Білім

Ынтымақтастық — шеберлікті шыңдау кепілі

Семинар

Мұғалімдердің  білімі мен біліктілігін, кәсіби дамуын арттыру, жеке тұлғаны жан-жақты қалыптастырудағы мектептердің өзара ынтымақтастығын күшейту бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осындай мақсаттағы тәжірибе алмасу семинары жақында Орал қаласында ұйымдастырылды.

Ақтөбе қаласындағы №30 орта мектептің директоры Индира Әмитжанованың басқаруымен Ақтөбеден бірнеше мұғалім осы семинарға қатысып келдік.

Аймақтық семинардың алғашқы күні Орал қаласындағы №33 жалпыға білім беретін орта мектебіне бардық. Бұл білім ордасы 2021 жылы 30 желтоқсанда ашылған. Мектеп ғимараты жаңа, әдемі.

Семинар барысында «Жасанды интеллект— оқушы—мұғалім» инновация көрмесі ұсынылды. Көрмеде қазіргі заманға сай цифрлық технологияны меңгерудегі мұғалімнің оқу-тәрбие процесінде қолданылатын жасанды интеллектпен жұмыс жасау әдіс-тәсілдері көрсетілді. Campus tour «Инновация және технология», «Білім және экология» орталықтары көрсетіліп, ондағы заманауи жаңа жабдықталған жұмыстар таныстырылды. Оның ішінде музыкалық орталықтар, біртұтас тәрбие аясындағы Даналық мектебі, экологиялық білім беру мақсатында ашылған орталық жұмыстары көрсетілді.

Жастардың шығармашылық алаңы, сондай-ақ«Мектеп миссиясы мен бренді» көрсетілді. Бұл жерде «ZhaStar TIME— 33» жобасы аясында 33 жас ұстаздан құралған шығармашылық алаңының жұмыстарымен таныстық. Жастар заманауи тұрғыда өз мақсаттары мен міндеттерін негізге ала отырып, жоғары дәрежеде шығармашылық деңгейлерін байқатты.

Бұл білім ордасының ерекшелігі ұжым мүшелерінің 80 пайызы «Қолдау. Сенім. Мүмкіндік» ұранымен жұмыс жасап жүрген жастардан құралған. Мектептен Жаңа Қазақстанды құратын, озық ойлы ұлтты қалыптастыратын, адал азаматты тәрбиелеудегі жаңашылдықтың лебі ескен білім ордасын көрдік. Осындай білім ордасының қалыптасуына ұйытқы болып жүрген ұжымға және жастарға барынша қолдау көрсетіп, шығармашылықпен жұмыс жасауына ықпал етіп отырған мектеп кәсіподақ ұйымының төрағасы Райхан Махметова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Үміт Тұрдалиева және мектеп басшысы Үміт Ерғалиеваның еңбектерін ерекше атауға болады.

Сонымен қатар Орал қаласының эстетикалық бағыттағы гимназиясында болдық. Бұл гимназияның өзіндік ерекшелігі —білім алушылар гуманитарлық бағыттағы тереңдетілген пәндерден тұратын үйірме жұмыстары мен қосымша сабақтарға қатысып, арнайы куәліктер алып шығатындығы.

Мектеп басшысы Әлия Қайыржанова мектептегі осы бағытта жұмыс жасап жатқан заманауи кабинеттер мен орталықтар жұмыстарымен, мектептің ұстанған бағыты және мақсат-міндеттерімен  таныстырды.

Бұл аймақтық семинардан ерекше көңіл күймен, жаңашылдыққа деген ұмтылыспен оралдық.  Ақтөбе-Орал қалаларындағы ынтымақтастық тәжірибе алмасу тандемі жалғасын табатынына сенім мол.

 

Ләззат ӘЛІШЕВА,

Ақтөбе қаласындағы №30 орта мектептің мұғалімі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button