Басты жаңалықтар

Өркендеу жылдары

Мәслихат

Билік пен халық арасындағы байланысты нығайту мақсатында құрылған өкілді орган — мәслихаттардың құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде жергілікті мәслихаттағы депутаттық корпус халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық, саяси реформаларды жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді.

Облыстық мәслихат тарихында ІІІ шақырылым депутаттарының өкілеттік мерзімі 2003 жылдың 20 қыркүйегінен басталып, төрт жылға іріктелді. Кезекті шақырылымның алғашқы сессиясында депутаттардың көпшілік дауысымен мәслихат хатшысы болып Қасымжан Байсадақов және тексеру комиссиясының төрағасы болып Кеңес Бірманов сайланды. Ал 2004 жылғы 28 қыркүйекте өткен сессияда Қасымжан Байсадықовтың басқа қызметке ауысуына байланысты мәслихат хатшысы лауазымын Амангелді Есіркепов ауыстырды.

ІІІ шақырылымдағы депутаттық өкілеттікті жүзеге асыру барысында тұрақты комиссияларға Қуандық Әлішев, Нұрлан Сейтқамалов, Кенжеғали Кенжебаев, Есімхан Құрманғазин және Всеволод Щегельский төрағалық етті.

Ал IV шақырылым депутаттары 2007 жылдың 18 тамызынан бастап 5 жыл мерзімге сайланды. Кезекті мерзімнің алғашқы ұйымдастыру сессиясында депутаттардың көпшілік дауысымен Амангелді Есіркепов мәслихат хатшысы болып бірауыздан сайланды. Ал тексеру комиссиясына Сақыпжамал Саттарова төрағалық ететін болып шешілді. Тұрақты комиссияларды Бөгежан Аманбаев, Қуаныш Елубаев, Кеңшілік Жұмабаев, Жұмабек Куканов, Жеңіс Сейтпағамбетов және Александр Чемоданов басқарды. 2009 жылғы 5 қазанда өткен сессия шешімімен Амангелді Есіркепов басқа қызметке ауысуына байланысты мәслихат хатшысы қызметіне Балғали Ордабаев бекітілді.

Екі шақырылымның хатшысы болды

Ақтөбеліктер Амангелді Есіркеповті жақсы таниды. Қашанда игі істердің басында, өзекті мәселелерді шешуге ұйытқы болған ел ағасы 2004-2007 және 2007-2009 жылдары облыстық мәслихаттың хатшысы болып қызмет етті.Кейін VI, VII шақырылымдарда депутат болып сайланды. Депутаттардың басын қосып, мәслихат жұмысын жетілдіруде, депутаттық корпусты нығайту жолында көп еңбек сіңірді.

— Еліміз егемендік алған тұста халқымыз қиын-қыстау кезеңді бастан өткергені шындық. Сол кезеңде біз, депутаттар, қолдан келгенше шалғай ауылдарды газдандыру, ауызсумен қамту мәселелерін қолға алдық. Ауыл халқын, әсіресе, жастарды жұмыспен қамту, оларға жағдай жасау мәселелерін көтердік. Сол кезеңде Александр Чемоданов, Дмитрий Довматенко, Марат Итеғұлов, Асхат Айтжанов, Құдайберген Бекенов сынды ел азаматтары жол салу, елді мекендерді ауызсумен қамту, кәсіпкерлерді қолдау бойынша депутаттық сауалдар көтеріп, халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесін басты назарға алды. Ал алдыңғы сапта тұрғандардың арасында Қуандық Әлішевтің орны тіпті бөлек. Ол кісі бюджеттің майталманы еді. Депутат ретінде ол бюджет қаржысын ысырап қылмау, қаржыны жоспарлы түрде бөлу, нақты жобаларды жүзеге асыру мәселелерімен айналысты. Сондай-ақ Кенжеғали Кенжебаев оқу процесі, бала тәрбиесі мен ауылдың ахуалы мәселелерін жиі көтерді.

Қазір өткен кезеңдерді еске алсам, біз көп қиындықты жеңіп шыққан екенбіз. Әрі сол кезеңде облыстың және тұрғындардың игілігі үшін жанашырлықпен жұмыс жасай білдік. Қазіргі депутаттар да бұл тұрғыда еңбектенуде. Дегенмен қазір заман басқа, халықтың әл-ауқаты түзелді. Мәслихат жұмысында қай кезде де сын көп болады, дегенмен көш жүре түзелетінін ұмытпау керек, — дейді кейіпкеріміз.

Сөз арасында Амангелді Қабашұлы облыстық мәслихат хатшысы болмай тұрып, көп жыләр салада басшылық қызметтер атқарғанын жеткізді. Қызметте жинаған сол тәжірибесін кейін мәслихат жұмысына пайдаланып, әр түрлі өзекті мәселелерді көтеріпті.

