Білім бұлағының шырақшылары

24 қазан — кітапханашылар күні
Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел ғана ақылды ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын оятуымыз керек», — деп атап өтіп, кітапханалар мен кітапханашылардың жағдайына ерекше назар аударды. Осылайша 2022 жылдан бері елімізде Үкіметтің қаулысымен 24 қазан — кітапханашылар күні болып бекітілген-ді. Осы орайда жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп отырған кітапханашылармен сұхбаттасқан едік.
Құрметті кітапханашы
Кітапхана ісінің ардагері, «Елеулі еңбегі үшін» және «Еңбек даңқы» төсбелгілерінің иегері Ханым Отыншина кітапхана саласында абыройлы қызмет атқарған кітапханашы. Бұл мамандықты кітапхана ардагері жан тәнімен жақсы көреді. Көркем әдебиетке деген қызығушылық оны асқақ арманға жетеледі. Биыл ол кәсіби мерекесі қарсаңында Республика күніне орай өткен салтанатты жиында «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталды.

Байғанин ауданы Баршақұм ауылында дүниеге келген кейіпкеріміз 1984 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің «Кітапхана» бөліміне оқуға түсіп, 1986 жылы ойдағыдай аяқтап шықты. 1966 жылдың қыркүйек айында Қопа ауылдық округінің орталығы Крупская атындағы совхозының (қазіргі Ебейті) №3 фермасына «Қызыл мүйіске» (көшпелі кітапхана) кітапханашы болып жұмысқа орналасты.
— 1971 жылы Қопа елді мекенінің жабылуына байланысты ферма орталығы Көптоғай елді мекеніне көшіріліп, 1972-1995 жылдары Қопа ауылдық округінің кітапханасында кітапханашы қызметін атқардым. Кітапханадағы көпшілік іс-шараларды ұйымдастыра жүріп, жетістіктерге жеттім. Еңбегім еленіп, «Елеулі еңбегі үшін», Еңбек даңқы» секілді төсбелгімен марапатталдым. Біз, кітапханашылар мұғалімдер секілді бала тәрбиесіне атсалысатынбыз. Ізденімпаз оқырманды әркез кітапханада асыға күтетінмін. Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу керек», — деген еді. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек. Ол үшін кітапханашы үнемі ізденісте жүруге тиіс, — дейді Х.Отыншина.
«Кітапқа деген құрмет артып келеді»
Аталған салада 35 жыл еңбек еткен ардагер-кітапханашы Ғалияш Жанесова: «кітапты талғап, таңдап, саралап оқи білу, оны ой елегінен өткізіп түйсіну, кітаптан алған білімді өмірде өз қажетіне жарата білу — әрбір адамның білігі мен біліміне, пайымы мен парасатына байланысты», — дейді. Ардагер-кітапханашы еңбек жолын Жұрын ауылдық округіннен бастаған.

— Мен 1978 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің кітапхана бөлімін үздік дипломмен тәмамдадым. Алғашында Жұрын ауылдық округінде аға кітапханашы қызметін атқардым. Кейін кітапхана меңгеушісі қызметіне дейін көтерілдім. 2007 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Мұғалжар аудандық балалар кітапханасында еңбек еттім. Өзім бала кезден кітапқұмар болып өстім. 90 жылдардағы еліміздегі тоқырау кезеңі кітапхана үшін аса бір ауыр уақыт болды. Кейбір кітапханалар жаппай жабылып, небір қиындықты бастан өткердік. Тіпті қақаған қыста жылусыз қалған аудандық клубтың екінші қабатында орналасқан кітапхана өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Аяғымызға қабат-қабат шұлық киіп, әжеміздің шарқатын оранып отыратын едік. Бұл кезеңдер де өтті. Қазір кітапханалар саны күннен күнге көбейіп, оқырманның адамзатты игілікке бастайтын ақыл-ойдың қазынасы саналатын кітапқа деген құрметі артып келеді, — деді Ғ.Жанесова.
Оның айтуынша, кітапхана саласындағы өзгерістер жас кітапханашыларға үлкен жігер беріп отыр.
