Нарқозы ҚАРТЖАН,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ӘМжЖС департаментінің директоры
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті Қазақстанды құру реформасы жарияланған кезеңнен бастап әр салада бірқатар іргелі істер жүзеге асырылды. Соның бірі — Республика күнінің ұлттық мереке мәртебесіне ие болуы. Біраз жылдан бері ұмыт қалған бұл мерекенің маңызын өскелең ұрпақ жете түсінбеуі мүмкін. Сондықтан ұлттық мерекенің маңызы туралы түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуге тиіс.
Еліміздің дамуы үшін қоғам даму керек. Оқытушылар құрамы Ұлттық мерекенің маңыздылығын білім алушыларға жан-жақты түсіндіріп келеді. Біз жастармен кездесулер ұйымдастырып, отбасында қарым-қатынас орнату, отбасылық құндылықтарды насихаттау, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қолдау тақырыбында тренингтер өткіземіз. Ата-бабамыз ер баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуға, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген.
Ұлттық мерекеміз өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, Тәуелсіз Қазақстанның қадір-қасиетін ұғынуға баулиды деп ойлаймын.
Жас ұрпақ халқымыздың рухани құндылықтарын жадында сақтап, ақ жаулықты аналарымыздың тәрбиесін бойына сіңіріп өссе, еліміздің келешегі зор болатыны анық. Мен барша қазақстандықтарды осы ұлық мерекемен құттықтаймын!