Асхат Шахаров ауа райының қолайсыздығына байланысты шұғыл түрде төтенше жағдайлар отырысын өткізді
«Қазгидрометтің» болжамына сәйкес, 14 қазанға дейін ауа-райы жауын-шашынды болады, арты қарға ұласады.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров шұғыл түрде төтенше жағдайлар бойынша штаб отырысын өткізді. Онда ауа райының қолайсыздығынан туындауы мүмкін мәселелерді дереу шешуге дайындықты ұйымдастыру мәселесі қаралып, жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Өңір басшысы тұрғындар төтенше жағдайға тап болған мезетте тәулік бойы қызмет көрсететін 109 Ахуалдық орталығы немесе 112 құтқару нөміріне хабарласа алатынын еске салды.
Асхат Шахаров биылғы қыста республикалық жолдарда көліктердің тұрып қалуына әсер еткен бірнеше факторды атап өтіп, оның шешілу жолдарын айтты. Сондай-ақ, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарында күрделі жағдайларды болдырмауға бағытталған барлық шараны уақытылы қабылдауды міндеттеді.
«Республикалық тас жолдарға, әсіресе «Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Қостанай» бағытындағы жолдарға дер кезінде қызмет көрсетуге қажетті техникалар мен инертті материалдар қорын дайындау аса маңызды. Тиісті апаттық-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдарының дайындығын қамтамасыз ету қажет. Жол жабуға қатысты шешім құзырлы органдармен бірлесе шешілу керек», – деді Асхат Шахаров.
Сондай-ақ, әкім елді мекендерде электр қуатының авариялық ажырауы – ауа-райы күрт нашарлаған кезде күрделі мәселелердің бірі екенін тілге тиек етті. Энергетика басқармасына авариялық қызмет көрсету бригадалары мен резервті генераторлардың дайындығын қамтамасыз ету жүктелді. Ал кәсіпкерлік басқармасына аудандардағы жанар-жағармай және азық-түлік қорын бақылауға алу тапсырылды.
Айтып өтейік, Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, төтеншежағдайларға ден қою үшін азаматтық қорғау құрылымының күштері мен құралдарынан 1567 адам және 455 бірлік техниканың әзірлігіпысықталған. Республикалық және облыстық маңызы бар трассаларда қар құрсауында қалған азаматтарға көмек көрсету үшін 129 жылыту пункті, оның ішінде Самара-Шымкент тас жолының бойында 46 жылыту пункті, сондай-ақ, қысқы кезеңде жұмыс істейтін 3 трассалық медициналық-құтқару пункті дайын.
«Самара-Шымкент» автожолының 791-819 шақырымында «Сине Мидас Строй» ЖШС үздіксіз және қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында қажетті 10 арнайы техникасын жұмылдырып, тайғаққа қарсы материалдар дайындауда. «ҚАЖсервис» ЖШС Ақтөбе облыстық филиалының 6 жол пайдалану бөлімшесі, 12 жол пайдалану пунктісі республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолдары желісінің 1752 шақырымына күтіп-ұстау жұмыстарын атқарады.
Д.АЙДАР.