Адал азамат —Адал еңбек

Жас шахтердің талабы

Хромтау ауданындағы Дөң тау-кен байыту комбинаты Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтасының ұңғылаушысы Алтынбек Ысмайыл — еңбекке ерте араласқан жігіт. Бұған оның жастайынан жұмыс істеп, ешкімге салмақ салмауға деген ұмтылысы, екінші жағынан, тағдыры жетелеп алып келді…

Ата-анасынан ерте айырылған бес бала интернатта тәрбиеленді. Бірақ бір-бірінен ажырамай, қолдау көрсетіп өсті. Бүгінде бәрі де өз жолын тапқан. Сол көпбалалы отбасынан шыққандардың бірі — Алтынбек «Қазхром» компаниясына қарасты кәсіпорында студент кезінде-ақ тәжірибеден өтті. Өйткені жоғарыда аталған өндіріс орнының басшылығы оның Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінде білім алуына қолдау көрсеткен-ді.

Көп ұзамай шахтаға жұмысқа орналасып, тәлімгері болып білікті ұңғылаушы Исмағұл Бажақанов бекітілді.

—Алғаш шахтаға түскенде қорықтым. Бірақ таңдауыма өкінген емеспін. Әсіресе Исмағұл ағайдың арқасында көп нәрсені үйреніп, үрейімді жеңе білдім. Ол кісі әкемдей қамқор, үйіне қонаққа шақырып, ақыл-кеңесін айтып отырады. Көпшілік оны тіпті менің әкем деп ойлайды екен.

Компанияға шексіз ризамын. Білім алуға көмектесіп, жұмыс беріп, баспанамен қамтамасыз етті. Жолымда тек жақсы адамдар кездесті. Колледж директоры Бағдаш Қадыржанқызы да бізге анамыздай қамқор болды. Жатақханаға келіп, тамақ әзірлеп берген кездері әлі есімде, — дейді Алтынбек.

Елгезек Алтынбек бос уақытында спортпен айналысады: баскетбол, дойбы, тоғызқұмалақ ойнайды, жүзеді, жүгіреді. Компания ұйымдастырған ойындарда командасы екінші орын алғанда, өзі үздік шабуылшы атанды.

Алтынбек — адал дос. Сөзінде тұратын, жауапты жігіт. Күлкісі жарасқан, жүрегі таза, қарапайым азамат. Ең бастысы, өз кәсібін жақсы біледі, — дейді Дөң тау-кен байыту комбинатының әлеуметтік жобалар жөніндегі сарапшысы Меруерт Сәкенова.

8 жылдық еңбек өтілі бар жас қызметкер биыл жоғары оқу орнын тәмамдады. Оның алға қойған арман-жоспары көп. Сәтті болғай!

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button