— «Кітапхана — мәңгілік парасаттың ең киелі ғимараты», — деп заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай, кітапханашы үнемі ізденісте жүруі тиіс. Қазір әрбір заманауи кітапханашының оқырманды кітап оқуға шақыратын бір-бір авторлық жобасы бар. Үздіктері мәдениет және өнер қызметкерлері күнінде марапатталып, еңбектері еленіп жатыр. Бұл қуантарлық жайт. Бүгінде жас кітапханашылардың сауатты әрі жан-жақты болуына барлық жағдай жасалған. Қазір кітапханада мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Зейнеткер болсам да, мәдениет ошағында өтетін іс-шаралардан тысқары қалған емеспін. Бір қуантарлығы — жастардың поэзияға деген қызығушылығы жоғары. Олар өлең оқып, оқыған кітаптары туралы ойларымен бөліседі. Осындай мазмұнды кештерді ұйымдастыру — әр кітапханашының міндеті деп білемін. Кітапхана мәртебесі жоғарылап, 24 қазан — кітапханашылар күні деп белгіленуінің өзі — кітапхана қызметкеріне жігер береді. Жас кітапханашылар кез келген оқырманның сұранысын қанаттандыруы қажет. Ешбір оқырман кітапханадан кітап оқымай кетпеуі тиіс. Бір оқырман кітап оқыса, біздің де мақсатымыз орындалады, — дейді кітапхана ардагері.
«Жастар жиі келеді»
С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Үржан Кудасова кітапханашы ең алдымен ұлтқа адал қызмет етуі керек деп есептейді.

— 1978 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық институтын «Кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша аяқтадым. Тұрмысқа шығып, Орал қаласына көштім. Ақсай қаласында кәсіподақ кітапханасында меңгеруші болдым. 1987-2005 жылдары Шымкент қаласындағы кітапханада әдіскер-кітапханашы болып қызмет еттім. 2005 жылы Ақтөбе қаласына көшіп келіп, Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында кітапхана директорының орынбасары қызметін абыроймен атқардым. 2020 жылы зейнетке шыққаныммен, басшылықтың ұсынысымен кітапхана саласына қайта оралдым. Бүгінде кітапхана процестерін автоматтандыру және оқу залы бөлімінде жұмыс істеймін. Еңбегім бағаланып, «Кітапхана ісінің үздігі», «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері атандым, — дейді ол.
Бала кезден кітап оқуды әдетке айналдырған Үржан Кудасова кітапқа деген қызығушылығым мені мамандық таңдауда қателестірмеді дейді.
— Өзім кітап оқығанда бейнебір кино көргендей әсерде боламын. Алдымен кітапханаға келіп түскен кітаптармен танысып, шолып шығамын. Ішінен таңдаулыларын ғана оқырманға ұсынамын. Кітап оқуға арнайы уақыт бөлу керек. Қазіргі кезде қажет кітапты табу қиын емес. Кітапханаға бара алмасаң, үйде отырып электронды нұсқасын оқи беруге болады. Жақында Совет-Хан Ғаббасовтың «Қандауыр» романын оқып шықтым. Романда басшылық пен медициналық жаңалықты енгізуге ұмтылған білікті маман арасындағы тартысты оқиға баяндалады. Кітап медицина мамандарына, жалпы оқырман қауымға арналған, — дейді ол.
Оның айтуынша, кітапханашы тек кітап қорының сақталуына ғана емес, мәдени іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына да жауапты. Бүгінде кітапханада түрлі акциялар, іс-шаралар өткізіліп келеді.
— Жастар емін-еркін бара алатын коворкинг орталықтары да облыста көптеп ашылды. Қолы тимейтін, арнайы кітапханаға бара алмайтын оқырман үшін де облыста бар жағдай жасалған — әуежайда, теміржол вокзалында, басқа да орындарда арнайы кітап оқуға бағытталған QR-кодтар орналастырылған, — дейді Үржан Кудасова.