Менің негізгі мамандығым — тарих пәнінің мұғалімі. Кейін экономист мамандығын да алдым. Алғаш рет еңбек жолын бұрынғы Тәжірибе станциясында интернатта тәрбиеші болып бастадым. Содан кейін оқу басқармасының басшысына дейін көтерілдім. Жалпы, 40 жылдай өмірімді білім беру саласына арнадым. Атқарушы билікте де қызмет еттім. Орталық поштаның директоры қызметін де атқардым. Ал 2013-2021 жылдары Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжін басқардым. Сол оқу орнынан зейнеткерлікке шықтым, — дейді ол.

Амангелді Есіркепов — қазіргі Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінің іргелі білім ордасы болуына көп еңбек сіңіргендердің бірі. Бүгінде ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауда өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан бұл оқу орнын білмейтін адам кемде-кем. Амангелді Қабашұлы оқу орнын басқарып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, ұлттық кадрларды даярлауға өзінің қомақты үлесін қосты. Қазір бұл оқу орнында ауыл шаруашылығы саласында сұрынысқа ие жас мамандар даярланады.

Айта кету керек, бүгінде ел ағасы зайыбы Роза Ғылымқызы екеуі балаларынантараған немерелерінің қызығын көріп отыр.

Қашанда елге жанашырлықпен, жас ұрпаққа қамқорлықпен қарайтын азамат әлі де өңірдегі бірқатар мәселелерге алаңдайтынын айтады.

Учаскелік дәрігерден — депутаттыққа дейін

Облыстық мәслихат тарихында тәжірибелі маманнан депутаттыққа дейін көтерілген нәзікжандылар жетерлік. Солардың бірі — Лаура Жазықова.

Лаура Қожағалиқызының негізгі мамандығы — дәрігер. Ол еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы №1 емханада учаскелік дәрігер болып бастаған.  Іскер, тәжірибелі дәрігер 1996 жылы емхананың бас дәрігері лауазымына тағайындалады. Медициналық қызметпен қоса қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан дәрігер 1993 жылы медициналық қызметкерлер кәсіподағы облыстық кеңесінің мүшесі болып сайланды. 2000 жылы облыстық кәсіподақтар кеңесіне, 2005 жылы ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Жоғарғы кеңесіне мүше болды. Ұйымдастыру жұмыстарын ойдағыдай атқарып, медицина қызметкерлеріне қамқорлық көрсете білген басшы 2000 жылы ҚР Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.

Лаура Қожағалиқызы 1994 жылы Ақтөбе қалалық мәслихатының І шақырылымына депутат болып сайланып, қаланың дамуына, бірқатар жобалардың жүзеге асырылуына ұйтқы болды.  Ал 2007 жылы облыстық мәслихаттың ІV, V шақырымында депутат болып сайланды. Депутаттық өкілеттілігінде әлеуметтік-даму жөніндегі комиссияның тұрақты мүшесі болды.

— Алғаш рет еліміз тәуелсіздік алып, мемлекетіміз тұрақтылыққа жол бастаған 1994-1998 жылдары Ақтөбе қалалық мәслихатының бірінші шақырылымында депутат болып сайландым. Ол кезде учаскелік дәрігер едім. Қаланың бюджетінде қаражат жетіспейді. Салықтар өз деңгейінде жиналмай, айлап жалақы ала алмай жүрген кезіміз болатын. Дегенмен ертеңгі күнге деген сенімнің арқасында көп қиындықтан өттік, игі істердіңбасы-қасында жүрдік. Депутат болып жүріп, өзім көп нәрсені үйрендім, әр саладағы мәселелерді зерделедім. Сол тәжірибемді облыстық мәслихатта жалғастырдым. Бұл жерде екі мәрте өзім туып-өскен өлке — Байғанин ауданынан депутат болып сайландым. Депутат ретіндегі қызметімде аудан тұрғындарының сенімінен шығып, ауданның дамып, өркендеуіне барынша ықпал етуге тырыстым. Облыстық мәслихаттыңәлеуметтік даму жөніндегі комиссиясының мүшесі ретінде облыс және аудан бюджеттерінің қалыптасуы мен олардың мақсатты бөлінуіне, ауыл-аймақтардағы өзекті мәселелердің шешілуіне бір адамдай үлес қостым, — дейді ол.

Бар ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған Лаура Жазықова — бүгінде ардақты ана, ақ жаулықты әже. Қазір балаларынан үш немере сүйіп отыр. Бұған дейін ол өңірдің денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін «Шапағат» медалімен, «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Сондай-ақ «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «ҚР Денсаулық сақтау саласы кәсіподағының үздігі» және Ақтөбе қаласының «Ең үздік бас дәрігері» атағын алған.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button