Адал азамат —Адал еңбек

Металлург Мусиндер

«Мен 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.

Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін  жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді».

Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ

«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.

Әр әулетте жұмысшы мамандығы бойынша еңбек етіп, соның жемісін көріп отырғандар аз емес. Ал Мусиндер отбасының бір ерекшелігі — үйдегі 3 адам бір ұжымда жұмыс істейді, олардың жақын туыстары да кейіпкерлерімізге әріптес. Зауыттың байырғы қызметкерлері болашақта немерелері ата жолын жалғаса дейді.

Биыл мерейлі 60 жасқа толған Асқар Мусин Ақтөбе ферроқорытпа зауытына 1986 жылы жұмысқа орналасқан. Мұндағы еңбек жолын теміржол цехының пойыздарды құрастырушысы ретінде бастаған отағасы көп ұзамай сол кездегі сирек кездесетін мамандық — теміржол кранының машинисі мамандығын Свердловск қаласында игеріп үлгереді. Артынша зайыбы Сәния Самиғоллақызымен танысып, отбасын құрып, екі жас кәсіпорындағы қызметін бірлесе жалғастырады. Қазіргі таңда зауыттағы қайнаған өндірісті, болаттай берік төзім мен еңбекқорлықты қажет ететін жұмысты бес саусағындай білетін ол өткен күндерді ерекше жылылықпен еске алады.

Осы салада еңбек етіп жүргеніме 40 жылға таяп қалды. Ең алғаш жұмыс орныма келгенімде ұжымдағы аға буын өкілдері көмектесіп, зауыттағы қызметтің қыр-сырын үйреткен болатын. Бүгін, міне, өзім шәкірт тәрбиелеп, жастар соңымнан еретін жасқа жеттім. Шүкір, зауытта еңбек етуге ниетті, жұмысшы мамандықтарды игеретін жігіттер мен қыздар көп. Бірақ көбі мұндағы жұмыс тәртібіне шыдамай, басқа салаға ауысып кетіп жатады. Менің ойымша, металлургия саласында тек өз кәсібін жақсы көретіндер ғана тұрақтап қалады.

Бұйыртса, бірер жылда зейнеткерлік демалысқа шығамын. Кезекшілікпен екі күн жұмыс істеп, екі күн тынығамын. Бір қызығы, отбасымның басқа мүшелері — бәріміз бір ауысымдамыз. Бұл, бір жағынан, зауытқа бірге барып-келуге ыңғайлы, үйде де бір уақытта боламыз, — дейді Асқар.

Ерлермен қатар өндірісті өркендетуге үлес қосып жүрген Сәния  еңбекте бағы жанғанын айтады. 1985 жылдан бері әуелі шихта даярлау цехында, кейін теміржол цехында атқыштар бекетінің кезекшісі болып жұмыс істеп келе жатқан ол: «Әрине, өндіріс орнында әйел адамға жұмыс істеу өте қиын. Үлкен, қаупі зор техникаларды басқару да жауапкершілік пен шыдамды талап етеді. Әлі есімде, ең алғаш жұмысқа келгенімде қатты қобалжыдым. Техниканың гүрілдеген дыбысы, басқа орта — барлығы үрей туғызды. Дей тұрғанмен шындап кіріссең, қай нәрсені де үйренуге болады екен. Арада 40 жылдай уақыт өткенде өзім шәкірт тәрбиелеуге кірістім. Менің тәлімімнен өткен жас мамандар өз ісінің шеберіне айналды. Солармен мақтанамын. Жалпы, отбасымызбен осы зауыттың тыныс-тіршілігін толық білеміз. Тіпті үйде де әңгімеміздің арқауы — осы өндірістегі жұмыс», — деп күлді отанасы.

Ерлі-зайыпты металлургтер Асқар мен Сәния екі бала тәрбиелеп отыр. Кішкентайынан әке-шешесінің зауыттағы жұмысына қанық Талғат та осы жолды қуып, Алматы энергетика және байланыс университетінде энергетик мамандығы бойынша оқып шықты. 2020 жылдан бері Ақтөбе ферроқорытпа зауытына қарасты электр станциясында қызмет етіп келеді. Сөйтіп, бір үйден үш адам ортақ ұжымда қызмет етіп, еңбекшілер династиясын қалыптастырып келе жатыр.

Металлургия саласындағы ұрпақтар сабақтастығын әдемі жалғастырып келе жатқан әулетте Асқар Мусиннің інісі мен келінінің де үлесі бар.Амангелді Мекешұлы көлік цехында жүргізуші болса, ал оның келіншегі Шолпан — теміржол цехының белді қызметкері. Екеуінің де бұл істе тәжірибесі зор.

— Бұл салада қызмет ету үшін асқан төзімді болуың шарт. Өйткені ұжымдық жұмыс болғандықтан, бәрі бір-біріне тікелей байланысты. Біреуі мүлт кетсе, бұл басқаларға да әсер етеді. Әйткенмен жұмысымыз өзімізге ұнайды. Жақында жолдасым екеуміз осы жерден зейнетке шыққалы отырмыз. Осы саланы балаларымыз, немерелеріміз таңдаса, тек қуанатын едік.

Еңбектің еленгені жақсы. Осы жағынан басшылыққа өкпеміз жоқ. Жыл сайын біздің еңбекшілер әулетімізді атаусыз қалдырмай, мерейімізді өсіріп жатады. Өзіміз де соны бағалап, ұжымдағы барлық жасты еңбекке баулып, білгенімізді үйретіп, қолдан келгенше бағыттап отырамыз.  Үлкендігімізді көрсетіп, мейлінше қамқорлауға, басшылыққа жастардың жағдайын айтып, қолдауға тырысамыз, — дейді Амангелді Мусин.

Бір әулеттен шыққан 5 жұмысшы мамандықтың иесі зауыттың қоғамдық жұмыстарына да атсалысып, спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шаралардан қалмайды. Белсенді. Осының барлығы ескерілген болуы керек, зауыттың 70 жылдығында Асқарға басшылығы су жаңа «Skoda Rapid» маркалы көлік мінгізді. «2013 жылы осындай сыйға ие болғанымда, әлбетте, қатты қуандым. Бұл ең бірінші кезекте көп жылғы еңбегім мен өндірісте екі идеямды сәтті іске асырғаным үшін берілді. Өндірісте енгізген жаңа технологиялық ыдысым шынымен бірталай мәселені шешті. Әсіресе қыс мезгілінде таптырмайтын жабдықтың пайдасы мол», — дейді ол.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button