«Ақтөбе жастары» бағдарламасының үміткерлері анықталды
Баспана
Биыл 12-26 тамыз аралығында «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасына қатысуға құжаттар қабылданды. Азаматтар құжатты электронды форматта https://eaqtobe.kz/ платформасы арқылы жолдады.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мейірхан Ермағамбетовтің айтуынша, барлығы 1834 өтінім түссе, соның ішінде құжаттары толық және бағдарлама шарттарына сәйкес келмейтін 1226 өтінімге теріс шешім берілді. Ал 608 өтінімге іріктеу комиссиясымен бағалау жүргізілді. Оның ішінде 1-ден 70-ке дейінгі үміткер негізгі тізімге, 71-168 үміткер қосалқы тізімге енгізілді. Ескеретін бір жағдай, егер негізгі тізімге енген үміткерлердің кейбірі төлем қабілеттілігін растай алмаса, қосалқы тізімдегі өтініш берушіге мүмкіндік беріледі.
— Комиссия отырыстары ашықтық, айқындық қағидаттарын берік ұстанды. Онлайн-трансляция режимінде өткен отырыстардың барлық жазбалары Instagram әлеуметтік желісінде Jasaqtobe ресми аккаунтында сақталды, — деді басқарма басшысы.
Бағдарлама 35 жасқа дейінгі жастарға жеңілдікпен баспаналы болуға мүмкіндік береді. Ерекшелігі сол — жұмыс істейтін аудан және ауыл жастарына басымдық берілді. Сонымен қоса өтініш берушінің сатып алатын баспанасы бастапқы және қайталама нарықтан және жұмыс орны орналасқан әкімшілік бөлініс аумағында болуға тиіс. Мәселен, жұмыс орны Хромтау ауданы Дөң ауылында орналасқан болса, тұрғын үйді аудан орталығынан немесе ауданның басқа ауылынан сатып алуға болады. Тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға 1 млрд теңге бөлінді. Оның 500 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.