Желтоқсан куәгері
Ұстаз
Мұғалжарлық мұғалім Макура Темірқызы — Жаңажол жалпы білім беретін мектебінің зейнеткер ұстазы. 35 жыл бойы кәсіби мерекесін білім ордасында ұжымымен қарсы алған ұстаз, биыл зейнет жасына толды. Өзі айтпақшы: «Ұстаз атыма зейнеткер деген тіркес қосылды. Зейнеткерлік өмірдің орта жолында қосылатын атау болса, ұстаз — мәңгілік есім». Ол — Желтоқсан оқиғасының куәгері. Сұхбат барысында М.Сейсоваға ұстаздық жол оңай келмегенін де білдік.
Естелікке толы өмір жолын тізбектей баяндаған Макура Сейсова Мұғалжар ауданында туған. Ол жағасын жағалай бұлақ қоршаған, табиғаты әдемі, тарихы тағылымға толы жерін мақтан тұтады. Туған жеріне деген махаббаты оның болашақ мамандығының майталманы болуына ықпал жасапты.
—Жағабұлақ ауылында дүниеге келдім. Ауылымыздың атауы Жағабұлақ болғанымен, көбі Жаңажол деп таниды. Осы мекенде 1970 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттадым. Бізге білім берген ұстаздардың талабы мен білімі өмірімізге үлкен азық болды. Өз жерімнің табиғатына қызығып, үлкендерден ескі, есті әңгімелерді теріп, қойын дәптеріме жазып жүретінмін. Кейін 1980 жылы онжылдық мектепті аяқтаған соң, ауылдың комсомол жастары делегациясына мүше болып, қой бағуға аттандық. «Алау-80» деп аталатын делегацияда екі жыл бойы еңбек еттім. Қойды семірту, баптау, маусымдық күтім түрлерін жасау әдістерін бригадир, ауыл ақсақалы Рысбай Омаров деген атамыздан үйрендік. Баптаған қойымызды бордақылап, етін ет комбинатына тапсыратын едік. Ол дәуірдің өмір сүру салты ерекше еді. Біз тәрізді жастар еңбекке ерте араласатын. Сол шаруашылықта жүріп шөптің түрлерін, топырақты зерттей бастадым. Қызығушылығым артып, екіжылдық еңбектен кейін, ата-анамның батасымен үлкен қалаға арман қуып кеттім, — деген ұстаз балалық шағына бір оралып, әңгімесін жалғай түсті. Білім қуған бойжеткен Алматы зооветеринарлық институтының дайындық курсына оқуға түседі. Біржылдық тынымсыз дайындық арқасында 1-курсқа қабылданып, студент атанады.
— 1984 жылы Алматы зооветеринарлық институтына түстім. Қызығы мол студенттік өмірдің алғашқы жылдары. Ауылдан барған бізге үлкен қаланың талабына үйрену қиын болды. Дәріс беретін ұстаздарға өзімнің жинаған деректерімді көрсетіп, жобаларға қатысып жүретінмін. Сол жылдары рухты жастар арасында үлкен мәселе көтеріліп жүргенін еститін едік. Содан 1986 жылы дәрісте отырғанымызда бір топ адам келіп: «Алаңға шығыңыздар, жиналыс болғалы жатыр», — деп бәрімізді ала кетті. Не болып жатқанынан бейхабар күйде алаңға бардық. Жақындаған сәтте полиция қызметкерлері мен әскери адамдар бізге қарай жүгіре жөнелді. Қасымда құрбым болатын. Не істерімізді білмей, әскери адамдардың қолына түстік. Автобусқа жұлқылай мінгізіп, торға қамады. Аты-жөнімізді сұрап, тіркеп алды. Біз оқуымыздан шығып кетпеу үшін жалған есімді атадық. Өзімді «Сиқымбаева Гүлмира» деп таныстырғаным әлі есімді. Алаң қызыл қанға боялған. Аяусыз шабуыл жасалып жатқан көріністі көру өте ауыр болды. Сол сәтте алғаш Алматыға келгенімізде дайындық курсында бірге оқыған Сабыр деген досымды кезіктіріп қалдым. Полиция қызметкері екен. Содан бізді дереу босатып, алаңнан шығыпкетуімізге көмектесті. Ол адам кезікпегенде не болар еді…Мүмкін оқудан шеттетіліп, ұстаздық жолға келмес пе едім… Жазықсыз жапа шеккен жастардың бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Жыл сайын желтоқсан айы жақындағанда көңіліміз толқып, сол бір сәт ойымызға оралып, ауыр күй кешеміз. Араға екі жыл уақыт салып, биология пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Сөйтіп, алып-ұшып ауылыма аттандым, — деді М.Темірқызы. Тілдесу барысында тамағына тығылған өксікті де байқадық. Әрине, көзбен көрген куәгерге бұл оқиғаны баяндап беру де ауыр. Сөйтіп, жас маман ауыл мектебіне жұмысқа орналасады. Кейін Айдар деген ауыл жігітіне тұрмысқа шығып, үлкен әулеттің келіні атанады. Өмірге 3 перзент әкелген аяулы ана қазір немере-жиендерінің қызығын көріп отырған асыл әже болды. Еңбек жолында түрлі марапаттар мен Құрмет грамоталарын алып, «Желтоқсан куәгері» төсбелгісімен де марапатталған.
— Өзім білім алған білім ордасына жұмысқа орналасуды бала күннен армандадым. Мен де осы ағай, апайлар тәрізді сабақ берсем ғой деп көз алдыма өзімнің болашақ бейнемді елестететінмін. Мектеп ұжымы өте жақсы болды. Оқушыларымыз да білімді, тәртіпті болып шықты. Оларды білім бәйгелеріне, жоғары оқу орнына түсуге дайындадық. Нәтижесінде жүделі орын мен грант иегерлері атанғандар көп болды. Арасында белгілі ұстаздар, дәрігерлер, спортшылар да бар. Ұстаздар ұжымы болып түрлі білім, өнер байқауларына қатысатынбыз. Әлі есімде бірдей киім тіктіріп, хормен ән айтып, қойылым қойып, би билеп, аудандық, облыстық бәйгелерден жүлде алып келетінбіз. Айта берсем естелік өте көп. Сөзімді қорытындылай келе білім алған, ұстаздық еткен, жақында 75 жылдық мерейтойы болған Жаңажол жалпы білім беретін мектеп ұжымына, ардагер ұстаздарына өз алғысымды білдіремін. Сондай ұстаздармен әріптес болғаныма мақтанамын. Ұстаздар мерекесі баршамызға құтты болсын. Ардақты есімді арқалаған ұстаз есімі әрқашан биіктей берсін, — деп өзінің ақжарма тілегін жолдады.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.