Сағи мен Тобықтың тойы
Бірі көктемде, бірі күзде, бірақ екеуі де бір жылы, бір топырақта дүниеге келген қазақтың көрнекті қос қаламгері, Ақтөбенің маңдайалды мақтанышына айналған перзенттері — ақын Сағи Жиенбаев пен жазушы Тобық Жармағамбетовтің туғанына биыл 90 жыл толып отыр.
Осыған орай Ақтөбеде қос қаламгердің туған жері — Байғанин ауданының ұйымдастыруымен мерейтойлық іс-шаралар өтті.
Жалпы қазақ әдебиетінің тарихынан алатын орны әлдеқашан анықталған қос тұлғаның биылғы тойларын лайықты деңгейде өткізу алдын ала жоспарланғанымен, өкінішке қарай, көктемгі су тасқынының салдарынан көптеген мерейтойлық, мәдени, оның ішінде маңызды іс-шаралардан да бас тартуға тура келгені белгілі.
Алайда облыстағы мәдениет мекемелері мен білім ошақтарында жазушы Тобық Жармағамбетов пен ақын Сағи Жиенбаевтың мерейтойына арналған әдеби кештер, кездесулер, байқаулар үздіксіз ұйымдастырылып жатыр. Соның ішінде, әрине, Байғанин ауданында да жыл басынан бері көптеген іс-шара өтті.
Бұл жөнінде сәрсенбі күні С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында өткен баспасөз жиынында айтылды:
— Жыл басынан бері көптеген іс-шаралар, соның ішінде Сағи Жиенбаев шығармашылығын насихаттауға арналған «Сағидың сырлы саздары», Тобық мұрасына арналған «Зейіні бөлек қаламгер» тақырыптарында оқырмандар конференциялары, аудандық байқаулар, әдеби-сазды, поэзия кештері ұйымдастырылды.Жас ұрпаққа Тобық Жармағамбетовтің шығармашылығын насихаттау мақсатында үш жыл бойы оқушылар арасындааудандық байқау өткізіліп келеді, — деді Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Әсет Жеткізгенов.
Биыл Тобық Жармағамбетовтің туған күні қарсаңында ауданда 9-10 сынып оқушылары арасында «Kitap time» кітап оқу байқауы ұйымдастырылды. Бұл үшін жазушының «Отамалы» шығармасы таңдап алынған. Сонымен қатар қазақ тілі мен әдебиеті пәнімұғалімдерінің арасында «Есімі ел жадында Ер Тобықтың» атты облыстық байқау өткізіліп, оған 106 мұғалім қатысқан. Байқау 18 қазанда қорытындыланып, жүлдегерлер салтанатты кеште марапатталды. Ауданда білім ордалары мен көшелерге қос қаламгердің аты берілген. Аудан орталығында — Тобық Жармағанбетов атындағы; ал Оймауытта Сағи Жиенбаев атындағы орта мектептер бар.
— Қос қаламгердің мерейтойына арналған іс-шаралар жыл соңына дейін де жалғаса береді. Соның ішінде алдағы қараша айында Тобықтың туған жері —Жарқамыста Сағи мен Тобықтың 90 жылдығына арналған «Күміс қалам» атты облыстық ақындар мүшайрасын өткізуді және Тобықтың туған үйінің орнында саябақ ашуды жоспарлап отырмыз, — деді Әсет Жеткізгенов.
Қазақстан Жазушылар одағының біздің облыстағы өкілі Бауыржан Құрманқұлов:
— Биыл Жазушылар одағының құрылғанына да 90 жыл толды. Бұл атаулы дата ақтөбелік көрнекті екі қаламгердің мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Сағи аға кезінде осы ұйымның поэзия бөлімін басқарды. Сол уақытта ол кісімен таныс та болдық. Сағи Жиенбаев біздің буынға ақ жол тілеген, өлеңдеріміздің алғаш жарыққа шығуына да мұрындық болған тілекші ағамыз еді, — деп еске алды.
