Басты жаңалықтар

Әуе қорғанысы күштері институты — ұшқыштар ұстаханасы

Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Ақтөбе әуе қорғанысы күштері әскери институты — еліміздегі әскери ұшқыштар даярлайтын жалғыз оқу орны. Қазір мұнда 700-ден астам курсант білім алып жатыр. Институт елімізден бөлек, алыс-жақын шетелдерге де авиация мамандарын даярлайды.  Республика күні қарсаңында БАҚ өкілдеріне әскери институттың оқу-жаттығу процесінен бастап, әуе кемелерінің мүмкіндігі көрсетілді.

Л-410 ұшағы және үлкен мүмкіндік

Оқу орнының қала шетіндегі әуеайлағында курсанттар  ұшақ, тікұшақтармен әуеге көтеріледі. Бұл жерде курсанттардың жаттығуына барлық мүмкіндік қарастырылған.Мемлекет басшысының әскерді заманауи техникамен жабдықтау керек деген тапсырмасынан кейін  былтыр институт қос бірдей Л-410 ұшағын сатып алған. Чехияда шығарылған әуе кемесін басқаруды жігіттер екінші курстан бастап үйренеді.Екі турбовинтті қозғалтқышы барбұл ұшақпен жолаушыны да, жүкті де тасымалдауға болады. Сондай-ақ 50 градус ыстық пен суыққа төзімді, яғни кез келген  ауа райында қолайлы әрі жанармайды да көп жемейді. Басқару оңай болғандықтан курсанттар тез үйренеді екен.

— Оқу орнында курсанттар алдымен теорияны оқып, сынақ тапсырады. Содан сүрінбей өткендер ғана ұшақты басқарып үйренеді. Бұл жердегі басты талап — сынақты жоғары деңгейде тапсыру. Ал екінші курста өткізілетін  практикалық сабақтарда курсанттар 26 сағат әуеде ұшып үйренеді. Күндіз де, түнде де дайындалады. Жаңадан келген жастар оқуға ден қойса, тәртібі дұрыс болса, барлығын меңгеріп алады. Былтыр институт Чехиядан екі Л-410 ұшағын сатып алды. Бұрын пайдаланып жүрген әуе кемелеріне қарағанда бұның артықшылықтары көп:  1500 шақырымға дейін ұша алады және жанар-жағармайды аз жағады. Тағы бір ерекшелігі — курсанттардың парашютпен секіріп жаттығуына да қолайлы. Биыл курсанттар қала шетіндегі әуеайлағында алғашқы тәжірибеден өтті. Ұшаққа барлығы 19 адам сыяды. Бұл әуе кемесімен Ақтау, Атырау, Қарағанды, Балқаш, Қостанай қалаларына ұштық, — деді әуе қорғанысы күштері әскери институтының  авиация буыны командирі Азамат Тұрымбетов.

Азаматтың өзі — осы оқу орнының түлегі. Бұған дейін Л-39, АН-26 секілді ұшақтармен әуеде қалықтап жүрсе, енді Л-410 ұшағының тізгінін ұстаған. Курсанттарға әуе кемесін қалай басқару керектігін үйретеді.

— Әскери қызмет — үлкен жауапкершілік. Оның ішінде ұшқыштарға артылар сенім жоғары. Өз мамандығыма, жұмысыма адал болуға тырысамын. 2011 жылы АН-26 секілді ұшақтарды басқардым. 2023 жылы Чехия республикасында оқу-жаттығудан өттім. Қазір енді курсанттарға бар тәжірибем мен білімімді үйретіп жатырмын, — деді Азамат.

Оқу орнының ұшқыштары Л-410 ұшағының әуеге көтерілуін көрсетті. Алдағы уақытта мұндай ұшақтың тағы да екеуін сатып алу жоспарланған. Ұзақ жылдардан бері әскери ұшақтарды шығарумен айналысатын Чехия республикасының әуе кемелері еліміздің әскери саласында қолданылып жүр.

Дронды ұшырып үйренеді

Әуе күштері әскери институтының курсанттары әскери дронды ұшырып үйреніп жатыр. Яғни институттың оқу бағдарламасына ұшқышсыз аппараттарды басқару дәрісі қосылған. Барлау және әскери бағыттағы аппаратты басқару бойынша оқытылады. Әуе қорғанысы күштеріне қарайтын оқу орнында болашақ ұшқыштар алдымен теорияны оқиды, кейін жаттығады. Дрондарды биіктікте құлатпай, кедергілерден ұшырып өтудің әдіс-тәсілдері үйретіледі.Бұл үшін қаланың шетінде арнайы алаң да бар.

