Жанкешті жұмыс

19 қазан — Құтқарушылар күні
1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет құрылды. Осы құжат негізінде 19 қазан — Құтқарушылар күні болып белгіленіп, соңғы жылдары дәстүрлі түрде атап өтілетін болды. Жыл басынан бері облыстық төтенше жағдайлар қызметкерлері, соның ішінде өрт сөндірушілер мен құтқарушылар 5 мыңнан астам адамның өміріне араша болған. Дәлірек айтқанда, олар 1605 адамды құтқарып, 10467 адамды қауіпсіз жерге көшірген. Осы атаулы күн қарсаңында жауапкершілігі мол жұмысты атқарып жүрген құтқарушы, өрт сөндіруші мамандармен сұхбаттасқан едік…
Құтқарушы болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Олар кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жою үшін жұмыс істейді. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді.
Құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға дайын болу үшін арнайы, медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады.
№2 құтқару бекетінің жетекшісі Нұрбол Бозшин 2007 жылдан бері халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайларға жол бермеу бағытында қалтқысыз еңбек етіп келеді.
— Құтқару бекеті авариялық құтқару, суда құтқару, кинологиялық қызмет сынды үш бағытта жұмыс істейді. Тәуліктің қай кезінде болмасын құтқарушылар қиындыққа тап болғандарға көмек көрсетуге дайын тұрады. Менің негізгі қызметім — суда құтқару және суға кеткендерді іздестіру. Құтқару жұмыстары таңертеңнен кешке дейін жалғасады. Жұмыс барысында түрлі қиындықтарды бастан өткердік. Судың терең тұңғиығы қап-қараңғы болады. Оған аяғыңа оралатын балдыр шөп пен ішкі үрейді қосыңыз. Одан қалды арқадағы салмағы бірнеше келі болатын оттегі мен салмағы 35-40 келіден асатын ауыр сүңгуір киім тағы бар.
Адам өміріне араша түскен сәттерім өте көп. Бірде Бадамша карьерінде балықшыны су түбінен алып шықтық. Құтқару операциясы кезінде карьер түбіне тігінен түсуім қажет болды. Мұз құрсауында қалған аңшыларды құтқарған сәттерді есіме алсам, бойымды үрей билейді. Суға кеткен адамды таба аласың ба, жоқ па — соны ойлайсың, тапқан жағдайда да оны алып шығу оңай болмайды. Міне, осындай қиындықтарға қарамастан, қалтқысыз қызмет ететін құтқарушылардың мәртебесі артып, еңбектері елене берсін! Өмір үшін жанталасқан адамдарға көмектесу — кәсіби ғана емес, адами міндетім, — дейді ол.
Құтқарушыға қойылатын ең басты талап — шыдамдылық пен ерік-жігер. Спортпен шұғылдану да кәсіби шыңдалуыңа мүмкіндік береді дейді кейіпкеріміз.
— Құтқарушы әмбебап болуға тиіс. Себебі біз адамдарды тек судан ғана құтқармаймыз, басқа жерлерде де болуы мүмкін апаттық жағдайларда да көмекке келуге дайынмыз. Күн сайын түрлі оқиғаларға куә боламын. Биыл №2 құтқару бекетінің құтқарушылары Ойыл ауданы Қаратау ауылының су басқан тұрғындарына көмекке барды. Ең алдымен, ауыл ішін білмегендіктен, бағамдау жұмысын жүргіздік. Қай жердің суы терең екенін тексеріп көрдік. Сөйтіп, мектепте қалған адамдарды қайықпен алып шығып, тікұшаққа жеткіздік. Сонымен қатар мектеп ішінде орналасқан эвакуациялық бекеттерге гуманитарлық көмекті де тасымалдадық. Қаратал бойына барған кезде өзіміз тасжол бойында ұйықтап шықтық. Мектепке де баруымызға болатын еді, алайда ол жақта адам қарасы көп болғандықтан, мазалағымыз келмеді. Осы жыл су құрсауында қалған адамдарды құтқарумен есте қалды.
Жұмыс барысында көп жағдайда ішімдікке сылқия тойып алған адамдар, ата-ана қадағалауынсыз қалған балалардың арасында суға батып кету деректері жиі тіркеледі. Мәселен, өткен жылы суға шомылу маусымы басталмай тұрып суға түсіп, денесі құрысып, соның салдарынан қайтыс болған адамдар да болды. Тұрғындардың басым көпшілігі суда жүзе алмаса да, өз өмірін қатерге тігіп жатады. Суға түсу үшін жүзе білу керек. Құтқарушылары жоқ, белгіленбеген жерлерде суға түсетіндер көп. Әр адам өз өміріне жауапкершілік танытса екен, — дейді Н.Бозшин.
Ал құтқарушы Айбек Қазиев №2 құтқару бекетінде он тоғыз жылдан бері жауапты қызметті атқарып келеді. Ол — жолда қалғандардың алғысын көп арқалаған құтқарушы.