Белгілі ақын, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев екі қаламгер шығармашылығының ортақ тұстарына тоқталды:
— Сағи мен Тобық — өткен ғасырдың 30-жылдарында өмірге келген ұрпақтың өкілі. Бұл ұрпақ ел басына түскен көп ауыртпалықты өз көзімен көріп, өз басынан өткеріп өсті. Сағидың әкесі «халық жауы» ретінде қуғынға ұшыраса, Тобықтың әкесі соғыста қаза тапты. Осының бәрі, әрине, олардың шығармашылығына да әсер етті. Кейінгі оқырмандар олардың туындыларынан сол заманның суреттерін, халықтың басынан кешкен мұң-зарын сол қалпында көре алады.
Сонымен қатар Байғанин ауданының әкімдігіне де ризашылығымызды жеткізгіміз келеді. Өйткені өз топырағынан шыққан дарындарды жанашырлықпен насихаттап, оларға құрмет көрсету арқылы ұлт руханиятын түгендеу жолындағы істерге ұйытқы болып отыр, — деді ол.
Сондай-ақ жиында ақын Жақсылық Айжан мерейтой иелеріне болашақта облыс орталығында ескерткіш қою мәселесін де көтерді.
СЫРШЫЛ АҚЫННЫҢ САЗДЫ КЕШІ
Сағи ақынның туғанына 90 жыл толуына орай С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасында әдеби кеш өтті. Байғанин ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Жырым менің — көктем жыры, гүл жыры» деп аталатын әдеби-сазды кешке облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, зиялы қауым өкілдері,ақынның көзін көрген ақсақалдар мен туыстары қатысты
Дәлізде тізілген кітап, суреттер мен естелік заттар кітапхана ішін құдды көрмеге айналдырғандай. Көрмені тамашалағандарақынның алғаш жазылған кітабының тарихын, өнер жолындағы жетістіктері мен естелік суреттеріне шолу жасады.
Ең әуелі облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов әдеби кешке қатысушыларға облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.
— Ақын-жазушы ағаларымыздың қолтаңбалары ұрпағымызға мұра болып, көненің көзіндей сақталып, дәріптеліп келе жатыр. Сағи ағамыз —туған жерін, елін ерекше сезіммен жырлаған сыршыл ақын. Әдебиет əлемінде өзіндік орны бар, еліміздің жарқын жетістіктерін жыр жолдарымен өрнектеген, талғамы жоғары оқырманның оң бағасын алған ақын халықтың ыстық құрметіне бөленген. Оның сөзіне жазылған әндер халық арасында жиі шырқалады.Сағи Жиенбаевтың туғанына 90 жыл толған мерейтойы құтты болсын. Ұрпақтары аман, бақытты ғұмыр кешсін деп тілеймін. — деді ол.
Туған жерге деген сағынышты өлеңінің өзегіне айналдырған ақынның шығармашылығына үңілген адам оның өмірде де, өлеңде де ерте есейгенін аңғарады. Оның мінезі де өзінің мөп-мөлдір, кіршіксіз лирикасындай… Әдеби кештің шымылдығын қойылыммен ашқан көрініс желісі де бала ақынның арманы асқақ, туған жеріне деген махаббатының ыстық екенін аңғартқандай. Халық арасында кең таралған «Айналдым, елім» әніне қосылмайтын қазақ кемде-кем шығар:туған жеріне деген сүйіспеншіліктен туған туындының нәтижесі онындай болса керек.
Қос қаламгердің есімін ұлықтауға келген Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов жыл бойы өткен іс-шараларға шолу жасап, бүгінгі кештің маңыздылығына тоқталды.
— Шоқтығы биік ақынымыздың өмірі мен шығармашылығына арналған бүгігі мерейтойда баршаңызды көргеніме қуаныштымын. Байғанин ауданында осы мерейтой қарсаңында мектептерде апталықтар мен сайыстар, мәдениет үйлерінде ән байқаулары өтті. Бүгін облыс орталығында ақынға арналған әдеби кеш жалғасын тауып отыр. Сондай-ақ аудан кітапханасының жанынан Сағи Жиенбаев оқуларынан үйірме сыныптары ашылды. Осындай игі істер жалғасын тауып, жас дарындар арасынан әлі талай Сағилар шығады деген ойдамыз, — деді ол.
