Білім беру округтері құрылады
Форум
Ақтөбеде облыстық білім басқармасы мен облыстық әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен «Білім беру округтері — білім сапасын арттырудың негізгі ресурсы» атты облыстық форум өтті. Оған облыстық білім басқармасы өкілдері, аумақтық білім беру округтері, мектепке дейінгі және қосымша білім беру мекемелері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының директорлары қатысты.
Іс-шараның мақсаты — білім сапасын арттыруда аумақтық білім беру округтеріне әдістемелік, ғылыми-зерттеушілік, талдамалық және сараптамалық қолдау көрсету.
Форумның пленарлық отырысында облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан білім беру сапасын жақсарту бағытындағы кешенді іс-шараларға тоқталып, білім беру сапасын арттыру үшін ауылдық тірек және шағын жинақты мектептерде жекелеген пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдері енгізілетінін атап өтті.
— Ақтөбе қаласында білім беру округтері құрылады. Атап айтқанда, Әл- Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназия мен Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназия тірек мектебіне айналып, төмен нысаналы мектептерді қолдайтын болады. Өңірдегі шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологиялар арқылы дамыту жобасы өткен жылы жүзеге асырылды. Жоба аясында арнайы оқу орындарының мұғалімдері оқу үдерісіне қатысып, оқу бағдарламалары жасалып, әдістемелік ұсыныстар дайындалды. Нәтижесінде қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты 5 пайызға қысқартуға қол жеткіздік. Бұл — жақсы көрсеткіш. Сондықтан бұл әдісті жалғастыра береміз
Бүгінгі таңда балабақшалардағы қызмет көрсету сапасын арттыру мәселесі де өзекті болып отыр. Биыл Бас прокуратураның тапсырмасымен барлық балабақша қызметі тексерілді. Мектепке дейінгі мекемелерді тексеру кезінде тамақтану, балалардың қауіпсіздігі, бюджет қаражатының жұмсалуы, санитарлық-гигиеналық және өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша көптеген кемшіліктер анықталды. Балабақшаларда балалардың қауіпсіз және жайлы өмір сүруіне жағдай жасау үшін жұмыс істейтін боламыз. Ата-аналармен жұмыс жасау үшін балабақшаларда кеңес беру пункттері ашылды, — деді ол.
Форум барысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова «Білім беру округтері» жобасының Ақтөбе облысы бойынша жүзеге асырылуы жөнінде мағлұмат беріп, білім беру ұйымдарында қауіпсіз ортаны құруға көбірек көңіл бөлу керектігіне тоқталды.
Сондай-ақ Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-гимназияның директоры Абзал Амантайұлы «Мектептегі сапаны басқарудағы басымдықтар», Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған мектеп-гимназия директоры Маржанкүл Тойшыманова «Мектептегі сапаны басқарудағы басымдықтар» тақырыбында сөз қозғап, білім сапасын арттырудың нақты жолдары мен әдістері туралы тәжірибелерімен бөлісті.
— Дінмұхамед Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясында мұғалімдерді ынталандыру мақсатында «Үздік жас маман» марафоны ұйымдастырылып тұрады. Конкурстың мақсаты — жас педагогтердің жұмысын ынталандыру, өзара тәжірибе алмасу. Конкурс-марафонға қатысушыларға сыйақы беріледі. Осындай ынталандыру тетіктерін енгізу әр мұғалімді жігерлендіріп, олардың кәсіби шыңдалуына мүмкіндік береді, — дейді мектеп директоры.
Форум «Жаңа білім кеңістігі: мүмкіндіктер әлеміне саяхат» атты пленарлық отырыспен жалғасып, қосымша білім берудің тиімді тұстары талқыланды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.