Кітапханашының айтуынша, С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының базасында ашылған креативті орталықта оқырмандар үшін барлық жағдай жасалған. Креативті орталық қысқа мерзім ішінде кеңінен танылып, жастар арасында ерекше қызығушылық тудыруда. Бір айдың ішінде келушілер саны 22 мыңнан астам адамға жеткен және нысанның танымалдығы күннен-күнге артып келеді.
— Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту бағытындағы тапсырмасы аясында ашылған орталықта комьюнити спейс, IT-студия, анимация бөлмесі, дыбыс жазу студиясы, фотостудия және tiktok түсіретін аумақтар бар. Сондай-ақ мәдениет мекемесінің негізгі міндеті — оқырманды кітаппен қамту жайы да ұмыт қалмаған. Демеушілер көмегімен 5 мың жаңа кітап алынып, қордағы кітаптардың саны 105 мың данаға жеткен. Креативті орталықта жастар жан-жақты ойластырылған жобаларын жүзеге асырып, таланттарын шыңдай алады. Ең бастысы, мұның бәрі тегін, — деді ол.
Жасанды интеллект кітап оқуды алмастырмайды
Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Гүлнар Салиева кітапхана саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келеді. Ол кітапханашы мамандығының өміршең болуы оның арқалаған жүгінде деп есептейді.

— Жалпы кітапханада жұмыс істеу өте қызық. Еңбек жолымда кітапханашы, әдіскер, кітапхана меңгерушісі қызметтерін атқардым. Маған тағы да мамандық таңдау мүмкіндігі берілсе, еш ойланбастан осы саланы таңдар едім. Адамзат үшiн өмiрде eкi түрлi азық керек. Бipi — тән азығы, бipi — жан азығы. Адам өзін-өзі үнемі дамытып, рухани азықтанбаса, онда тоқырауға ұшырап, күйзеліске түседі. Кітап — үздіксіз берілетін тәрбие көзі. Жас ұрпақты тәрбиелеймін десеңіз, кітаптың көмегіне жүгініңіз.
«Жақсы кітап — жан азығы» демекші, мен үнемі кітап оқуға уақыт табамын. Бүгінде жастар арасында электронды нұсқадағы кітаптарға сұраныс жоғары. Мәселен, біздің кітапханада электронды планшеттер бар. Осы планшет арқылы қалаған кітабыңызды жүктеп алып, оқи беруіңізге болады. Оқырмандар өзіне ынғайлы формада оқиды. Кітап оқуға деген қызығушылықты ояту үшін алдымен ең әуелі ата-ана, өзі кітап оқуы керек. Отбасында кітап оқу туралы әңгіме айтылмаса, баланың кітап оқып кетуі қиын. Бала ата-анадан көргенін істейді. Ол алдына қойған кітапты бірден оқып кетпейді. Ата-ана баласын кітапханаға жетеліп әкелуі керек. Әрі баласына алған кітапты өзінің оқып алғаны дұрыс. Бірде балама «Ауылдан шыққан миллионер» деген кітапты апардым. Бірақ өзім оқып алған едім. Бұл 4-5 класс оқитын оқушыларға арналған кітап. Балам қызығып оқып шықты, — дейді Гүлнар Салиева.
Оның айтуынша, жасанды интеллектіні жасау үшін де кітап керек. Ақпаратты, идеяны жасанды интеллекттен алуға болады.
— Жасанды интеллект жасау үшін де кітап керек. Кез келген дүниені жасап шығару үшін білім керек. Бірақ жасанды интеллект пайда болып, кітап оқылмай қалады деген қорқыныштан арылған жөн. Мен детектив жанрындағы кітаптарды көптеп оқимын. Оқырманға ЗияшТелеуованың «Махаббаттың ажалы» және «Банкирдің өлімі» деген детектив жанрындағы кітаптарын ұсынамын. Бір қызығы, бұл кітаптарға шетелдегі қазақтар қызығушылық танытқан. Алматыдағы кітап қорын толықтыру бөліміне барып, сұранысқа ие кітаптарды сұрағанмын. Сонда олар осы екі кітапты атады. Әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді басып шығару бөлімі сол кітаптарды тағы басып шығаруға тапсырыс алған. Ең әуелі, «Махаббаттың ажалын» оқыдым. Сөйтсем,адамның дегбірін алып, өзіне ынтықтыратын құдіреті бар, сюжеті шым-шытырыққа толы кітап екен. Көп ұзамай аталған кітаптың жалғасы іспетті «Банкирдің өлімін» оқып шықтым. «Махаббаттың ажалы» кітабында Таңгүлі мен Нұртас деген қыз бен жігіт бір-бірін шын сүйіп, 4 жыл бірге оқиды. Оқу бітіргеннен соң 1 жылдай жұмыс істеп, үйленбек болады. Ата-аналарына осы жақсы жаңалықты естірткенде олар қарсылық танытады. Кітап желісінің қалай өрбігенін білгіңіз келсе, кітаптан оқып алуыңызға болады, — дейді ол.
