Білім

Қос математиктің дәрісі

Нұрболат Құлжабаев пен оның зайыбы Айсұлу Қопаева —математика пәнінің мұғалімдері. Қазір олар Ақтөбе қаласындағы №10 орта мектепте математика пәнінен сабақ береді.Қос ұстаз биыл Шалқар ауданы Жылтыр ауылынан қалаға қоныс аударыпты. Екеуі де Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген.  Нұрболат 2007 жылы  оқу орнын тәмамдағаннан кейін алғашқы еңбек жолын Шалқар ауданы Қотыртас ауылындағы Ақтоғай орта мектебінен бастайды. Ал Айсұлу 2010 жылы «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша осы ауылға жас маман болып келді.Екі жас осы білім ордасында танысып, бас қосады. Осылайша жастар ауыл балаларын білім нәрімен сусындатты. Кейін 2011 жылы Жылтыр ауылындағы Төлтай Шанов атындағы мектепке ауысады. Жас отбасы еңбекке құлшына кірісті, тынбай еңбек етті. Ізденімпаз ұстаз еңбегінің нәтижесі — оқушыларының математика пәніне деген қызығушылығының жоғары болуы. Бұл ретте екі мұғалімнің де еңбегі жанды. Оқушылары аудандық, облыстық жарыстардан орын алды.

— Математика логиканы дамытады, тез шешім қабылдауға үйретеді. Математикаға жүйрік бала, кез келген ақпаратты сүзгіден өткізіп барып қабылдайды. Тек есеп шығару емес, өмірдегі түрлі мәселеге анализ жасауға бейімделеді. Жиырма жылға жуық уақыт ауыл балаларына сабақ бердім. Әр баланың мінезі, сабақты қабылдауы әртүрлі.Ал білікті ұстаз әр баланың жүрегіне жол таба білуі керек. Оқушыларымыз аудандық, облыстық жарыстардан топ жарды. Мұғалім үшін бұдан артық жетістік жоқ. Ал биылдан бастап облыс орталығына қоныс аудардық. Әрине, қала мен ауылдың айырмашылығы бар. Біріншіден, бала саны көп, екіншіден, қалада мұғалімнің жан-жақты дамуы үшін мүмкіндік те мол, — дейді Нұрболат.

Нұрболат пен Айсұлу да математикадан әр жылдары ұйымдастырылған  облыстық, аудандық сайыстарда үздік атанды. Айсұлу республикалық «Үздік сабақ жоспары» жарысынан бірінші орын алды. Қос ұстаз қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Тоғызқұмалақ, волейбол секілді спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылданады. Мұғалімдер арасында өтетін түрлі жарыстар мен семинарлардан қалмайды.

Мұғалім тек қана сабақ беріп қоймайды. Баланың жан-жақты дамуы үшін де тынбай еңбектенеді. Қазіргі технология дамыған заманда мұғалімдер де білімін жетілдіріп, заманауи әдістерден қалмауы керек. Сондықтан үнемі ізденісте боламыз, — дейді Айсұлу Қопаева.

Математиктердің отбасында Еркежан, Нұржігіт есімді  балақайлар өсіп келеді.

Нұржігіт биыл бірінші сыныпқа барыпты. Отбасы мен жұмысты қатар алып жүрген, ұрпақ тәрбиесінде өнеге мен тәрбиені сіңіре білген ұстаздарға сәттілік тілейміз.

Айару РҮСТЕМ,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button