Кеште Сағи ақынның өлеңдері оқылды. Оның өлеңіне жазылған әндер шырқалды. Байғанин аудандық Мәдениет үйінің қызметкері Айнабек Жеткірбаевтің «Сағиға арнау» жыры көпшіліктің қошеметіне бөленді.
—Сағи ағамыз туған жерге көп келе бермейтін. Оның әкесі саяси қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеге қамалып, кейін ату жазасына кесілген. Мүмкін, балалық шағы әкесіне деген сағынышпен өткендіктен ауылға келуді сиреткен болар…Анасы да өмірден ерте кетті.Ауылда Батан деген нағашы апасы болатын. Сол кісі ақын өмірі туралы көп дерек айтып кетті.
Ертеректе ауданда Нұрпейіс Байғаниннің мерейтойына айтыс өткіздік.Сонда жақынырақ танысқан болатынбыз. Өзі биязы, сөзі салмақты тұлғаның өте қарапайым адам екенін көріп, риза болдым. Ашуланғанда айтатын ең ауыр сөзі —«тұқымың жайылсын» екен,— деген Байғанин ауданының құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері Түрікпенбай Айжарықов ақын туралы қызықты естеліктер айтты.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін ұзақ жыл басқарған белгілі ғалым, Кенжеғали Кенжебаев ақын туралы естеліктерімен бөлісті.
Кеште арнайы келген ақынның туыстары да болды. Олар — Сағи Жиенбаевтың нағашы апасы Батан Отбарбаеваның балалары мен келіндері.
— Сағи Жиенбаев біздің бөле ағамыз. Бала күнінде анаммен бірге өскен.Анам бізге ол туралы үнемі айтып отыратын. Балалық шағы соғыс жылдарында өткендіктен ол аштықты да, жоқтықты да басынан өткізген. «Кішкентай кезінен-ақ ақындығы біліне бастап еді. Сабырлы, байсалды, адамды тыңдай білетін қасиеті анасынан дарыған. Кез келген адамға сыпайылық көрсететін азамат болып өсті»,— деп анам айтып отыратын.Мейірімді болғаны соншалық — өз балаларына ауыр сөйлеп көрмеген. Әке махаббатына шөлдеп өскен Сағи керемет әке, адал жар бола білді. Ол бір өлеңінде «Қара жердің өзін де қатты басқым келмейді» деп іштегі сезімін жеткізген. Жары Уәзипа жеңгеміз де жолдасы Сағи туралы естеліктерді жиі айтады. Әке болып жекіп сөйлемеген оған бір күні: «Балаларға неге «тәйт» демейсің?» — дегенде жеңгемізге қарап: «Әкеден көңілі қалған бала суып кетеді, ал сен — анасысың»,— деп бөлмесіне кіріп, қағаз шималап, балаша ренжіп қалады екен. Артынша дастарқан басына жадырап, көңілді келетіні бәрін ұмыттырып жібереді деп суреттейді. Осы жиынға келерде жеңгеміз Уәзипа қоңырау шалып, ұйымдастырушы Байғанин ауданының әкімдігіне, облыстың кітапхана ұжымына, мерейтойды өткізуге атсалысып жатқан барша ұйым мүшелеріне өз ризашылығын жеткізді, — деді Сағи Жиенбаевтың бөлесі Ізгілік Отарбаев.
Сазды кешті әсем әнге бөлегенШынтас-Айнагүл Омаровтар дуэтіақынның өлеңіне жазылған Д.Ботпаевтың «Ана» әнін шырқаса, қазанғаптанушы, күйші Жайлау Асылханов күймен көркемдеді.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.