Парасатты жанның еңбегі
«Кітапхана саласының үздігі» Камиля Ідірісова 21 жылдан бері кітапхана саласында қызмет етіп жүр.

— Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін 1988 жылы тәмамдап, Атырау облысы Қызылқоға ауданы, Миялы ауылдық округіндегі кітапханада библиограф болып еңбек жолымды бастадым. 2003 жылдан бері Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасында қызмет етіп келемін. Жоғары сынып оқушыларына қызмет көрсету бөлімінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарып келемін. «Оқы, ақтөбелік өренім», «Атамекен», «Арман. Жігер. Жетістік», «Желкен» және басқа да библиографиялық жобалардың авторымын.
Кітапхана жанынан «Атамекен» өлкетану-патриоттық, «Желкен» әдеби, «Позитив» салауаттылық, «Шаңырақ» отбасылық оқу клубтары ашылып, оқырмандармен тығыз қарым-қатыста жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ «Ымырттағы кітапхана» іс-шарасын облыс және қала кітапханалары бір мезетте өткізіп жүр. Одан бөлек әр аптаның бейсенбі күндері сағат 15:00-17:00 аралығында кітапхана өз оқырмандарына түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырады. «Kitapland Travel» квесті — жастардың зияткерлік қабілеттерін арттыратын креативті іс-шараның бір түрі. Квест шартына сәйкес «Табалдырық», «Әудем жер», «Қозы көш», «Бел асар», «Жолайрық» секілді бес кезең бойынша кітапхана оқырмандары өзара сайысады. Аталған іс-шаралардың нәтижесінде балалар топтық жұмыс арқылы командамен жұмыс жасауды, бір-біріне қолдау көрсетуді үйренеді, — дейді ол.
Балаларға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Камиля Ідірісованың марапаттары да жетерлік. Кітапхана ісін дамытудағы табыстары мен ізденісі үшін ҚР Мəдениет жəне спорт министрі және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ 2019 жылы «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2020 жылы Кәсіподақ ұймының атынан «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. 2021 жылы «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісін иеленді. 2023 жылы «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіп одағы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасының Алғыс хатымен марапатталды. Биыл Республика күніне орай өткізілген іс-шарада кітапханашыға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.
P.S. Кітапханашылардың көп айта бермейтін тағы бір мәселесі — денсаулыққа келтірілетін зиян үшін ақы төленбеуі. Көпшілігі біле бермеуі мүмкін, әсіресе кітап қорын сақтау бөлімінде сонау 1930 жылдарда жарық көрген ескі кітаптар бар. Олардың денсаулыққа кері әсері орасан зор. Одан бөлінетін тозаң иіс тыныс жолдарын зақымдап, әртүрлі ауруларға әкеледі. Бұл мәселенің түйіні кезек күттірмей шешілуі тиіс.
Мереке қарсаңында кітапханашының еңбегі мемлекеттің дамып, өркендеуіне өте қажет мамандық екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Кітап бетінде ұлы ұстаздардың кемеңгерлік ойлары, даналық сөздері, өсиеттері тайға таңба басқандай жазылып қалды. Ал сол тарихтың асыл қазынасын жинап, сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін орын кітапхана болса, насихаттаушы — кітапханашы. Ендеше мәртебелі мамандық иелерін кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



