаның қолдауы деп бағалап, ыстық ықыласын білдірді.

…Жақында ғана Еркін Жолмырзаұлы Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасына қолға түсе бермейтін өзінің мыңнан астам кітабын сыйға ұсынды. Бұл танымал мәдениет қайраткерінің облыстың рухани дамуына қосқан кезекті үлесі деп қабылдауға тұрарлық.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button