— Құтқарушылар жылдың қай мезгілі болмасын, көмекке сақадай сай тұрады. Ең қиыны — ақтүтек боран арасынан адамдарды құтқару. Дүлей дауыл мен көктайғақ құтқарушылардың жұмысын қиындата түседі. Бір қынжылтатыны, адамдар 112-ден келген хабарламаға құлақ аспай, алыс жолға шығып кетеді. Қыс айларында, негізінен, республикалық маңызы бар тасжолдар бойында қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқарамыз. Төтенше жағдай орнына біздің арнайы техникаларымыз бен мамандарымыз аттанады. Негізі осындай қиын жағдайларға тасжолды жапқан тәртіп сақшыларын айналып өткен көлік жүргізушілері өздері тап болып жатады, — дейді А.Қазиев.
Қызыл жалынмен арпалыс
Кейіпкеріміз Мейрамбек Маратов — №22 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі, құтқарушы. Ол оқыс оқиға болған жағдайда қою түтіннің арасында салмағы 20 келіден асатын өрт сөндіру жеңінің өзін ұстап жүру оңай емес екенін айтады:

— Өрт сөндіру — жүректілердің мамандығы. Бұл саланы кез келген адам таңдамайды. Құтқару қызметінің әр күні қауіп-қатерге толы. Соған қарамастан, жұмысым өзіме қатты ұнайды. Кейде шақыртулар түскен кезде бойды үрей билейтіні рас. Алайда біздің салада қорқақтыққа орын жоқ. Ең бастысы, кез келген уақытта, кез келген жағдайға сақадай сай дайын тұруымыз керек. Бүгінде жұмыс пен оқуды қатар алып жүрмін. Қазақ-орыс халықаралық
университетінде оқып жатырмын. Бос уақытымда бокс үйірмесіне барамын.
Күн тәртібі белгіленген кестеге сай жүргізіледі. Таңертең 8.00-де өрт сөндірушілер жұмысына кірісіп, кезекшілікті қабылдап алады. Ауысымды қабылдап алған кезекші маман техникалық құрал-жабдықтардың дұрыстығын тексереді. Бұл ретте көліктің жалпы жұмыс істеуі, судың бар-жоғы, өрт сөндіргіш көбіктің деңгейі мұқият тексеріледі. Өрт оқиғасы тіркелмеген жағдайда күн сайын теориялық және практикалық сабақ өткізіледі. Одан бөлек күн сайын физикалық жаттығу жасаймыз. Өрт сөндірушінің әр күні қарбаласпен өтеді. Бірде Шәмші ауылдық округінде гараж жанып, алапат өрт оқиғасы тіркелді. Өртті дер кезінде сөндіріп, гараж ішінен газ баллонын алып шықтым. Осындай сәтте адам өлімі болмаса екен дейміз, — дейді жас өрт сөндіруші.

Қиындыққа тап болған жандарға көмек көрсетуге дайын тұратын өрт сөндіруші Мейрамбек кыркүйек айында көп қабатты үйдің бірінде болған қызыл жалынды ауыздықтауға атсалысыпты.
— Есікті бұзып кіргенімде ас бөлмесі жанып, қызыл жалын дәлізге қарай өткен екен. Тұрғындардың «іште адамдар қалды, құтқарыңдар!» деген жанайқайы естіліп жатты. Үстімдегі «боевканы» сулап алып, еңбектеп ішке кірдім. Жерде жатқан қарт әжені құтқарып, сыртқа алып шықтым. Одан соң тағы бір адамды құтқару үшін үйге қайта кірдім. Ол кезде пәтер ішін қап-қара түтін басып, айналаны көру қиынға соқты. Еңбектеп жүріп, екінші адамды да құтқарып, жедел жәрдем қызметкерлері келгенше алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Айта берсем, өрт оқиғалары өте көп болды. Қысты күні өрт сөндіретін қондырғыларымыз қатып қалған сәттер кездесті. Сол кезде арнайы жабдықпен құрылғыны қыздырып, тілсіз жау дер кезінде сөндірілді. Осы тұста қыста да, жазда да аянбай еңбек ететін өрт сөндірушінің қажырлы еңбегі лайықты бағаланса екен, — дейді ол.
Еңбегімен көзге түсіп жүрген №22 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Жасұлан Итемгенов еңбек жолын Хромтау қаласынан бастаған. Осы салада он жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатыр екен.

— Күн сайын түрлі өрт оқиғаларына тіркеліп жатады. Жас өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасқан кезімде көппәтерлі үйдің екінші қабатының өртеніп жатқандығы жөнінде шұғыл қоңырау келіп түсті. Әріптесім Адай Сембин екеуміз үйге балкон арқылы кірдік. Іштен жылаған сәбидің даусы естіліп жатты. Жедел әрекет етіп, анасы мен баласын құтқарып, алғашқы көмек көрсеттік.
Өрт сөндірушілердің жұмысы аса мұқияттылықты, жедел шешім қабылдауды қажет етеді. Жұмыс барысында талай жанның алғысын алдым.
10 жылдық тәжірибемде түрлі өрт оқиғаларының куәгері болдым. Әсіресе жаз айларында орман және дала өрттері жиі тіркеледі. Осындай өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында өртке қарсы құрылымдардың, орман шаруашылығы және медицина қызметкерлері, атқарушы органдардың қатысуымен оқу-жаттығу жиындары өткізіліп тұрады.
Елімізде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекстің 336-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Егер қоқысты жақса, тұрғын үй немесе егін алқабынан өрт шықса, оқиға кезінде адамдар жарақаттанса, онда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындарынан өрт қауіпсіздігі талаптарын барынша сақтауды сұрайды. Сақ және қырағы болуды, төтенше жағдайлар болған кезде, 101, 112 нөмірлерін теріп, құтқару қызметіне хабарласу қажеттігін ескертеді, — дейді Ж.Итемгенов.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



