Мереке

Қызылжарда 320 орындық жаңа мектеп ашылды

Жаңа мектепте 371 бала оқиды.

Республика күні Ақтөбе қаласында жаңа мектеп есігін ашты. Бұл – Қызылжар тұрғындары үшін қуанышты жәйт. Апаттық мектептің орнына заманауи білім ордасы бой көтерді.

Ашылу салтанатына облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты. Ол Қызылжар тұрғындарын мерекемен құттықтап, мектеп ашылуының маңыздылығын атап өтті. Әкім мемлекет балалардың дамуы мен сапалы білім алуына барлық мүмкіндікті жасап жатқанын мәлімдеді.

«Әр бала білімді қолайлы жағдайда алуы тиіс. Ақтөбе облысында үш ауысымда оқыту және ескі мектептердің проблемаларын шешу мақсатында жаңа оқу орындары салынуда. Биыл бюджеттен 4 820 орындық 22 мектептің құрылысын салуға 10 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 14 оқу орны, соның 9-ы Ақтөбе қаласында салынады. Олар алдағы екі жылда пайдалануға беріледі. Жаңа мектептерді аша отырып, өңірдегі білім беру орындарындағы орын тапшылығы және ескі ғимараттардың жабылу мәселелерін шеше аламыз», – деді әкім.

Асхат Шахаровтың сөзінше, облыста мектеп жасындағы балалар саны жыл сайын артып келеді. Биыл олардың саны бес мыңға өсті, бұл бес жаңа мектептің құрылысын салудың қажеттілігін көрсетеді. Соңғы бес жылда Ақтөбе қаласында 9 490 орынға шақталған 20 мектеп пайдалануға берілген.

«Жаңа мектепте Қызылжар оқушылары болашақта қажетті сапалы білім мен дағдылар алады. Бұл мектеп әр баланың дамып, өз мақсаттарына жететін орнына айналады», – деді облыс әкімі.

Қызылжарда мектеп бұрынғы авариялық жағдайдағы ғимараттың орнына салынды. Бұл мақсатқа 1,8 млрд теңге бөлінді. Құрылыс жүріп жатқан кезде балалар басқа оқу орнында білім алды.

Мектеп директоры Рай Нұрғалиевтің айтуынша, «Номад Құрылыс Компаниясы» ЖШС құрылыс жұмыстарын 2023 жылы бастаған. Жаңа екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы 3000 шаршы метрден астам, үш блокқа бөлінген. Алғашқы екі блокта бастауыш және орта сынып оқушыларына арналған оқу ғимараттары, үшінші блокта шеберханалар, спорт залы, акт залы және асхана орналасқан. Мектеп үшін заманауи техника мен жабдықтар сатып алынып, оқу кабинеттері барлық стандартқа сай жабдықталған.

«Біздің тұрғын алапта жаңа мектеп ашылғанына өте қуаныштымыз. Енді балаларымыз жақсы жағдайда оқиды және сапалы білімге қол жеткізеді. Мұны жүзеге асыруға көмектескен барлығына рахмет. Еліміз гүлденіп, бейбітшілік пен келісімде өмір сүрейік, балаларымыз бізді жетістіктерімен қуанта берсін», – деді Қызылжар тұрғыны, білім саласының ардагері Найман Тұңғышбайқызы.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button