ҰМЫТЫЛМАС ДАРЫН
ХХ ғасырдың 30-жылдары мен 60-жылдарының басы аралығындағы қазақ прозасы, негізінен, әйел теңдігі, кеңес өкіметін орнату, соғыс, бесжылдықтың ерлері сынды тақырыптарды қарады. Ал «Отамалы» әңгімесі тақырып жағынан да, «әр сөйлемі ақ өлеңдей» (Айгүл Кемелбаева) көркемдігі жағынан да қазақтың әдебиетіне өз бастауынан, ұмытыла жаздаған өз соқпағынан жеткен күшті жаңғырық үн, айрықша леп секілді әсер етті. Жас жазушы Тобық Жармағамбетов осылайша жұртты өзіне жалт қаратқан еді.
Өкінішке қарай, дарынды қаламгердің ғұмыры қысқа болды. Бергенінен берері көп 39 жасында өмірден өтті.
Биыл жазушы Тобық Жармағамбетовтің туғанына 90 жыл толды. Осыған орай қазан айының 30-ы күні туған жері — Байғанин ауданы тарапынан Ақтөбе қаласында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Аудан әкімі Айбек Көпенов пен «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин бастаған топ алдымен жазушының Ақтөбедегішаңырағына арнайылап барып, оның рухына Құран бағыштады. Жазушының жары, 88 жастағы Сәпия апай қонақтарға батасын беріп, ризашылығын жаудырды.
Облыстық шығармашылық академиясында Байғанин аудандық музейі мен аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Әдебиет әлеміндегі нәзік әуен» атты көрме өтті. Көрмеге жазушының әр жылдары түскен суреттері, суретші Рашид Құлбатыров салған, қазір аудандық музей қорында сақтаулы тұрған портреті, Жарқамыс ауылының көрінісі, ең алғашқыларынан бастап, бүгінге дейін жарық көрген кітаптары, ол туралы баспасөзге шыққан мақалалар мен естеліктер қойылды.
Осы ғимаратта жазушының 90 жылдығына арналған әдеби кеш өтті. Алдымен Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов сөз алып, туған жерінің табиғатын, адамдарын, олардың қилы тағдырын өз шығармаларына арқау еткен жазушыны еске алуға жиналған қауымға өзінің ризашылығын жеткізді.
— Кезінде Байғанин жеріне «Кіші Жазушылар одағы» деген ат әперген таланттар шоғырын біз әрдайым мақтан тұтып келеміз. Оның ішінде жазушы Тобық Жармағамбетов пен ақын Сағи Жиенбаевтар — қатардағы көп қаламгердің бірі емес, қазақ әдебиетінің дамуына, өркендеуіне үлес қосқан, өз қолтаңбаларымен танылған, көрнекті қаламгерлер. Олардың мерейтойын лайықты атап өту біздің парызымыз деп білдік. «Тұлпар аунаған жерде түк қалады» дегендей, киелі Байғанин топырағынан әлі де талай Тобық, Сағи сынды мықты таланттар шығатынына сенеміз, — деп атап өтті аудан басшысы.
Сонымен бірге ол мерейтойлық іс-шаралардың мұнымен тоқтап қалмайтынын, алда да жалғасатынын айтты.
Осы кеште Тобық Жармағамбетовтің биылғы мерейтойы тұсында Алматыдағы «Зият» баспасынан жарыққа шыққан «Отамалы» атты кітабы көпшілікке таныстырылды. Кітаптың тұсаукесер рәсімін «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин, Жарқамыстан шыққан өлкетанушы, ардагер ұстаз Бисен Жақанов, жазушының туыс інісі Болат Жармағамбетовтер жасады. О баста тұсаукесерге Алматыдан «Зият» баспасының басшысы, ақын Аслан Тілегенов те келіп қатысады деп жоспарланғанымен, өкінішке қарай, ауа райының қолайсыздығынан ұшақтардың кешігуіне байланысты келіп үлгермеді.
Биыл жыл басында жарыққа шыққан «Отамалы» кітабында жазушының үш повесі мен бұрынғы кітаптарына енбеген екі әңгімесі жарияланды.
