Жаңалықтар

Іскер әйелдер бас қосты

Форум

Ақтөбеде «Түркі мәдениеті: бірегейлікті сақтап, әйелдерді біріктіру» атты халықаралық форум өтті.

Жиынға бизнес, мәдениет және ғылым-білім саласында табысты еңбек етіп жүрген ақтөбелік қыз-келіншектермен қатар, Түркиядан келген делегация да қатысты. Туыс елден келген делегацияның құрамында «Сұлтан аналар» («Sultan anneler») ауылдық қауымдастығы федерациясының өкілдері болды.

Amanat партиясының облыстық филиалының жанындағы әйелдер қанаты, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен облыстық іскер әйелдер қауымдастығы бірігіп ұйымдастырған форумның аясына қолөнер көрмесі, қазақтың киіз үйі туралы кітаптың тұсаукесері, бизнесте табысқа жеткен қазақстандық және түркиялық әйелдер туралы көрсетілімдер, тәжірибе алмасу, т.б. қызықты әрі тағылымды іс-шаралар топтастырылды. Сонымен қатар екі халықтың ортақ құндылықтары, салт-дәстүрлері, түркі мәдениетін дамыту мәселелері де қозғалды.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі.

Әйел-аналар ұлттың қолөнерін, салт-дәстүрін, құндылықтарын сақтап, кейінгі ұрпаққа жалғау ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Мұны өзіміз бала кезден көріп өстік. Аналарымыздың, олардың апа-сіңлілерінің қолынан шыққан құрақ көрпелер, басқа да бұйымдар үйдің сәнін келтіріп тұрушы еді. Қазір де сол дәстүрдің үзілмей, қайта ерекше қарқын алып, жалғасын тауып жатқанына қуанамыз. Бүгінгі жиынға сонау Түркия елінен арнайы келген іскер ханымдар да өздеріңізбен тәжірибе бөліседі. Екі халық — тамыры бір, туысқан халықтар. Осы форум екі елдің арасындағы іскерлік байланыстарды нығайта түсуге септігін тигізеді деп үміттенеміз, — деді Ғалымжан Елеуов.

Жиындағы ерекше сәттің бірі — белгілі қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызының «Киіз үй» кітабының тұсаукесері болды. Автор — бүгінге дейін қазақтың көшпелі өмір салтын сақтап, киіз үйді баспана етіп отырған Моңғолия қазақтарының өкілі. Өзі айтқандай, киіз үйде туып-өсіп, киіз үйден ұзатылып, киіз үйге келін болып түскен адам. Қазақстанға біржола көшіп келгеннен кейін, алдымен Алматыда тұрған, ал кейінгі жылдары арнайы шақыртумен Ақтөбеге келіп, осында еңбек етіп жатыр. Кітапта киіз үй жасау үшін ағашын таңдау мен жүн басудан бастап, ішкі-сыртқы барлық бөлшегінің әзірленуі жөнінде егжей-тегжейлі мәліметтер берілген.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласы мен аудандардан келген қолөнерші қыз-келіншектердің көрмесі де жұрт назарын айрықша аударды. Ұйыстырған жүннен әзірленген киімдер мен сөмкелер, бір-біріне ұқсамайтын, әдемі құрақ көрпелер, ұлттық нақыштағы киім түрлері, сәндік бұйымдар, ойыншықтардың сан алуан түрі — бәрі де өз ортамызда жүрген шеберлердің қолынан шыққан дүниелер.

«Сұлтан аналар» ауылдық қауымдастығы федерациясының президенті Сермин Джакаоглу аталған ұйымның атқарған істері жөнінде баяндады, жиында бұл туралы арнайы фильм де көрсетілді. Түркияның Бурса қаласына таяу, сонау Осман империясының кезінен бар ауылдың жастары жұмыс таппай, қыз-келіншектер тек үй шаруасынан аса алмай, ауыл тарай бастайды. Сол тұста ауқаттылау адамдардың үйін аралай жүріп, соңына 9 әйелді ертіп, топ құрып іске кіріскен Сермин ханым сол ауылдың еңсе тіктеуіне ғана емес, көркейіп, үлкен туристік мекенге айналуына да жол ашыпты. Оның айтуынша, бастапқы 5 жылда еш табыс таппай, тегін жұмыс істеп жүргенмен бірдей болыпты. Ал бүгінгі күні томат, бұрыш пастасын, түрлі тосаптар өндіріп, туристерге қызмет ететін дәмханалар ашып, өз істерін жолға қоюмен қатар, ауылдағы қыздардың білім алуына, тұрмысқа шыққанда жасауын түгендеуге көмектесіп, қайырымдылық істеуге де мүмкіндіктері бар.

Көмек сұрап келген қыздың қолына қаржы ұстата салмаймыз. Алдымен ол біздің ортамызға келіп, еңбек етуі керек. Оған еңбекақыны екі есе қоямыз. Сонымен бірге үлкенді сыйлау, отбасы құндылықтарын қадірлеу сынды тәрбиеге көңіл бөлеміз. Сөйтіп, әрі адамгершілікке, әрі еңбекке баулимыз. Сонда ғана ол біздің көмегімізге лайық. Біздің қолдауымыздың арқасында білім алып, инженер, дәрігер болып шыққан қыздар бар. Арнайы келіп, рақметін айтып тұрады, — деді Сермин ханым.

Жиында сондай-ақоблыстық мәслихат хатшысы Гүлқасима Сүйінтаева, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Маржан Қорғанбаева, облыстық мәслихаттың депутаты Күлшат Масалимова, облыстық еңбек мобильдігі орталығының директоры Алтынай Маханова, ақтөбелік және түркиялық іскер әйелдер сөз сөйледі.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button