Әскери медицина және курсанттар

 Биыл аталған университеттің құрылғанына — 50 жыл.Орталық Азиядағы әскери офицерлерді даярлайтын жалғыз оқу ордасының негізі 1974 жылы қаланған. Ал 2004 жылы институт атағын алды.

—Әуе қорғанысы күштері сарбаздарының күнделікті өмірі қарқынды жауынгерлік дайындыққа толы. Жеке құрамды үздіксіз даярлаудың арқасында авиация мамандары мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің шеберлігі мықты, — деді институт бастығының бірінші орынбасары Сәбит Куртаев.

Болашағын әскери авиациямен байланыстырғысы келетін түлектер психологиялық тестіден өтіп,  ұлттық бірыңғай тестілеуден кемінде 50 балл жинауы керек. Сондай-ақ денесі шыныққан болуы қажет. Ал оқу орнына түскен жас төрт жыл тегін білім алады. Қазір әскери институтта  елімізден бөлек, алыс-жақын шетелден де жастар білім алып жатыр. Алматы облысынан келген 17 жастағы Фарух Турдиев қазір бірінші курста оқиды. Алғашқыда институт табалдырығын қобалжып аттаған ол,  қазір әскери өмірдің тәртібі мен талабына үйреніп кеткенін айтады.

Бұл жерде біздің білім алуымызға барлық жағдай жасалған. Оқытушыларымыз да өте білікті. Әскери институт  болғаннан кейін оқуың да, тәртібің  дедұрыс болуы керек. Негізгі сабақтың барлығы бірінші курста өтетін болғандықтан, бар күшімді оқуға арнап жатырмын. Өзім бала кезімнен әскери адам болуды армандадым. Мектеп бітірген соң көп ойланбастан осы оқу орнына құжат тапсырдым. Институтта алған білім мен біліктілігімді Отанымның игілігі үшін пайдалансам деген мақсатым бар, — дейді Фарух.

Ал институтта әскери борышын өтеп жүрген ақтаулық Шыңғыс Ақмұханов төрт тілді біледі. Жиырма бір жастағы жігіттің алға қойған мақсаты көп.

— Әскери борышымды өтеп жатқаныма алты айдан асты. Бұл жердегі көңілкүйім өте жақсы. Алға қойған жоспарым өте көп. Мақсатым — жоғарғы оқу орнына грантқа түсу.  Халықаралық аудармашы мамандығын игергім келеді. Қазір ағылшын, орыс, түрік тілдерін білемін. Әскерге келмес бұрын ағылшын тілінен аудармашы болғанмын, — дейді Шыңғыс Ақмұқанов.

Әскери институт былтыр  алғаш рет қыздарды қабылдады. Оның ішінде әскери медицина мамандығы бойынша 22 бойжеткен оқуға түсті.

Бала кезімнен дәрігер болуды армандадым. Бірақ әскери медицинаны таңдауыма әкем ықпал етті. Ақтөбеде осындай оқу орны бар екенін, оған қыздарды қабылдап жатқанын әкем айтты. Әскери медицинаның мүмкіндіктері туралы да сұрастырдым, сөйтіп  құжат тапсырдым. Қазір бар күшімді оқуға арнап жатырмын. Институт бітіргеннен кейін госпитальдарда, бөлімшелерде жұмыс істеймін. Алған білімді елге қызмет етуге арнаймын, — деді Аянат Оразымбекова.

Әскери медицина факультетін тәмамдаған жастар жүз пайыз еңбекпен қамтылады. Олар еліміздің қай өңіріне дәрігер қажет болса, сол жерге жолдамамен аттанады. Жалпы әскерилерге берілетін әлеуметтік көмек түрінің барлығы да әскери медицина қызметкерлеріне көрсетіледі.

P.S. Тәуелсіздік алғаннан бері оқу орны үш мыңға жуық офицер даярлады. Ал елу жылдың ішінде төрт мыңнан астам маман шығып, еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүр. Жалпы, еліміздегі әскери әуе күштері офицерлерінің жетпіс пайыздан астамы жоғары білімді осы институттан алады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button