Жазушының көзі тірісінде кітаптарына енбеген әңгімелерінің бірқатары облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетінің бетіне шыққан еді. Жиында бұл жөнінде Раукен Отыншин әңгімеледі:
— Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауин өзінің Тобық Жармағамбетов туралы мақаласында оның бастапқы шығармаларын өте қызығып оқығанын айтып: «Енді мен Орталық кітапханадан Ақтөбенің облыстық «Коммунизм жолы» газетін ай аралатпай қарап, Тобықты іздеп отыратын болдым. Үздік-создық жаңа әңгімелері шығып жатты» — дейді. Тобық өмірінің бір кезеңінде біздің газетімізде еңбек етті, жаңа жазылған, сиясы кеппеген туындыларын да осында жариялап отырды. Оның 50 жасы елде елеусіз өтті. 60 жылдық мерейтойы жақындағанда, біз шынымен алаңдадық. «Апырм-ай, бұл қалай?» деп, үлкендер жағы қинала бастады. Жастар жағы іске көшіп, ол туралы естеліктер жинауға кірістік. 1994 жылдың сәуір айында газетімізде: «Тобықты біле ме екен бүгінгі жұрт?» атты мақала жарияланды. Облыстық мәдениет басқармасы осы мақаланы қолдап, кітапханада үлкен жиын ұйымдастырды. Осыдан соң: «Тобықты біледі екен бүгінгі жұрт!» атты екінші мақала жазылды. Көпшілік қозғала бастады. Біз журналист Нұрмұханбет Дияров екеуміз өзіміз жинаған естеліктерді топтап, «Сәлем саған, ер Тобық» атты кітап шығардық. Оның жарыққа шығуына Балғожа Әйтпембетов, Бітім Жұбатқанов сынды азаматтар демеушілік көрсетті. Ал кітаптың атын белгілі ақын Өтежан Нұрғалиевтің:
«Жас қатарда — жүректің
Жазылмайтын жарасы.
Сәлем саған, ер Тобық,
Мырзағұлдың баласы», — деген жыр шумағынан алдық. Тобықты тану, оның шығармашылығын зерттеу ісі бүгінмен тоқтамайды, алда да жалғаса береді. Оның нағыз тойы 100 жылдығында болады деп сенеміз. Соған дейін артында қалған мұраларын түгендеп, тағы бір жинақтап қойсақ, қазақ әдебиеті үшін үлкен сый болар еді, — деді ол.
Ардагер ұстаз Бисен Жақанов — жастық шағында Тобықпен бірге жүрген, оның көп шығармасының қалай дүниеге келгеніне куә болған адам. Жиында ол «Отамалының» қалай жазылғаны жөнінде де бірауыз естелік айтты:
— Жасы 90-ға жақындаған Әмірғазы Жайлауов деген қарт «Ақжар» ұжымшарында тұратын. Сол кісі бір жолы Тобықтан: «Тобық, сен отамалыны білесің бе?» — деп сұрады. Бұл құбылыс халық арасында көбіне бесқонақ деген атпен белгілі ғой. Тобық сол жолы Әмірғазы атамызбен осы тақырыпта ұзақ сөйлесті. «Отамалы» әңгімесінің жазылуына осы оқиғаның да септігі тиген болса керек. Жалпы, ол жұртпен көп сөйлесіп, бар нәрсені өмірден алып жазғанды ұнататын. Бір адамның бойында жақсы да, жаман да қасиеттер болады. Ол образ жасағанда осы екеуін байланыстырып, адамдардың мінезін шебер көрсететін, — деді Бисен Жақанов.
Жиында сондай-ақ белгілі ақын, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлы, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, Қазақстан Жазушылар одағының біздің облыстағы өкілі, ақын Бауыржан Құрманқұлов, ақын, журналист Жақсылық Айжанов, жазушының інісі Болат Жармағамбетов сөз сөйлеп, өз лебіздерін жеткізді.
Әдеби кеште Тобық Жармағамбетовтің сөзіне жазылған Орал Байсеңгірдің «Жарқамыс вальсі» әнін автор орындады. Сондай-ақ мәдениет саласының ардагері Нұрәділ Қолдасбаев, дәстүрлі әнші Динара Шынарбаева, Байғанин аудандық Мәдениет үйі жанындағы «Ауылдың балалары» ансамблінің әншілері, т.б. өнер көрсетті.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.